Түркі мәдениетінің маңызды жетістіктерінің бірі – Наурыз мейрамы. Қыстың ұзақ әрі қатал кезеңінен аман шығып, мал-жанды сақтап қалу ежелгі көшпелі түркі халықтары үшін үлкен қуаныш болған. Негізгі күнкөрісі мал шаруашылығына байланысты болғандықтан, көктемнің келуі мен табиғаттың жаңаруы халық үшін ерекше мәнге ие болып, үлкен мереке ретінде тойланған.
Әз Наурыз – халқымыздың ең көне әрі қастерлі мерекелерінің бірі. Бұл күн – табиғаттың жаңарып, адамдардың бір-біріне ақ тілектер айтып, татулық пен бірлікті нығайтатын ерекше мейрам. Бұл күні әр үйде дастархан жайылып, ұлттық тағамдар, соның ішінде ерекше орынға ие тағам наурыз көже дайындалады. Бұл тағам молшылық пен берекенің белгісі болып саналады. Адамдардың бір-біріне «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деген тілегі халықтың молшылық, береке және бақытқа деген үмітін білдіреді. Сондықтан Наурыз – тек мереке ғана емес, ол жақсылыққа бастайтын, адамдарды ізгілікке шақыратын рухани құндылық. Әр шаңыраққа береке, әр жүрекке қуаныш сыйлайтын бұл мейрам ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін.
Бұл мейрам табиғаттың жаңаруын, көктемнің келуін және жаңа жылдың басталуын білдіреді. Жыл сайын 22 наурыз күні күн мен түн теңеліп, табиғатта жаңару кезеңі басталады. Осы сәт халық үшін жаңа үміт пен жақсылықтың нышаны ретінде қабылданады.
Наурыз мейрамының атауына қатысты да әртүрлі пікірлер кездеседі. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Осыған байланысты кейбір зерттеушілер бұл мерекені шығыс халықтарынан келген деп есептейді. Алайда ғалым А. Тоқтабай бұл мәселеге өзгеше көзқарас білдіреді. Оның пікірінше, XVIII ғасырдың басында жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ халқы атақонысынан ауып, Бұхара, Самарқан, Жиделібайсын өңірлеріне қоныс аударған. Кейін ел азат болып, тарихи мекеніне қайта оралғанда «Наурыз» атауын бірге алып келген. Бұған дейін қазақ халқы бұл мерекені «Ұлыс» немесе «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Уақыт өте келе «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» деген атау кеңінен қолданыла бастаған.
Наурыз мейрамы – халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін айқын көрсететін ерекше күн. Бұл күні адамдар бір-біріне ізгі тілектер айтып, амандық пен татулық тілейді. Әр үйде дастархан жайылып, қонақтар шақырылады. Үлкендер бата беріп, жастар үлкендерге құрмет көрсетеді. Сонымен қатар ұлттық ойындар ойналып, ән айтылып, түрлі дәстүрлі шаралар ұйымдастырылады.
Наурыз мейрамы тек табиғаттың жаңаруымен байланысты ғана емес, ол халықтың рухани дүниетанымымен де тығыз байланысты. Қазақ халқы ислам дінін қабылдағаннан кейін де бұл мерекені сақтап, оны дәстүр мен діни қағидаларға қайшы келмейтін түрде атап өтуді жалғастырды. Осылайша Наурыз халықтың мәдениеті мен рухани құндылықтарының ажырамас бөлігіне айналды.
Наурыз – қазақ халқының этнографиялық болмысын айқындайтын маңызды мәдени мұра. Мереке барысында орындалатын салт-дәстүрлер, ұлттық ойындар, дәстүрлі тағамдар мен түрлі ғұрыптар халықтың өмір салты мен дүниетанымын бейнелейді. Сондықтан Наурыз мейрамы ұлттың мәдени мұрасын сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды құралы болып табылады. Қорыта айтқанда, Әз Наурыз – халқымыздың бірлігін нығайтатын, дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін ұлы мереке. Бұл мейрам адамдарды татулыққа, сыйластыққа және жақсылық пен мейірімділікке үндейді.
Е.Ештай
«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»
бөлімінің маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru