Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті борышы» болып табылады.
Тәуелсіз ел үшін ең маңызды нәрсе – ол елдің қауіпсіздігі. Әлемдік аренадағы мемлекеттердің мықтылығы ғылым, мәдениет, экономикамен қатар, әскери күшпен де өлшенеді.
Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса ол патриот емес» деген керемет сөзі бар. Өз еліңнің патриоты болу, оны қорғау – әр азаматтың Отан алдындағы абыройлы міндеті, қасиетті борышы!
Әскер тәртіпке, қару ұстауға, бұйрыққа бағынуға, бірлесіп қызмет жасауға үйрететін нағыз ер-азаматтардың мектебі.
Елді қорғау үшін міндетті түрде қуатты әскер қажет. Ислам дінінде де жауға қарсы тұру әрі оларға әскери күш әзірлеу де маңызды саналады.
Қазақстан заңнамасында бейбіт уақытта әскери шақырудан босатылатын азаматтар санатының тізімі бар. Бірақ онда ар-ождан, моральдық немесе діни сенімге байланысты әскери қызметтен бас тарту мәселесі жоқ. Тек ресми түрде діни бірлестіктерде тіркелген діни қызметкерлер ғана әскери қызметтен заң жүзінде босатылады.
Отанды қорғауға қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы шығарған пәтуасы бар. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Оларға (дұшпанға қарсы) шамаларың келгенше күш-қуат әзірлеңдер...» («Әнфәл» сүресі, 60-аят). Бұл аят жауға қарсы қуатты әскер әзірлеп, алдын-ала дайындық жасауға шақырады.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла жолында (Отанды қорғап) бір күн күзетте болу – дүниеден және ондағы барлық нәрселерден қайырлы»,-деген. Келесі хадисте «Екі көзді тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқып жылаған және Алла жолында елін күзеткен көз» деп айтқан. Ғалымдар «Ислам шариғаты әрбір мұсылманға Отанын кез келген қауіптен қорғауды міндеттейді. Кімде-кім бұл міндетті орындаудан жалтарса, дініне және Отанына қиянат жасаған болып саналады»,- деген. Сондықтан Отан алдындағы әскери борышын өтеу – әрбір азаматтың міндеті, ал әскери борышты өтеуден үзірсіз (Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген себептерден тыс жағдайларда) бас тарту – күнә.
Қазақстанда діни наным-сенім бостандығы бар. Азаматтардың дінге қатысты мәселелері Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң аясында және Әдеп кодексіне сай реттеледі. Одан тыс, әр мекеменің ішкі тәртібіне сәйкес шешімдер қабылданады.
Мекеменің ішкі тәртіптік қағидаларын сақтай отырып, намаз оқуға, ораза тұтуға ниетті сарбаздар үшін намаздарын өтеуге, парыз оразаны орындауға мүмкіндік жасаған дұрыс деп есептейміз» делінген ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің жауап хатында.
«Болат қайнауда, ер жігіт майданда шынығады» дейді дана халқымыз. «Балам әскерде жүріп өліп қалады» дейтін кереғар пікір қоғамда бар. Дегенмен бұл орынсыз пікір. Әскерге бармай ақ он сегізге толған ерлердің арасында әскерге бармағандардың өзі қазаға ұшырап жатқаны өздеріңізге мәлім. Жол апатынан немесе төбелестерде атылып қаза тапқандар қаншама? Өмір болғаннан кейін, өлім де қатар жүреді. Әскер де өмір, ол жақта да өлімнің болуы ықтимал жағдай. Бірақ соны сылтауратып әскери қызметтен қашпаған жөн. Себебі азаматтың міндеті – елді қорғау.
Б.Өтеген
Түркістан облысы дін істері
басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу
орталығы» КММ-нің теолог маманы
Әскерге бару азаматтық борышың
Көп оқылғандар