Тарих тереңінен жеткен осы бір қазақы тәмсіл – тек қана ұрпақ жалғастығы туралы емес. Бұл – өмірдің жалғасуы, іздің өшпеуі, аманаттың табысталуы жайлы терең ұғым. Әр адамның артында қалдырған ізі – оның жасаған ісімен ғана емес, тәрбиелеген ұрпағымен, артында қалдырған құндылығымен өлшенеді.
Қазіргі таңда «Ұрпақ сабақтастығы» ұғымы тек атадан балаға қалған кәсіп не атақпен өлшенбейді. Ол – құндылықтың берілуі, сананың дамуы, тәрбиенің жалғасуы. Бір кездері даланы дүбірлеткен батырлардың ізін бүгінгі зиялылар жалғастырып отыр. Сол сияқты әр ата-ананың өмірлік жолы – баласына бағдар, қоғамға – сабақ.
Қазақта бала тәрбиесі туғаннан емес, құрсақтан басталады деген ұғым бар. Себебі ұрпақ тек қанмен емес, мінезбен, көзқараспен, рухани болмыспен қалыптасады. Егер тай дұрыс жолда жүрмесе, аттың ізі көмескі тартады. Бұл сөздің астарында ата-ана мен қоғамның үлкен жауапкершілігі жатыр.
Бүгінгі қоғамда жас ұрпақтың бойынан үлкендерге тән қасиеттердің жоғалуы, әдеп пен ұят ұғымының әлсіреуі – сол көпірдің үзілуіне әкелетін жайттар. Ал оны қайта жалғау – әр ата-ананың, ұстаздың, ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтың борышы.
Жастар – елдің ертеңі деген сөз көп айтылып, кейде мәнін жоғалта бастайды. Бірақ шын мәнінде бұл – шындықтың өзі. Ертеңгі елдің тағдыры, бағыты, болмысы – бүгінгі жас ұрпақтың рухани және білім деңгейіне байланысты. Қоғамда «Баланың қолынан ештеңе келмейді» деген көзқарас әлі де кездеседі. Алайда бұл – болашақты бағаламау. Тайдың тұяғы ширақ болмаса, аттың жолы бітеді. Сол себепті де ұрпақты ерте бастан тұлға ретінде қарау керек. Тайдың тұяғында аттың үміті тұнып тұр. Бұл – табиғаттың үнсіз заңдылығы.
Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық болмыс пен тәрбиелік мәнге ие ұғымдар көмескіленіп барады. Әр ел өзінің келешегін сақтау үшін дәстүр мен білімнің үйлесімін табуы тиіс. Қазақы тәрбиеде үлкенге құрмет, кішіге ізет, намыс пен абырой – басты орын алған. «Ат тұяғын тай басар» деген – осы құндылықтар жоғалмасын деген ескерту. Бұл жай ғана мақал емес. Бұл – ұлттың ұрпаққа артқан сенімі. Бұл – жалғасып келе жатқан өмірдің тіні. Бұл – ертеңгі күннің қалай боларын бүгін шешетін ұлы жауапкершілік. Осыны түсінген қоғам ғана өркендейді.
Атадан қалған асыл мұра – тек мал-мүлік емес, мінез. Әрбір жаңа ұрпаққа берілер ең үлкен мұра – болмыс, ұстаным және рухани негіз. Бүгінгі жас – ертеңгі шешен, ұстаз, көшбасшы. Ал сол болашақ бүгінгі тәрбиеден басталады.
Ұрпақтар арасындағы сабақтастық – тек қан арқылы ғана емес, жан арқылы да жалғасады. Жас ұрпақ ата жолын жалғастырумен қатар, оны заман талабына сай икемдеп, ұлттық болмыс пен заманауи ойдың үйлесімін табуы тиіс. Бұл – оңай жол емес. Бірақ осы жолмен жүрген ғана өз халқына, өз еліне шын мәнінде пайда әкеледі.
Әрбір ата-ана бір қоғамның қалыптасуына үлес қосып отырған құрылысшы. Олар салған негізге қарай, болашақтың биіктігі өлшенеді. Баланың бойындағы тәртіп, сабыр, көркем мінез-құлық, еңбекқорлық, білімге құштарлық сияқты қасиеттер отбасынан басталатын құндылықтар. Бұл қасиеттер ұрпақтан ұрпаққа жалғасқанда ғана, біз шын мәнінде «Тай – тұлпар болды» деп айта аламыз.
М.Серікұлы
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru