Әрбір істі ықыласпен орындау
Әрбір істі ықыласпен орындау
14.03.2025
214
0

Расулуллаһ (с.а.с.) бір хадисінде: «Амалдар ниетке байланысты...» (яғни іс-амалдың нәтижесі ниетке қатысты) деген (Бұхари «Иман», 41; Муслим, «Имара», 155). Осы тұрғыдан алғанда, ғибадаттан бастап, барлық ізгі амалдар ең алдымен Алла разылығы үшін жасалуы тиіс. Әрине, бұл тек шынайы ықылас арқылы ғана мүмкін болмақ. Басқаша айтар болсақ, амалдарды тек шынайы ықыласпен орындау арқылы ғана ғибадат дәрежесіне көтеру мүмкін. Сондықтан, амалдардың Алла құзырында қабыл болуының басты шарты – ықылас.

Ықылас – амалдарды тек Жаратушының разылығын тілеп орындау, оны нәпсілік мақсаттармен араластырмау деген сөз. Тән үшін жанның маңыздылығы қаншалықты болса, амал үшін де ықыластың маңыздылығы соншалық. Ықылассыз орындалған амал құр шаршау, бос әурешілік.                       Ықылас – Алла Тағалаға жақын болу мақсатымен жүректі әртүрлі дүниелік пайдалардан сақтау.

Ықылас – амалдардың рия (көзбояушылық), менмендік секілді түрлі рухани кірлерден тазартылуы. Өйткені, мұндай жаман қасиеттер ықыласты кірлетіп, оның жойылуына себеп.

Алланың разылығына жеткізбейтін әртүрлі мақсат-мұраттарды көңілден шығарып тастау – әрбір мұсылманның ең басты міндеті.

Бірақ, мынаған көңіл бөлген жөн. Ықыласты кісілер нәпсілерінің басым келуі нәтижесінде бұл жақсы қасиеттерінен айырылып қалу қаупімен үнемі бетпе-бет жүреді. Бағындырған шыңды ұстап тұру қандай қиын болса, ықыласты сақтап тұру да соншалықты қиын. Бұл жайында хазреті Зуннун әл-Мысридың мынадай сөзі бар:

«Ғалымдардан басқа бүкіл адамзат – өлі. Бүкіл ғалымдар ұйқыда, тек ілімімен амал етуші ғалымдардан тыс. Ілімімен амал етушілердің де алдану ықтималдары бар, тек ықыластылардан тыс. Ықыластылар да (дүниеде) әр уақыт қауіп-қатермен бетпе-бет жүреді...».

Қиындықтарға қарамастан, шынайы ықыластарын әрдайым сақтап жүретін құлдар Алланың көптеген жақсылықтарына кенеледі. Ықыластың орны жүрек. Имам Журжәни (р.а): «Ықылас – жүректі лас дақтардан ада етіп, тазарту. Кез келген нәрсеге өзге бір зат араласып тұрады. Егер ол сол кемшіліктен арылып тазарса «халис» (таза) деп атайды», – деген. Ендеше әр адам өзінің жүрегіне мән беріп, оның тазалығына, шынайы ықыласты болуына назар аударуы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с) хадисінде:

إِنَّ اللهَ لاَ يَنْظُرُ إِلَى صُوَركُمْ وَأَمْوَالِكُمْ، وَلَكِنَّ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ «Расында Алла сендердің түр-әлпеттеріңе, мал-мүліктеріңе қарамайды, алайда жүректеріңе және іс-амалдарыңа қарайды», – деген. 

Кез келген амалдың дәрежесін көтеретін де, түсіретін де ниет. Кейде адам үлкен амалдар атқаруы мүмкін, алайда ниетінің дұрыс еместігінен ол амалы суға кетеді. Алла Елшісі (с.а.с) былай деген: «Есеп күні ең алдымен сұрауға дін үшін соғысқан адам алынады. Оны алып келген кезде Алла Тағала оған өзінің рақымы мен мейірімі жайлы есіне түсіреді, сол кезде әлгі адам мойындайды. Осыдан соң Алла Тағала: «Солар үшін сенің істеген жақсылығың кәне?»,- деп сұрайды. Ол болса: «Мен сенің жолыңда өле- өлгенше соғыстым»,- деп жауап қайтарады. Алла болса: «Сен өтірік айтып тұрсың, өзгелер сені батыр екен деп айтсын деген ниетпен соғысқанысың, олар сені солай атады да!»,- осыдан соң бұл адамды тозаққа алып кетеді. Осыдан соң ілім алып, оны өзгелерге үйреткен, құран оқитын адамды алып келеді. Алла Тағала оған да өзінің мейірімін есіне түсіреді, ол барлығын мойындаған кезде: «Осылар үшін не жақсылық істедің?»,- деп сұрайды. Ол болса: «Мен Сен үшін ілім алып, оны өзгелерге үйреттім және де Құран оқыдым!» Алла Тағала: «Өтірік айтасың, сен өзгелер білімді деп айтсын деген ниетпен оқыдың. Олар да сені солай деп атады!»,- деп әлгі адамды да тозаққа апаруға әмір береді. Ендігі жерде Алланың алдына Алла Тағала толассыз байлық пен дәулет берген адамды әкеледі. Ол адамға да өзі берген нығыметті есіне салады да, ол адам мойындаған соң: «Сол берген нығымет үшін не жасадың?»,- деп сұрайды. Сонда әлгі адам: «Мен Сенің разылығың үшін Сенің жолыңда мал-мүлкімді аямай жұмсадым»,- дейді. Алла айтады: «Жалған сөйлеп тұрсың, расында сен өзгелер сені жомарт деп атуы үшін ғана малыңды жұмсаған болатынсың, ал олар сені солай атады!»,- деп, ол адамды да тозаққа тастауларына әмір береді» (Муслим). Ғұламалар «Алла разылығынан басқаны көздеп ғибадат еткендердің  жағдайы ыдысына шағыл тастарды толтырып алып, базарға шыққан адамға ұқсайды. Алыстан көрген адамдар «қандай бай» дейді. Оның пайдасы осымен ғана шектеледі. Базардан бір нәрсе алғысы келгенмен ыдысындағы іске алғысыз шағыл тастарға ешкім көк тиын ұстатпайды. Міне, рияшылдық жасаған адамның жағдайы осы. Айтылған жерде ұмыт қалатын салмақсыз бос сөзден басқа оған ақыретте ешқандай сауап берілмейді» деп айтқан. Зуннун Мысри «Мына үш нәрсе ықыластың нышаны: халықтың мақтауымен даттауына көңіл бөлмеу (жұрттың недегенін елемеу), жасаған амалын тез ұмыту (амал ету, бірақ, оған басты мән бермеу), тіпті, амалдың ақыретте сауап әкелетінінде ұмыту» деген.     Фудаил ибн Ияз «ел үшін амалды (күнәні) істемеу – рия, жұрт үшін амал ету (ғибадат) – ширк. Ықылас – Алла Тағаланың осы екеуінен сені сақтауы» дейді.

Қорыта айтар болсақ, ықылас – ақыл мен сана һәм жүректің кіршіксіз пәк ниетпен Алла үшін ғана іс істеп, сауабын да тек Алладан күтуі. Дәретсіз намаздың болмайтыны секілді, ықылассыз құлшылық та болмайды.

 

 

 Ә.Болат

 

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал, Жетісай ауданындағы бөлімінің маманы                              

0 пікір