Ақпараттық сауаттылық және сыни ойлау: заманауи қоғамның басты құралы ақпаратқа кез келген адам қол жеткізе алады, бірақ оны дұрыс қабылдап, талдай білу – әркімнің қолынан келе бермейді. Әлеуметтік желіде тарайтын қысқа видеолар, посттар мен жаңалықтар санаға тез әсер етеді, ал олардың шындыққа сәйкестігін тексермей қабылдау қауіпті. Осындай ортада ақпараттық сауаттылық пен сыни ойлау – тек білім ғана емес, жеке адам мен қоғамның рухани және интеллектуалдық қорғанысы.
Ақпараттық сауаттылық деген не?
Ақпараттық сауаттылық – ақпаратты табу, тексеру, салыстыру және дұрыс қорытынды шығару қабілеті. Кез келген хабарламаға қарамастан:
«Бұл дерек қайдан шықты?»
«Авторы сенімді ме және қандай білімі бар?»
«Мақсаты не – білім беру ме, әлде манипуляция жасау ма?»
«Басқа сенімді дереккөздерде бар ма?»
Мысалы, әлеуметтік желіде «діннің бұл қағидасы міндетті» деген қысқа видео таралса, оны тексермей достарға тарату – жалған пікірді кеңейтуге себеп болады. Ақпараттық сауатты адам ресми діни мекемелердің, мысалы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түсіндірмесін қарап, контекстімен салыстырады және қорытынды жасайды.
Сыни ойлау – бәріне күмәнмен қарау емес. Бұл – дәлел сұрау, эмоцияға ермеу, логикалық талдау жасау қабілеті. Қоғамда жиі кездесетін манипуляциялар:
Қорқыту немесе сенімге әсер ету арқылы басқаларды басқару;
«Жалған батырлық ұрандар»
«Бәрі осылай ойлайды» деген жалпылау;
«Контексттен жұлып алынған діндік немесе тарихи мәтіндер»
Сыни ойлау қабілеті бар адам мұндай тәсілдерді тез аңғарады, дереккөзді тексереді және эмоциялық реакцияға ермейді.
Әлеуметтік желіде неге мән беру керек?
Әлеуметтік желі – ақпаратты тез таратуға мүмкіндік беретін қуатты құрал, бірақ ол манипуляция мен жалған ақпаратқа да жол ашады. Сол себепті:
Дереккөзді тексеру – кім жариялады, ресми мекеме ме, әлде жеке блогер ме.
Мақсатты анықтау – бұл ақпарат білім беру үшін бе, әлде эмоцияны қоздыру үшін бе.
Контекстін түсіну – мәтінді немесе видеоны толық қарау, үзіндімен шектелмеу.
Эмоцияға ермеу – қорқыныш, ашу немесе таңғалуға негізделген ақпаратқа сілтеме жасамау.
Салыстыру – бірнеше сенімді дереккөзбен салыстырып, қорытынды шығару.
Мысалы, дін тақырыбында блогер тарапынан қысқа видео шықты делік. Ақпараттық сауатты адам оны бірден сеніп кетпей, ресми діни басқармалар, ғалымдар мен тарихи деректермен салыстырады.
Жастар және ақпараттық қауіпсіздік
Жастар – цифрлық кеңістіктің негізгі пайдаланушылары. Сол себепті олар фейк жаңалықтар, жалған шейхтар немесе радикалды идеяларға тез әсер етуі мүмкін. Ақпараттық сауаттылық мектептен, отбасынан басталуы керек.
Діни тақырыпта ақпараттық сауаттылық ерекше маңызды. Мәтінді контекстсіз түсіндіру, тарихын елемеу немесе заңдық шеңберді ескермеу қоғамда қақтығысқа апаруы мүмкін. Сондықтан діни сауаттылық пен ақпараттық мәдениет қатар жүруі керек. Білімсіздік – адасудың бастауы, талдау қабілеті – қорғаныш қалқаны.
Ақпараттық сауаттылық – заманауи адамның интеллектуалдық тәртібі. Сыни ойлау – сол тәртіптің ішкі механизмі. Әлеуметтік желіде ақпаратты сүзу, талдау және тексеру қабілеті – жеке адамның рухани және қоғамдық жауапкершілігінің белгісі.
Қоғамда тұрақтылық пен заң мен тәртіп тек құқықтық шаралармен емес, саналы азаматтар арқылы қамтамасыз етіледі. Ақпаратты сүзетін, дәлелге сүйенетін, эмоцияға ермейтін ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі.
Қ.Мырзабай
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің бөлім маманы
Ақпараттық сауаттылық және сыни ойлау

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru