Ақ неке – адал ұрпақ пен қайырлы қоғам кепілі
Ақ неке – адал ұрпақ пен қайырлы қоғам кепілі
07.09.2020
1634
0

Дана халқымыздан сөз артылған ба? Жалғыз жүрген жандарды көргенде «Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасқан» - деп Алла Тағаланың жалғыз екендігін айтумен қатар ет пен сүйектен жаралған пенде атаулысына үйлену, отбасын құру қажеттігін бір ғана сөзбен жеткізіп кеткен.

Бұл сөздің төркіні қасиетті Құран Кәрімнен бастау алады десек қателеспейміз. Себебі, Алла Тағала Құранның «Нәбә» сүресінің 8-аятында:

أَزْوَاجًا وَخَلَقْنَاكُمْ

«Біз сендерді жұп-жұп етіп жараттық» - дейді. Алланың ақ некесімен жарасымды жанұя құру адам баласының табиғи қажеттілігі. Сонымен қатар қоғам бақытының баяндылық кілті де бақытты жанұялардың қолында. Сол қоғамның баяндылығын сақтап, өмір сүріп жатқан ортамыздың дұрыс дамуы үшін тиісті шарттарды қалыптастыру діни әрі дүниелік тұрғыдан да өте маңызды іс болып табылады. Өмір заңдылығынан болар, кез келген мемлекетте өз тұрмыс ерекшеліктеріне сай бекітілген отбасы құқықтары бар. Сол секілді Ислам діні де бұл мәселені ұмыт қалдырған жоқ. Керісінше, отбасы ұғымына, жанұя жарасымына ерекше мән беріп, үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырып, шаңырақ құру және сақтаудың заңдылықтарын адам құқықтары жайлы сөз қозғау мүмкін емес сонау ерте заманның өзінде бекітіп берген. Ата-бабамыз да өзінің салт-дәстүрінде неке ұғымын Ислам дінінің шеңберінде қалыптастырып, соған сай ұстанымдарын бекіткен. Қазақ халқы ақ некені қадірлеп, қастер тұтқан.

Негізінен отбасы кішігірім мемлекет болғандықтан оның іргесін қалар кезде, бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Сондықтан отбасын құрудың ең алғашқы қадамы адал ақ некеден басталады. Неке арабтың «никаһ» сөзінен тілімізге еніп, «жинау, қосу» деген мағынаны білдірсе, діни термин ретінде шариғат қағидалары мен шарттарына сай үйлену дегенді білдіреді. Ислам дінінде неке адал саналып, ал некесіз ер мен әйелдің бірге болуы арам етілген. Себебі, дініміз неке арқылы пәк ұрпақ жетілдіруді көздеп, адамзат қоғамының баяндылығын мұрат еткен.

Бір Аллаға иман келтірген мұсылман үмбетінің бұл дүниеде таухид сенімнен кейінгі тапқан ең қымбат олжасы – иманды әйел. Пайғамбарымыз (с.а.с.) жеткен хадисте:

 «Мына жалған бүтіндей өткінші дүниеден құралған. Бұл жалғанның ең қайырлы дүниесі –  ізгі әйел»,- деген.

Осы мағынада «Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» - деп тәрбиелейтін нақыл сөз қалыптасқан.

Әйел – ер азаматтың үй бикесі, өмірлік жолдасы және перзенттерінің анасы. Сонымен қатар, мұсылманның ар-намысы мен мал-мүлкін сақтаушы да сол әйелі. Егер ер жігіттің таңдап қосылған қосағы ізгі болса, дүниеде берілген жақсылықтардың бірі осы болмақ. Және де Алланың берген нығметтерінің ішіндегі ең үлкені де осы иманды әйел.

Ал енді ақ некемен отбасын құруды міндет еткендегі хикметі неде? Әрине әлсіз жаратылған адам баласының жан тыныштығын табуы мен зинаға жоламауда. Бұл туралы Құранның «Исра» сүресі 32-аятында:

وَلَا تَقْرَبُوا الزِّنَا

«Зинаға жоламаңдар!» - дейді. Неге зинаға жоламау керектігі жайлы осы аяттың жалғасында Алла Тағала:

إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاءَ سَبِيلًا

 

«Өйткені, Ол анық арсыздық және жаман жол» - дейді. Зина атаулының зардаптарын тізіп айтар болсақ өте көп. Ал, олардың ішінде жеке адам баласына ғана емес, қоғамға да тигізер зардаптары баршылық. Мысалыға солардың бірнешеуін атап өтсек, отбасылардың шаңырағы шайқалып, ажырасып, балалар жетім, әйелдер жесір болып қалуы, жасанды түсік жасату белең алады. Яғни шарананы жарық дүниеге келтірмей өлтіру десек қателеспейміз, қызтекелердің (көгілдір) көбеюіне себеп, қоғам бұзылып, азғындалған соң, Алланың азабына ұшырайтын болады, жыныстық ауруларға шалдығу. Олардың емделуге келетіні әрі келмейтіні де бар. Байһақи риуаят еткен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисі: «Жаман әйелдер көбейіп, қоғамда зина етек алса, халық бұрын-соңды көрмеген жұқпалы ауруларға ұшырайды» - ақиқатқа айналғандай.

Сонымен қатар қазақ халқы да, ислам діні де тектілікке өтке қатты көңіл бөлген. Тектілік дегенде ол өзінің бай-бақуатты ата-тегімен мақтануы емес. Керісінше адал өмір сүру міне сол шынайы – тектіліктің белгісі. Ал, зинадан пайда болған, арамнан көз ашпаған пенденің тектілік деген ұғымға үш қайнаса да сорпасы қосылмайтындығы анық.

Сондықтан жар таңдау кезінде дініміз әйел затына ердің иманының беріктігіне және мінезінің көркемдігіне назар аударуды өсиет етеді. Өйткені, Алладан қорыққан ер әйелді Алланың аманаты деп біліп, қиянат жасаудан сақтанады. Сондай жігіт қана отбасын асырау, ерлі-зайыптылық хақтарын орындау, балаларын тәрбиелеу, намысты қорғау, үйді қажетті нәрселермен қамтамасыз етудегі міндеттерін толық орындайды, құлшылығына көмектеседі.

Мына сынақ дүниенің көптеген қиыншылықтары мен қуанышына ерлі-зайыптылар бір бүтін дене болып бірігу арқылы еңсеру керек. Әйел мен ер адам киім секілді бір-біріне көрік берумен қатар, отбасы ошақ қасындағы сырлы сұқбаттарын да сыртқа тасымаулары керек. Бұл туралы «Бақара» сүресінің 187-аятында:

هُنَّ لِبَاسٌ لَكُمْ وَأَنْتُمْ لِبَاسٌ لَهُنَّ

 «Әйелдер (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, шаттыққа бөлейтін және көрікті қылатын) киім секілді, сендер де олар үшін дәл сондай киім секілдісіңдер» - деп баяндалады. Алла Тағала осылайша айтуы арқылы бақытты, баянды отбасы болудың сырын ашқандай. Ендеше біз де Алла Тағала бұйырған һәм разылығына бөленген бақытты отбасылардың бірі болайық!

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің басшысы   М.Мұстафаев

0 пікір