Біз кеңістік болып бірден-бір электронды бұқаралық ақпарат құралдары ғана қалған ақпарат әлеміне бет бұрдық. Жаңа ақпараттық технологияларды қолданбай жүру мүмкін емес жағдайға айналды. Соңғы онжылдықтың аса күрделі саяси және этикалық мәселелерінің бірі ғаламдық ақпараттық технологиялардың өнеркәсіппен, жұмыспен қамтылудың өсуі әсерімен байланысты. Екінші мәселе - құпиялылық пен қауіпсіздік мәселелеріне қатысты. Үшінші мәселе - стратегиялық ақпараттық инфрақұрылымдар мен ақпараттық соғысқа қатысты. Ақпараттық технологиялар әкелген түбегейлі өзгерістер, білімге және ғаламдық экономикаға негізделген қоғамның қалыптасуы. Ақпараттық технологиялар әлемді күрт өзгертіп, біздің өзіміз және қоғам, мәдениет жайлы көзқарастарымызға үлкен ықпал етті.
Ал бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтардың бірі – дін. Дін рухани байлық пен ізгіліктің, татулықтықтың, сабырлықтың, төзімділіктің, барша жақсылық атаулының бастау жолы.
Кеңес үкіметі ыдырап, еркіндік алғалы бері қазақ халқы өз дініне бет бұра бастады. Дін атеистік тосқауылдан құтылып, енді ғана ғасырлар бойы аққан өз арнасымен қайта аға бастады. Бірақ, қазақ елі түгелдей сол дәстүрлі Исламға шынымен бет алды ма? Әлбетте, жоқ.
Осы кезеңде қазақ елі өз бірлігін жоғалта бастағандай. Өйткені, елді біріктіретін – санадағы идея бірлігі, яғни, жүректегі сенім бірлігі. Ал, қазіргі таңда қазақ елінің барлығы бір сенім мен идеяда ма? Мәселе осында. Атеистік сенім тарқағаннан кейін оның орнына әр түрлі діндер мен кереғар ағымдар елімізге кіре бастады. Шет елдерден әр түрлі дін өкілдері келіп қана қоймай адамзаттың XXI ғасырда жеткен жетістігі- ақпараттық әлем. Кеңістікке (қашықтықтың қысқаруы), уақытқа (уақыт тығыздығы), мемлекет рөліне (кеміп бара жатқан), саясатқа, ғаламдық экономикаға, мәдениетке, адамзат бірегейлігіне аса маңызды жаһандастырушы ықпалын жүргізген «ғаламтор» арқылы деструктивті діни ағым жақтастары халықты сенімсіз ақпараттармен өз сенімдеріне иландырып қана қоймай «ақиқат» іздетіп шетел асырды. «Келіннің бетін кім ашса сол ыстық көрінеді» дегендей-ақ, қандай дін өкілі келіп діннен хабарсыз қазаққа өз сенімін айтса, әлгі қазақ оған мүлтіксіз сенді. Оның рухани аштығы көп ойлануға бой бермейді. Ақиқатты білмеген соң жалған, яғни, жалған аралас ақпараттағы ақиқатты «толық ақиқат» деп ұғады.
Бүгінгі ақпараттық қоғамның келеңсіз көрінісі қандай да бір адамды сенімсіз ақпараттарға сүзгісіз сендіру мен өзгені хабардар етуге иландыру. Кез-келген жас немесе жоғары білімді азамат – ақпараттық кеңістікте кереғар діни ағымдардың құрбанына айналуы, арбалуы мүмкін. Сол себепті жүз мыңдаған қазақтар «измдер» мен т.б. діндерге өтіп кетті. «Ештен кеш жақсы» демекші, бүгінде солардың бірқатарына елімізде тыйым салынып та үлгерді. Дегенмен қандай да бір миссионер бір елге келгенде міндетті түрде өз сенімін елдің құндылықтарымен сәйкестендіріп түсіндіреді. Міне, осы ұстаным бойынша, түрлі ағымдар өз құрбандарын сендіріп қалай адастырады?! Кез–келген саяси ұйымның, діни ұйымдар мен бірлестіктердің, конфессиялардың белгілі бір мүддесі болады. Шартты түрде деструктивті діни ағымдардыің іс - әрекетін екі түрге бөлуге болады:
- Санаға шабуыл жасауды мақсат ететін деструктивті діни ағымдар;
- Белгілі бір мүдде үшін әрекет ететін деструктивті діни ағымдар.
Діни ұйымдардың үгіт насихат жасап, жастарды өз арбауына, шырмауына түсіріп, санасын улауы, отбасының бұзылуына әкеп соқтырады. Бұл халықты араздастыру мен арандату болмағанда не? Екіншіден, кейбір деструктивті діни ағымдар мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына нұқсан келтіреді. Мысалы ХХ ғасырдың соңында пайда болған Ахмади жамағаты мұсылмандарды тұтастай мұсылмандар емес, олар кәпірлер деп қарайды. Ал олардың іс-әрекеттерін кейбір газет–журналдар немесе бұқаралық ақпарат құралдары исламмен тікелей байланыстырады. Ал шын мәнінде, Ахмади жамағатының іс-әрекеттері исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Міне, олардың іс-әрекеттері нағыз ұлтараздығын тудыру, халықтардың берекесін кетіру болып табылады. Немесе, ХХ ғасырдың ортасында Палестинада пайда болған Хизб-ут–Тахрир (бостандық партиясы) партияның өзін діни, саяси партия деп атап, ислам халифатын құру идеясын үгіттеп, қарсыластырды дұшпан, кәпір деп атап, өзін жанкешті құрбан етуді жихад санауы да исламның қағидаларына қайшы әрекет. Сондай-ақ қазіргі таңда өздерін «сәләфпыз» - деген топтардың іс-әрекеттерін, өздері орындамай жатып өзгеге орындатуға тырысу, халық арасында бүлікке (фитна) шығаруға бейімді топтарды атауымызға болады. Себебі, ислам ұстанымында дінде зорлық жоқ деп қарастырады. Ал, өзін-өзі өлтіру – үлкен күнә (айып іс) деп есептеледі. Осы үндеулер халықтардың берекесін көтеріп, қоғамға діни араздықты тудырып, ұлттардың ар-намысын қорлайтын белгілерді көруге болады.
Қазіргі кезеңде көбейіп кеткен діни ағымдар азаматтарымызды ақпараттық кеңістікте адастырып, қоғамдық тұтастыққа қауіп төндіруде. Көпұлтты мемлекетіміз көпдінді мемлекетке айналып, түрлі діни ағымдар мен секталар сайын далада жүгенсіз жүргізбеу заң мен жастардың діни иммунитетінің қалыптасуында.
Жастарға тәлім-тәрбие беру мәселесі бүгінгі қоғам мен мемлекеттік деңгейде кеңінен қолдау тауып, әлеуметтік, мәдени маңызға ие болып, бүгінгі педагогика ғылымының өзекті бір мәселесіне айналып келеді. Қазіргі қазақ менталитетіне имандылық ұрығын сеуіп, ең алдымен, мұсылманшылдықтың басты тұтқасы иман екендігін ұғындырудың маңызы өте зор.
Алайда, халық тағылымы осы кезге дейін ғылыми жүйеленіп дамымағандықтан, жұртымыздың жігері қажып, рухани азғындауының көріністерін жиі ұшыратамыз. Ол үшін ең алдымен шынайы «Халық педагогикасын» ғылым ретінде дамытып, оның этнографиялық жағына ғана тоқтала бермей адамның жан дүниесін жетілдіретін рухани көзіне көңіл аудармай болмайды.
Біз, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді мәңгі ұмытпауға, оны әрдайым есте сақтауға міндеттіміз. Басқа деструктивті діни ағымдардың арбауына түсу-өз дінін, өз отанын сату деген сөз. Себебі дін-біздің рухани болмысымыз, бүгінгіміз бен ертеңіміз және болашағымыз. Біз түрімізбен қазақ емес, керсінше тілімізбен және салт-дәстүрімізбен, дінімізбен қазақ болуымыз керек.
Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін, дінін, білімін, ғылымын меңгерген, мәдениетті, адами қасиеті мол шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеумен шектелмей ақпараттық дамыған кеңістіктің заңдылықтарын үйрету-өмір талабы, қоғам қажеттілігі екенін аңғарамыз. Ел боламыз десек-ақпараттық кеңістікті түзеуіміз қажет.
Жалпы рухани қажеттілігіңізді қанағаттандырғыңыз келсе, жақыныңыздың жат ағым жетегінде кетті деген ой мазаласа, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің сенім телефоны «3-51-24» арқылы Сізді не жақыныңызды мазалаған сұрақтарға, орталық мамандары қашанда көмек қолын созуға дайын.
Өзіңізді ғаламтордың шекарасыз зиян ақпаратынан сақтап қалу әлі де кеш емес! Ойланыңыз!
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»КММ-нің
дінтанушы маманы Жалғас Жорабек
Ақпараттық кеңістіктегі кереғар діни ағымдар