Ауыл – халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір
Ауыл – халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір
28.06.2024
513
0

Араб тіліндегі «قرية» (қория) сөзі – орын, мекен-жай, халықтың немесе қауымның бірін-бірі қолдап, демеу болып өмір сүретін жері деген мағынаға саяды. Ауыл – шағын әкімшілік аумақ болғанымен, өмір сүруі, ұлттық әрі рухани құндылықтарға бай, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі сақталған қауымдастық болып табылады. Тарихтың түрлі кезеңдерінде заманның ағысына қарай ауылдың, елді-мекендердің де жүктемелері өзгеріп отырған. Ауылдың негізгі міндеттері: салтанатты шараларды бірге өткізу, өз аумағын күтіп-баптау және абаттандыру, өскелең ұрпақты әлеуметтік рухта тәрбиелеу, қоғам өмірінде тәртіпті қамтамасыз ету, барлық дәстүрлі нормалардың орындалуына бақылау орнату, әдет-ғұрыптарды сақтау, оны бұзғандарды және қоғамдық шаралардан жалтарғандарға тұрғындар болып шара қолданудан тұрған. Сонымен қатар, төңіректі абаттандыруға байланысты арықтар мен тоғандарды тазалау, көшелер, жолдар салу және басқа да қоғамдық жұмыстарды ауыл халқы біргелікте «асарлатып» жасап отырған.

Ауыл – қоғамның ең маңызды әрі тірек буыны ретінде саналады. Ауыл тұрғындары, көрші-қолаң басыңызға күн түскенде, жақсылық пен жамандықта жаныңыздан ең бірінші табылатын абзал жандар. Елді мекендерде өзіне тоқ болған бай-қуатты адамдармен қатар мақсат-ниеттері өзгелерден кем болмаған, бірақ оны жүзеге асыруда қолы келтелік қылатын, ұлы ержетіп және қызы бойжетіп отырған қаншама отбасылар бар. Асыл дініміз осы іспетті мұқтаждарды назарына алып, байлар мен дәулетті адамдарға бұл отбасыларға, балалары ер жетіп қалған көршілеріне барып, хал-ахуалын сұрап, материалдық тұрғыда барынша көмек көрсетуге шақырады. Белгілі болғандай, ауылдық жерде көрші-қолаңмен тату-тәтті тұрудың маңызы зор. «Алыстағы ағайыннан-жақындағы көршің артық» демекші, құда түсуге келген адамдар ең алдымен көршісімен жолығып, олардың көршісіне берген бағасы арқылы өз әрекеттерін жасаса, болашақ күйеу немесе қалыңдық жайлы ата-аналар ауылдың көнекөз ақсақалдарынан сұрайды. Дегенмен, көрші адам қабырғасы бір деңгейде тұрған көршісі жайлы сұрап келгенде ескіде көңіліне тигені, қуанышты көре алмай жаман пікір білдіру сынды адамилық қасиетке тән болмаған әрекеттерден сақтана отырып, «көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген аталы сөзден аттамауы тиіс. Ал көңіліңе тыныштық пен рақат сыйлайтын ауыл табиғаты мүлде бөлек. Себебі, өзге жерлерге қарағанда ауыл тұрғындары табиғат анаға қамқор болуға бейім. Алла Тағала адамды жаратып, оған рухпен бірге ақыл-парасат берді және жерді әрі ондағы барлық жаратылыстарды адамға аманат етіп, оған қамқорлық жасауды  үлкен жауапкершілікпен жүктеді. Құранда «Бақара» сүресінің 22-аятында: «Ол Алла сендерге жерді төсек, аспанды күмбез етіп жаратты. Аспаннан жаңбыр жаудырып, сендерге ризық болу үшін жерден алуан түрлі жеміс өсірді»,-деген. Алтын бесік болған ауыл халқы бұл міндетке атүсті қарамастан: «Бір тал кессең-он тал ек»,- қағидатын әлі күнге дейін сақтап келеді.

Қазіргі таңда қоршаған орта, жер, су, ауа ластанып, адам денсаулығына зиянын тигізуде. Мұндай ластануға жол берместен табиғатты қорғау, дені сау ұрпақ үшін күресу тек ауыл тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл қоғамның алдындағы адамилік міндет деп есептейміз. Кейбір адамдардың маңайдағы ағаштарды сындырып, қоқыстарды кәрізге тастауына, ауыз суды ысырап етуіне, көшелердегі ағаш жапырақтары мен өзге де ластаушы заттарды өртеп жіберуіне жол бермеу үшін бүкіл жұртшылық күресу қажет.

Ауылдың күші – бірлік пен ынтымақта, қырағылықта. Қоғам мен мемлекет арасындағы алтын көпір саналатын киелі мекенімізді гүлдендіру баршамыздың қолымызда.

 

 Б.Шаймерден

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал, Жетісай ауданындағы маманы                        

 

0 пікір