Қазіргі таңда елімізде интернет пайдаланушылардың саны қарқынды түрде дамып келеді. Адамдардың барлығы алдыңғы қатардағы пайдаланушы саны көп деген барлық әлеуметтік желіге тіркеліп, пайдаланып әр түрлі ақпараттар көздерін алып жатыр. Қазіргі кезде әлеуметтік желі пайдаланушылар арасында дұрыс емес ақпараттар таратылып, әр түрлі заң бұзушылыққа жол беретін, пайдасы жоқ топтар да құрылып, оны пайдаланушылардың саны да арту үстінде. Бұл өз кезегінде әлі ой-қабілеті толығымен қалыптаспаған жастардың дұрыс тәрбие алуына кері әсерін туғызатыны белгілі.
Қоғамды алаңдататын мәселелердің бастысы – жастардың теріс ағымға арбалуы. Себебі әлеуметтік желінің қолжетімділігі теріс ағым идеологиясының кеңінен таралуына тиімді болып отыр. Әлемуеттік желілер әсіресе жастарды тура жолдан тайдыратын теріс ағымдардың негізгі құралына айналды. Әлеуметтік желілер жастардың құндылықтар жүйесіне және экстремистік көзқарастардың қалыптасуына әсер етудің маңызды факторына айналуда. Бүгінгі таңда радикалды діни топтардың түрлі айла әдістерді қолдану арқылы жастарды өз қатарларына тарту түрлері аз емес. Әсіресе, жастарға ықпал ету мақсатында пайдаланушы саны көп «Facebook», «ВК», «Instagram», «YouTube» желілері бойынша және түрлі мессенджерлар арқылы, экстремистік және террористік идеяларды насихаттайтын аудио және бейне роликтер, әдебиеттерді тарату мен насихаттау, мотиваторлық жариялымдарды кеңінен шығару арқылы өз идеологияларын таратуда. Діни радикализм мен экстремизм идеологиясы қоғам санасына әлеуметтік желілер мен электронды қосымшалар, әр түрлі сайттарда көрсетілген теріс мәліметтер арқылы ақпараттық-психологиялық әсер етуде. Соның салдарынан дұрыс ой-қабілеті қалыптаспаған жастардың санасында отанға деген сенімсіздікті, отансүйгіштік сезімнің болмауын, отбасы ішіндегі келеңсіздіктерді, қоғамның екіге бөлінуін тудырады.
Жастардың теріс діни ағымдарға тартылу себептері ретінде интернет пен әлеуметтік желілердегі теріс ағым сипатындағы видео, аудиолар, теріс діни әдебиеттер, әлеуметтік, материалдық жағдайы төмен жұмыссыз жүрген жастарды қаржылай көмек беру арқылы ынталандыру, психологиялық жағынан колдау беру арқылы теріс ортаға бейімдеу, отбасындағы махаббаттың жетіспеушілігі мен діни қызығушылығын пайдалану, психологиялық қысымда жүрген, күйзелісте жүрген жастарға демеу болу секілді мәселелер. Бұл мәселеге қарсы идеологиялық күрес жүргізіп, жастар бойында теріс бағыттағы идеологияға қарсы ой қалыптастыру қажет. Жастар бойындағы теріс бағыттағы идеологияға қарсы тұру үшін діни ақпараттарды оқып-білер кезде ішкі рухани ойдың дұрыс болуы керек. Интернет, әлеуметтік желілерде, жалпы діни ақпарат алуда сезімге бой бермей, бірден сеніп қалмай ақпараттың дұрыстығына көз жеткізе білу. «YouTube», «Facebook», «Telegram», «Instagram», «Twitter», «ВК» сияқты әлеуметтік желілерін қолданушылар санының артуына байланысты, интернет ресурстарына үздіксіз мониторинг және талдау жұмыстарын жасап отыру арқылы, жастардың санасының бұрмалануын алдын алуға болады. Онымен қоса ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүріміз бен тарихи-мұраларымызды санасына сіңіру, дұрыс бағыттағы шынайы дәстүрлі діни тәрбие беріп, танымдық ойлау қабілетін кеңейту қажет деп ойлаймын. Діни тәрбие адам бойында ар-намыс, Отанға деген сүйіспеншілік, елге, жерге, отбасына деген махаббат сезімдерін оятады.
Сонымен қоса жастардың діни сауатын жетілдіру жұмыстарын тек қана білім беру ошақтарымен, орталықтармен ғана шектеп қоймай, олардың бос уақытын көп арнайтын әлеуметтік желілерді құнды да бай, тағылымды бағдарламалармен, ақпарат көздерімен толықтыру қажет. Сондай-ақ, жастар көп қолданатын әлеуметтік желілерге дәстүрлі дін мен салт-дәстүрдің құндылықтарын дәріптейтін парақшаларды мазмұнды материалдармен толықтырып, оқырмандар санын арттырып, мағыналы жарияланымдарды шығарып отыру қажет. Сонда теріс ағымды таратушыларға біршама тойтарыс беруге болады деп ойлаймын.
Біздің еліміздің әрі қарай дамуы тікелей жастарға байланысты болғандықтан, жастардың рухани деңгейі жоғары, сауатты болуы маңызды. Қоғамның дерті болған әлеуметтік желіде жастардың алданып, теріс ағымдармен санасының уланбауы үшін отбасы, қоғам, мемлекет бірге жұмылып күресіп, оларды дұрыс рухани азықпен сусындата алу қажет деп ойлаймын.
Ж.Байгерей
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
дінтанушы маманы
Әлеуметтік желілер және жастардың рухани қауіпсіздігі