Баба Түкті Шашты Әзіз әулие туралы да нақты келісілген тарихи дерек жоқ. Себебі қай ғасырда өмір сүргендігі жөнінде тарихшы ғалымдар тарапынан нақты емес. Дегенмен қазақ халқы өз тарихын хатқа жазып, сарайларда сақтамаған. Біздің тарих тасқа қашалып одан қалса ауыз әдебиеті үлгісінде яғни таңнан таңға жалғасқан тарихи жыр дастандар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. Енді осы Шашты Әзіз әулие турасында бізге жеткен аңыз әпсаналарды жазып көрелік. Баба Түкті Шашты Әзіз туралы мәлімет әрине батырлар жыры арқылы таныс. Әулиенің кесенесі қазіргі уақытта Түркістан облысы Созақ ауданы Құмкент ауылы Үшбас өзенінің аңғары құлайтын алқапта Жылыбұлақ бастауының түбінде жатыр. Жоғарыда жазғанымыздай әулие туралы мәліметтер аңыз, әпсана ертегі күйінде ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. Сол себепті Шашты Әзіз әулие дәл мына ғасырда өмір сүрген адам деп айта алмаймыз. Үмбетей жыраудың:
«Мен пайғамбардан бастасам,
Әңгімеге кетемін,
Едігеден бастасам,
Ертегіге кетермін», – дейтіні осы себепті болса керек.
Бір деректе оның шын есімі Баба Туклас. Оның әкесі керемет Әзіз. Баба Туклас Меккеде патша болған деп айтылады. Бұл жөнінде әйгілі Сыпыра жырау Тоқтамыс ханға Едігені таныстыру үстінде:
«Оның арғы бабасын мен айтсам, Шашты Әзіз деген нәрт еді.
Қағбада қырық жыл патшалық қүрған мәрт еді» деп жырлайды.
Енді бір деректер бойынша ол Қожа Ахмет Ясауидің арғы бабалары, ислам діні Орта Азияға тарай бастағанда өмір сүрген кісі, Қорқыттың замандасы, (VIII-XI ғ.ғ.), үшінші мәлімет бойынша Баба Тукластың баласы Еділ-Жайыққа дейін келген, оның Құтлыбек деген ұлынан Едіге батыр туған. Баба Түкті Шашты Әзіз мұсылмандар арасында әулие саналған. Ертеде Меккеге қажыға барушылар ең алдымен Мұхаммедтің, онан соң Әлем-Мұзтазы Сейіттің, содан соң осы Шашты Әзіздің қабіріне барып тауап ететін болған» деседі. Этнограф Шоқан Уәлиханов жазбаларында ол Баба Құмар (бір жерлерде Омар, Ғұмар) деген әулиенің баласы. Құмардың көзі бір сұлуға (кейбір аңызда перінің қызы) түскен екен. Ол содан ғайыптан жүкті болып калып, осы бала туады. Баланың үсті-басын түк басқан, ерекше жан болып туылғаннан кейін оны еріксіз Баба Түкті Шашты Әзіз деп кеткен екен дейді.
Баба Түкті Шашты Әзіз туралы Байбота Серікбайұлы орыс, парсы, түрік тілінде жазылған мәліметтерді салыстыра келе Шашты Әзіздің азан шақырып қойған аты Ықылас деп түйеді. Көптеген жазба деректерде Баба Туклас болып жазылған. Ал сол Туклас Түкті Ықылас болуы да мүмкін екен. Себебі тарихи деректердің барлығы дерлік өзге ұлт өкілдерінің қолымен жазылған. Түкті Ықылас сөзі айтушыдан жазып алынғанда Туклас болып естілуі табиғи деп түйіндейді тарихшы Д.Тұрантегі. Кейбір деректерде әулиені сахаба Әбу Бәкірден тараған қожалар әулетінен шыққан деп жатады. Бірақ қожаларға байланысты шежірелердің бірде-бірінде Баба Туклас сөзі кездеспепті. Мәселен төмендегі мына шежірені алып қарайық. Қажыға барған қазақтар атты кітапта («Ана тілі» баспасы, 1996 ж.): «Қожа Ахмет Иассауидің әкесі Баба Түкті Шашты Әзіз...» деп жазылған. Ең соңғы табылған «Насаб-наме» атты енбекте Баба Түкті Шашты Әзізге қожалар әулетінің ешқайсысынан орын берілмеген. Садыр-ад-Дин шейх риссаласында былай жазылған: «Хазірет Әли-Шаһ и-Марданның хазірет Фатимадан үш ұлы болған: имам Хасан, имам Хусейін, үшінші ұлы имам Мұхассан жас кезінде кайтыс болған. Имам Хасанның он төрт ұлы, имам Хусейіннің алты ұлы, бес кызы болған. Әли Акбар, Әли Ғасқар, Жағфар, Абдаллах, Абу Бакр, Ибрахим, Хазірет Әлінің һамана патшасы Жаһһар ибн Қайыс қызынан Мұхаммед Қанафия туған... («Иассауи Тағлымы». Түркістан баспасы. 1996, 117-бет). Рисаланы одан әрі оқи отырып, жоғарыда айтылған Мұхаммед Ханафия ұрпақтары Мауреннахр, Түркістан, Жетісу, Теңіз, Сырдария халықтарын исламға қарату жолындағы соғыстарын айта келіп: «...пайғамбар ұрпақтары, Мұхалистер! Біліңіздер: Исқақ Бап тегі туралы айтылып жатыр. Біл! Исқақ бабтың баласы Харун шейх, оның баласы Омар шейх, онын баласы Ифтихар шейх, оның баласы Махмут шейх, оның баласы Ілияс шейх, оның баласы Ибрахим шейх, оның баласы Сұлтан Қожа Ахмет Иассауи. Алла тағала оның силсаласының берекесін берсін. Қияметке дейін көбейтсін».
Қолдағы деректерге қарағанда Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі 7 рет тұрғызылды немесе жаңартылды деуге негіз бар. Оның ең ежелгісі – қайтыс болған кезде тұрғызылған белгі тас.
Екіншісіне Алпамыс батыр жырының куәлік беруі бойынша Аналық анамыз тас белгінің үстіне тас қойғаны қисынға келіп тұр. Үшіншісі Құмкент шаһарында туып өскен, Алтын Орда тарихында әскер басшыларының басында тұрған, 15 жылдай билігін өткізген Едіге батыр тұрғызды деген деректер молынан ұшырасады. Төртінші рет кесенені ұрпақтары ХІХ ғасырдың аяғында тұрғыза бастайды. Содан кейін 1916 жылы бір бөлігіне дейін қызу қарқынмен жүреді. Бірақ толық аяқталмай қалып, келер ұрпақ жамап-жасқап, біздің заманымызға жеткізеді. Бесінші рет кесенені 1925 жылы жөндеуден өткізген. Түймекенттік Темірбек, Арынбек Қауымбек, Жолан Қалқаманұлы Шаяннан Қадір баба қожа, шырақшы Амантай Оспан қожа, Әлмұхамбет Сапарұлы қатысты. Қол қойып, келер ұрпаққа із қалдырушылар – Болтай Арғынбайұлы, Жолан Қалқаманұлы. Алтыншы рет кесенені 1996 жылы қайта қалау үстінде дуалға қоса қаланған қобдишаның ішінен бір бума қағаз шыққан. Шора Арынбеков ескіше сауаты бар кісілерге көрсетіп, аударып, қобдишаны қайта қалап жіберген. Серікжан Сейтжанов бауырымыздың өз қаржысына үш айдың көлемінде, соңғы сәулеттік шешімге сай жаңа кесене салуы баба кесенесінің жетінші рет жаңаруы деуге болады. Шашты Әзіз әулиенің сағанасына ең алғашқы белгіні Алпамыс батырдың әкесі Байбөрі мен анасы Аналық әжеміз қойған деген аңыз бар. Жырда «Моласы жоқ, тамы жоқ, жап-жаланаш жер еді» делінеді ғой. Сол жерге Аналық тас үйіп, белгі соғуға кіріскенде, қойған тастары өзінен-өзі жымдасып, бой көтере бастапты-мыс. Одан кейін сағананы Едіге батыр соқтырады. Бұл туралы В. Бартольдта, біздің дәуірімізде жазушы С. Бақбергеновте жазған.Қалай десекте Баба Түкті Шашты Әзіз әулие ежелгі түркі жұртының ортақ пірі. Қазіргі таңда басына зиярат етіп келушілер елімізді қойғанда алыс-жақын шетелден де келіп тұрады. Әулие бабаның рухы елімен бірге болсын. Бұл әулие бабаның тарихына қатысты негізгі деректер Д.Тұрантегі және басқа да жергілікті тарихшы ғалымдардың зерттеу еңбектері пайдаланылды.
Қ.Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Баба Түкті Шашты Әзіз - халық арасында қалған дара тұлға

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru