Ақпараттық кеңістіктегі діни экстремизм
Ақпараттық кеңістіктегі діни экстремизм
18.04.2023
1303
0

ХХІ ғасырдың басында дүниежүзілік интернет желісі экстремистік және террористік ұйымдардың ақпараттық қызметінің негізгі алаңына айналды. Бұл құбылыс ақпаратты онлайн таратудың тиімділігі мен ыңғайлылығына, географиялық шоғырлануына қарамастан ауқымды аудиторияны (интернет желісін пайдаланушылардың жалпы саны – 4,54 млрд, Қазақстан аумағында – 17,5 млн) қамту мүмкіндігіне ие.           

Экстремистік топтар тарапынан жаңа жақтастарды қатарына тарту үшін барлық қолжетімді мүмкіндіктерді қолданылады: әлеуметтік желілер, тақырыптық форумдар, мессенджерлер, онлайн ойындар және т.б.                       

Экстремистік ұйымдардың негізгі мақсатты аудиториясы әлеуметтік, саяси, экономикалық және басқа факторлардың әсерінен берік идеологиялық көзқарасы қалыптаспаған жастар санаты (18-35 жас аралығында) болып табылады. Жастардың интернет арқылы радикалдануы жаһандық үдеріс, оның аясында әлеуметтік желілер зорлық-зомбылықты насихаттаудың, радикалды идеялардың таралуының стратегиялық құралы ретінде қолданылады. Әлеуметтік желілер мен SMM жарнамалық құралдарын пайдалану арқылы халықаралық террористік ұйымдардың көшбасшылары өз аудиториясының негізгі қажеттіліктерін анықтап, соған сәйкес материалдар дайындайды (жоғары сапалы аудио-бейне контент, мемдер, комикстер, суреттер, өлеңдер және т.б.).                                                                                    

Бұл сын-қатерлер мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамдастық тарапынан жүйелі шешімдердің қабылдануын талап етеді. Жаңа технологиялардың даму ғасыры жастар арасында онлайн кеңістікте діни экстремизмнің алдын-алудың тиімді тетігін құру қажеттілігін айқындады.                  

Бүгінгі таңда әлемде онлайн кеңістікті пайдалана отырып, діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудың түрлі әдістері қолданылуда. Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі Ұйымы (ЮНЕСКО) және Женева қауіпсіздік саясаты орталығының зерттеулері бойынша бұл әдістер екі негізгі санатқа бөлінеді: қарсы насихат және медиа-ақпараттық сауаттылық.                                                                             

Қарсы насихат әдісі интернет желісінде экстремистік ақпаратты әшкерелейтін бағдарламаларды (openyoureyes.net, islamagainstextremism.com) құруға негізделген. Сонымен қатар, «Redirectmethod.org» бастамасы желі қолданушыларын «Adwords» таргет құралдары арқылы экстремистік материалдарға қарсы бағытталған YouTube бейнелеріне (деректі фильмдер, діни мәселелер бойынша сұрақ-жауап, пікірталастар) бағыттайды. Бұл әдіс қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен іске асырылуда.             

Медиа-ақпараттық сауаттылық әдісі жастар арасында діни экстремизм идеяларының алдын-алу, сыни ойлау дағдыларын дамыту мақсатында құрылған бағдарламалар жиынтығы (NETMED, MIL CLICKS, Mind over Media, YouTube Creators for Change) болып табылады. Медиа-ақпараттық сауаттылық негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы зорлық-зомбылықтың алдын-алу мақсатында мобильді ойындар мен қосымшаларды құрастыру бойынша «PEACEapp» атты халықаралық байқауды ұйымдастырады. Атқарылатын іс-шаралар жастардың интернет желісінде экстремистік материалдарды тануға және оларға қарсы тұруға бағытталады.                                                                                            

Қазақстан Республикасы ұжымдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық бастамалардың белсенді қатысушысы ретінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылға ерекше көңіл бөледі. Бүгінгі таңда мемлекет ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралардың кең спектрін өткізуде.                           

Қорытындылай келе, бұқаралық ақпарат құралдарында экстремизм мен терроризм мәселелеріне тұрақты мониторинг жасалып жатқандығын және экстремистік ұйымдар аудиториясының тарылып жатқанын байқаймыз. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде онлайн кеңістікте діни экстремизмнің алдын-алу бойынша қарсы насихат және ақпараттық-түсіндіру әдістері қолданылады. Қарсы насихат жұмысы әлеуметтік желілерде жергілікті Дін істері басқармалары мен «Дін мәселелерін зерттеу орталықтары» тарапынан жүргізіледі. Танымал әлеуметтік желілерге дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша аудио-бейнематериалдар, сұрақ-жауап, діни мамандар мен сарапшылардың дәрістері, пікірлері орналастырылады. Сонымен қатар, экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын материалдарды анықтау бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына, интернет-ресурстарға, оның ішінде әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізіледі.

 

Ы.Киргизбай

Теолог маман                                                              

0 пікір