Астыртын жастарды арбаған қайырымды пансионаттар
Астыртын жастарды арбаған қайырымды пансионаттар
14.11.2024
385
0

      Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бастап еліміздің табиғи ресурстарын тиімді пайдалану жолдарын қарастыру, экономикасына инвестиция салу мақсатында шетелдік компаниялармен қатар, түрлі діни топтарда келді. Олар өздерінің қатарларын көбейту мақсатында оқу орындар, қайырымдылық пансионаттар, қорлар т.б. ашуға бет алды.  Солардың бірі Туркия елінде XX ғасырдың басында пайда болған Сүлейменшілер ұйымы. Сулейменшілер деп аталу себебі бұл жамағаттың негізін салушы Сүлеймен Хилми Тунахан (1888-1959 ж.) атымен байланысты еді. Әлемдік масштабта қарайтын болсақ қазіргі таңда бұл діни жамағатқа тиесілі  қайырымдылық пансионаттар жердің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп тұр. Алғашқы кезеңде бұл ұйым жатақханалар салып «медресе» деген атаумен құрылған болатын. Мұнда алғашқы кезде діни білім ашық түрде үйретіліп, тіпті, арнайы намазханасында жұма намаздары өткізіліп келген. Кейіннен олар Түркия жерінде жылдар бойы жиналған тәжірибелері негізінде өздерінің атауларын өзгертіп, «Қайырымдылық қоры», «Шәкірттер үйі», «Пансионат үйі» деген секілді атауларға ие болып әр елге тарай бастады.

      Бұл жамағаттың халық арасындағы негізгі мақсаты жастардың діни сауатын ашып, Құранды үйретіп қарилар дайындау болды. Сондай-ақ, жағдайы төмен немесе көп балалы отбасылардан шыққан оқушылар мен студенттерді тегін жатақханамен қамтамсыз ету екендігін айтқанымен, астарында коммерциялық мақсаттың да жатқандығын айтуымыз керек.

      Қазақстанға «Сүлейменшілер» 1995 жылдан бері келе бастады деген дерек бар. Ел арасында бұл пансионаттарды медресе деген атаумен таниды. Олардың пансионаттары қайырымдылық қорлар негізінде 1997 жылдан бастап Әділет министрлігінде ресми тіркеуден өтіп, «Алшаң Жібек Жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығына бірікті. 2014 жылы 14 наурызда ҚМДБ мен аталмыш қауымдастық арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.  Уақыт өте келе Алматы қаласында, Өскеменде, Павлодарда, Семейде, Астана, Ақтөбе, Шымкент қаласы және Түркістан облысында оқытатын пансионаттар ашты. Ол жерде оқушылар жатып оқиды. Үш мезгіл тамақтанады. Күндіз мектебінде, не университетіне барып келеді.      

       «2021 жылдың қазан айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Жібек жолы» қайырымдылық қауымдастығымен өзара меморандумға отырды. Меморандум негізінде қауымдастықта тәрбиеленуші шәкірттер, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттерде діни білім алу керектігі жөнінде көрсетілген.

       Дегенмен Қазақстан өңірлеріндегі діни ахуалды зерделеу жұмыстары барысында аталмыш меморандум шарттары барлық облыстарда толығымен орындала бермейтіні анықталды. Жекелеген өңірлерде іс жүзінде қауымдастық өкілдерінің ҚМДБ-ның жергілікті мамандарымен санаспайтыны, жамағатшылдық-жікшілдік тұрғыларын белгілі бір дәрежеде жүзеге асырып отырғаны байқалды.

       Қазақстандағы мұсылмандары діни басқармасы, соңғы жағдайларға байланысты діни басқарма республика бойынша қайырымдылық мекемелерінде меморандумға қатысты заң бұзушылықтардың орын алғандығын әшкерелеп, арадағы меморандумды бұзды.

      2024 жылғы 11 қыркүйек күні, Түркістан қаласында, Түркістан облысының прокуратурасының талап қоюымен Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты шешімімен: «Атакент» қайырымдылық мекемесі, «Сарыағаш» қайырымдылық мекемесі, «Оңғарбек ата» қайырымдылық мекемесі, «Көлкент» қайырымдылық мекемесі, «Ханым ана» қайырымдылық мекемесі, «Кентау» қайырымдылық мекемесі, «Түркістан» қайырымдылық мекемесі, «Ажар» қайырымдылық мекемесі, «Яссы» қайырымдылық мекемесі, «Туран» қайырымдылық мекемесі таратылсын деп шешім қабылданды.

       Аталған мекемелер тексеру барысында қайырымдылық мекеме ретінде тіркелгенімен, жасырын түрде кәмелет жасына толмаған тәрбиеленушілер арасында діни дәріс өткізумен айналысатыны (тиісті рұқсат құжаттары жоқ), сол арқылы кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзатын толыққанды медресе ретінде жұмыс істейтіні анықталған. Сондай-ақ, тексеру кезінде діни мазмұндағы әдебиеттер табылды.

        Сонымен қатар, балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей байланысты санитарлық-эпидемиологиялық, өрт-техникалық, көші-қон және қала құрылысы заңнамасының талаптарын кеңінен бұзу фактілері анықталып, жауапты тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Мұндай жағдайда сот, аталған қайырымдылық мекемелер кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері болып табылмайды, балалардың құқықтарын қорғауды және мүдделерін білдіруді жүзеге асыра алмайды деп санайды.

       Жалпы мектеп жасындағы жасөспірімдерге заңсыз діни уағыз жүргізу қаншалықты заңды? Елімізде діни ілім беру тек ҚМДБ-на қарасты медресе-колледжі оқу орындарына берілген. 2011 жылы қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға жүгінетін болсақ «діни қызметтер, діни іс-шаралар, діни ілімді тарату – тиісті діни бірлестік уәкілеттіктеріне берілген».  Осы заң барлығымызға ортақ.

        Оған қоса тексерумен жарғылық қызметтің бұзылуы, қайырымдылық мекемелерінің директорларына заңды өкілдердің құқықтарын негізсіз беру, санитариялық - эпидемиологиялық қорытындыларсыз жұмыс істеу, сондай-ақ еңбек, көші-қон, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаларын бұзу, өртке қарсы қауіпсіздік талаптарын сақтамау және т.б. заң бұзушылықтар анықталған.

        Кезінде Алматы қаласының полиция департаменті осындай бір пансионатты құрықтаған болатын. ІІМ мәлімдемесіне сәйкес, қайырымдылық мекемесінің атын жамылып, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауға дейін итермелеп және басқа да қылмыстарға алып келді деген күдікпен қылмыстық іс қаралған.

       Жамбыл облысында «Жібек жолы» қайырымдылық мекемесіне қарасты «Қордай» және «Бәйдібек» мекемелерінде орын алған жағдай: «Бұл пансионаттарда тұратын тәрбиеленушілерге жүйелі түре діни жоралғыларды да үйретіпті. Тәрбиешілердің тапсырмаларына келіспегендерді тамақ пен сусыз қалдырып, кей жағдайда физикалық күш қолданылған.

        Елдің бірлігін бұзатын қайырымдылық мекемелер сырттан басқарылады. Астыртын жастарды арбайды. Халыққа өздерін қайырымды пансионат ретінде таныстырады. Себебі жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларды тәрбиелеп отырғанын естіген қалталы азаматтар көмектесуден аянып қалмайды. Жиналған қаржы сырттағы құрылтайшыларына және өздерінің керек жарақтарына жұмсалады. ҚМДБ-ны мойындамайды, бұйрықтарына бағынбайды. Ислам атын жамылып жамағатты жікке бөліп діни алауыздық тудырады. Егемендігімізге қауіп төндіреді.

 

 

 

          А.Дүйсен

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің

бөлім басшысы                                                                                

 

0 пікір