Ақылдасу – қателіктің алдын алу
Ақылдасу – қателіктің алдын алу
24.07.2025
438
0

Адам баласының өмір жолы – түрлі таңдау мен шешімдерден тұратын күрделі сапар. Кейде бұл шешімдер жеңіл, ал кейде жауапкершілігі жоғары, маңызды болады. Осындай сәттерде адам жалғыз өзі дұрыс жол таба алмауы мүмкін. Дәл осындайда ақылдасу – ең тиімді құрал.

Халқымыз ежелден «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деп, ақылдасу мәдениетіне зор мән берген. Бұл – жай ғана пікір алмасу емес, бұл – тәжірибе мен даналықтың түйісуі. Ақылдасу – әр түрлі көзқарасты тыңдап, мәселені жан-жақты саралауға мүмкіндік береді.

Ақылдасу – ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с) сүннеті. Ақылды, тәжірибелі адамдар ақылдаспастан, таныспастан бұрын маңызды бір істі бастай алмайды.

Аманатқа қиянат жасалған мына заманда біреуге сену қиын. Сондықтан да пайғамбарымыз қандай адамның сенімді екендігінен хабар беріп: «Ақыл сұралған адам – сенімді адам», деген. 

Халифа Омар бин Абдулазиз: «Ақылдасу – рахмет есігі және берекет кілті. Ақылдасумен көзқарас тура мақсаттан таймайды және көрегенді болады» – деген.

Кез келген адамнан ақыл сұрала бермейді. Ақылдасатын адамдарда мына бес сипат болуы керек: Тәжірибелі және ақылды адам болуы керек. Әр істі атқару ақылға, ал ақыл тәжірибеге мұқтаж. Надан адаммен ақылдаспайды. Өйткені ол басыңды пәлеге түсірсе, мың ақылды жабылса да, ол шұңқырдан құтқара алмайды. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с): «Ақылды адамнан ақыл сұрасаңыз, тура жолды табасыз. Оның айтқан ақылына ермей қоймаңыз, кейін өкініп жүрерсіз» – деген.

Пайғамбар үнемі әр істің дұрысын табатынына кепіл бола тұра және үнемі оған көмектесетінін уәде ете тұра, «Әли Ғимран» сүресінің 159-аятында: «Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де, іс жөнінде олармен кеңес» - деп бұйырады.

Мәселен, түрлі кеңес алқалары, комиссиялар, ғылыми жобалар – барлығы да ұжымдық шешімнің нәтижесі. Бір адамның пікірі – бір шеңбер болса, көптің пікірі – кең өріс. Жақсы кеңес – жол көрсететін жарық іспетті.

Бүгінгі таңда ақпарат ағыны шексіз, шешім қабылдауда адасып қалу оңай. Жастар арасында болашақ мамандық таңдау, кәсіп ашу, тіпті отбасы құру мәселелерінде де кейде қателіктер кетіп жатады. Мұның бір себебі – ақылдаспау, асығыс шешім.

Ата-ана, ұстаз, достармен, мамандармен пікір алмасу – бұл өзіңді тексерудің, сенімді болудың жолы. Кейде біз байқамаған тұсты екінші адам көре алады. Ақылдасу – әлсіздік емес, бұл – алға басуға, қателіктен сақтануға бағытталған ақылдылық.

Ақылдасудың бала тәрбиесінде де алар орны маңызды. Өскелең ұрпаққа үлкендердің ақыл-кеңесі ауадай қажет. Жастайынан ақыл-кеңес сұрап өскен ұрпақ болашақта да жай нәрсеге ақыл сұраудан арланбайды. Бұл шалыс қадам баспайды дегенді аңғартады. Шешенің балаға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» деген ақылдары баланың әкеге сүйіспеншілігін арттыра түседі.

Қорытындылай келе, ақылдасу – қателіктің алдын алудың, кемел шешім қабылдаудың, әрі рухани кемелденудің жолы. Жастарға да, ересектерге де кез келген маңызды шешім алдында ақылдасу дәстүрін ұстанған дұрыс. Себебі, ақылдасу – парасаттылықтың, бірлік пен татулықтың көрінісі.

Бұрынғы өткен хандар, патшалар да кеңесшісіз болмаған. Қазақ хандығында кеңесшінің жұмысын уәзірлер атқарған. Қазақтың бағына біткен ханы Абылайдың да кеңесшісі әйгілі Бұқар жырау бабамыз болған еді. Даңқты қолбасшы атақты Әмір Темір: «Ғалымдармен ақылдасу арқылы көптеген жетістіктерге жеттім» деп өзінің жұмысының ақылдасу арқылы жемісті болғанын айтқан.

 

 Д. Аманов

 

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                                

0 пікір