Ақида (сенім) ғылымы – ислам дінінің негізі. Ислам шариғаты бойынша, қандай да бір мұсылманның ақидасы, яғни сенімі дұрыс болмаса, жасалған құлшылық-ғибадаттары да Алланың құзырында қабыл болмауы мүмкін. Мәселен, ақиданы ағаштың діңгегі десек, ғибадаттар сол дарақтың бұтақтары іспетті. Сондай-ақ іргетассыз ғимарат болмайтыны секілді, ақида дұрыс болмаса, жасалған құлшылықтар да орнына бармайды. Ақида ғылымының маңыздылығы турасында ислам ғалымдарының: «Ақида білмеген шайтанға ерер, ақидасыз мың жыл амал етсе де, жел болып ұшып кетер», – деген пікірлері кездеседі. Ақида мұсылмандарды дұрыс емес түрлі сенімдерден сақтайды, мұсылмандардың бірлігі мен ынтымағын қамтамасыз етеді. Сенім барлық илаһи діндердің негізін қалайды, себебі ол уақыттың өтуі, өзгеруі мүмкін болған үкімдерге ұқсамайды.
Сенім – Адам (а.с.) атадан басталып, қиямет күніне дейін өзгермейтін түсінік. Сондықтан, «Әһлу сунна уәл жамаға» ханафилік, шафиғилік, мәликилік, ханбалилік мәзһабтардың барлығында да сунниттік сенім бірдей деп біледі. Сондықтан болар, Алла елшісі (с.а.с.) жиырма үш жылдық пайғамбарлық өмірінің алғашқы он үш жылында ақиданы түсіндірген. Осы ретте айта кетер мәселе, Хазреті Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарымыздың көзі тірісінде ел арасында сенім тіректері жайлы келіспеушіліктер болмаған. Себебі, ол кезде сахабалар арасында әлдебір мәселе туа қалса, Алланың Елшісінен (с.а.с.) сұрап, сол сәтте дұрыс жауап алатын. Бірақ Пайғамбар (с.а.с.) дүниеден озған кезеңдерде Ислам діні қанат жайып, мұсылмандардың саны көбейген. Сол уақытта шариғат мәселелері жөнінде пікір қайшылықтары туындай бастады. Осы сәттерді пайдаланғысы келген дін дұшпандары мұсылмандардың арасына іріткі салуға барынша тырысты. Сөйтіп, мұсылмандар арасында ақида тұрғысында түрлі талас-тартыс, дау-дамайлар етек алды. Бұл жағдайлар мұсылмандардың иман тұрғысынан әлсіреуіне соқтырып жатты. Осындай бір қиын уақытта «Әһлу сунна уәл жамаға» сенімін қорғап қалу мақсатында, «калам» (ақида ғылымының екінші атауы) өмірге келді.
«Калам» сөзінің сөздік мағынасы сөз, баян, тіл, диалект деген ұғымды, ал, Каламуллаһ сөзі – Алланың сөзі, яғни Құран Кәрімді білдіреді.
Алла Тағала «Ниса» сүресінің 115-аятында: «Кімде-кім тура жол анық болғаннан кейін Пайғамбарға (с.а.с.) қарсы келсе, әрі мұсылмандардан басқа біреулерге ерсе, біз оны өзі жүріп бара жатқан қисық жолымен жүруіне мүмкіндік береміз, ал ақыретте оны тозақта азаптаймыз. Тозақ неткен жаман жер», – делінген. Бұл аяттың мазмұнын кез келген ақыл-ой, парасаты бар адам түсіне алады. Сол үшін Пайғамбар (с.а.с.): «Иә, Алла менің білімімді арттыруыңмен бірге, ақыл-парасат, түсінікті қоса бер», – деп дұға жасап, әрі үмбеттеріне солай дұға жасауды өсиет еткен. Өйткені, адамзат баласының білімі болғанымен, сол білімді түсінетін ақыл-парасаты, түсінігі болмаса, онда мұнан жаман нәрсе жоқ. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 269-аятында: «Алла өзі қалаған пенделеріне даналықты береді (Пайғамбарлықты немесе Құран ғылымын). Кімге сол даналық берілген болса, демек оған көп жақсылық берілгені. Бұл үгіт-насихаттан тек ақылды пенделер ғибрат алады», – делінген. Демек, ақыл-парасат, түсінік дегеніміз – ұлы қасиет, сол арқылы адамзат баласы Құран, хадис ғылымдарын меңгеріп, олардан дұрыс үкім шығара біліп, әрбір аят және хадистің маңыздылығын, терең мағынасын түсіну қабілетіне ие бола алады. Алла Тағала өзінің ұлы нығметі болған даналықты барлық пенделеріне емес, тек қана өзі жақсы көрген, өзі қалаған пенделеріне ғана береді. Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед – ислам дінінің ақида саласында мол мұра қалдырған имамдардың бірі. Ол мұсылман ғұламалары арасында «Аләмул Һуда (Һидаят туы), Имаму-л һуда (Һидаят көшбасшысы), Имаму-л-мутакаллимин (Каламшылар имамы) сынды лақап аттарымен кеңінен танылған. Ғалымның туылған жылы туралы нақты мәлімет сақталмаған. Имам әл-Матуриди: «Алла пендесіне күші жетпейтін нәрсені жүктемейді және оны күші жетпейтін іске жауапты қылмайды», - дейді. Себебі, «Бақара» сүресінің 286-аятында: «Алла кісіге шамасы келмейтін істі жүктемейді...» - дейді. Ал Имам Әшғаридің пікірінше: «Алла қаласа, пендеге күші жетпейтін нәрсені бұйырып, оған жауапты етуі мүмкін».
Ислам ғұламаларының көпшілігі Аллаға иман келтірген адамның мәңгілік тозақта қалмайтындығына сенген. Ал харижиттер үлкен-кіші күнә істеген адамды мүминдік санаттан шығарып, кәпірлер қатарына қосқан. Имам әл-Матуриди бұл жөніндегі ойын былайша сабақтайды: «Күнәһар мұсылмандардың ақыреттегі жағдайын Аллаға қалдырғанымыз жөн. Егер Алла қаласа рахым етіп, күнәһар пендесін кешіреді. Қаласа күнәсіне қарай азаптайды. Бірақ Өзіне иман келтірген адамды тозақта мәңгі азаптамайтыны анық. Осылай ойлағанда адам «үміт» пен «қорқыныш» арасында күн кешеді. Себебі, Алла кішкентай бір күнә үшін рахым етпей, пендесін азаптауы немесе үлкен күнә жасаған пендесін кешіруі мүмкін. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 48-аятында: «Алла өзіне ортақ қосқанды жарылқамайды да, бұдан өзге күнә жасаушыларды кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, расында, үлкен күнә жасаған болады», - деп Өзіне серік қосушыларды ғана кешірмейтінін айтқан.
Қорытындылай келе, сенім мәселесіндегі қарама-қайшылықтардың бірі - тақлид (еру) жасау. Ислам дініндегі көптеген топтар мен қауымдардың адасушылыққа түсуге себеп болған жағдай өздерінің ғалымдарына мәселенің мән-жайына бармай, жан-жақты ұғынып түсінбей ерулері еді. Бұл жайында Мұхаммед Салих Әл-Усаймин (сәләфилік ағым өкілі, миләди 1928 жылы дүниеге келген) былай дейді: «Кімде - кім сенім мәселесінде белгілі дәрежеде білімі болмаса, ол адамға қандай да бір ғалымға тақлид жасауға рұқсат». Ибн Хамдан (1792-1878 жж.) Ханбали мазхабының аталған мәселедегі ұстанымын былай баяндайды: «Алланы бірлігіне, жалғыздығына, сипаттары мен пайғамбарлардан келген барлық сенімге байланысты тақырыптарда тақлид жасауға болмайды. Бұл – мазхабтағы танымал болған ғалымдардың жолы». Яғни ислам ғұламаларының бірауыздан келісуі бойынша сенім, иман мәселелерінде Құран мен хадистерге анық көз жеткізбей тұрып адамның дегеніне еруге болмайды. Өйткені адам баласының амалдарының қабыл болуы сеніміне тікелей байланысты. Қате сенім дұрыс жолдан тайдырып, жасаған ізгі амалдарды құрдымға кетіреді. Діни ізденіс пен білім алуда немқұрайлық таныту – адасушылыққа жол бастайтыны анық.
Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы І.Нағызхан
Ақида ілімінің маңыздылығы