Бүгінде әлеуметтік желілердегі әдемі өмір мен «успешный успех» культі агрессивті жарнама ретінде адамдарда бәріне қол жеткізу оңай және қарапайым жолмен қол жеткізуге болады деген ой тудырады. Кейбір жастар осыған сеніп, қымбат уақыттарын босқа өткізеді. Кез келген жетістіктің артында тынымсыз еңбек тұрғандығын ойлай бермейді.
Еліміз дамуы үшін еңбекқорлық пен жауапкершілік жастарымызға, ұлтымызға тән қасиетке айналуға тиіс.
Еліміздің әрбір азаматының өмірлік мақсатының адал әрі жауапты еңбек арқылы табысқа жету болуы керек. Жауапкершілігі мол азамат – адал еңбек пен адал табысқа қол жеткізері анық.
Халықтың көп бөлігі, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін телефонды қолданып, әлеуметтік желілерде біраз уақытын өткізеді. «Уақыттың бос өткені – өмірдің бос кеткені» деп келген халық қазірде телефонға телмірумен өмірін өткізіп жатқаны жасырын емес.
Ғаламтор, оның ішінде әлеуметтік желі – ғылым мен техниканың шынайы жетістігі. Интернетті қолдана алатын кез келген адам өзіне қалаған ақпарат пен мағлұматты тауып, қажетіне жарата алады. Мазалап жүрген сауалдарының жауабын табады. Әлемдік жаңалықтар мен оқиғалардан хабардар болып отыруға көмектеседі. Бұл жағынан ғаламтор адамның білімі мен қабілетін, тұлғалық қасиеттерін дамытуға өте жақсы көмекші.
Әлеуметтік желіде шек жоқ. Алыста жүрген ата-анаңмен де, туған-туыстарыңмен де емін-еркін байланыс ұстайсың, сөйлесесің, хабарласасың. Тіпті, адамдардың қолы жетпейтін жерге осы ғаламтордың қолы тиіп тұр. Көрісе алмаған адамыңмен ғаламтор арқылы байланыс орнатасың. Интернеттегі қызықты жаңалық, сайттар, кітаптар, кинолардың сілтемелерін ұсынып, алмасады.
Сонымен қатар қазір әлеуметтік желі арқылы өз бизнесін дөңгелентіп отырғандар баршылық. Өйткені, бұл – ақпарат алмасудың тиімді әрі арзан жолы. Өндірушілер өз тауарларын жариялап жатса, жұлдыздар өмірін, ақын-жазушылар шығармаларын жариялап әлек. Тіпті қазір осы желі арқылы кімнің қайда, кіммен отырғанына дейін білеміз. Қайда барса да, телефонына телміріп отырғаны. Сондай-ақ компаниялар өздеріне жұмыскер іздеуде осы әлеуметтік желінің көмегіне жүгініп жүр.
Әлеуметтік желінің жұмысы карантин кезінде адамдардың өмір сүру үрдісін өзгертті. Себебі, виджет, гаджет, блог, Facebook, Instagram, Telegram, WhatsApp, В Контакте, Twitter, YouTube, TikTok сияқты құралдар кез-келген ақпаратты жылдам алуға жол ашты.
Жақында ақпараттық порталдардың бірінде ғалымдардың әлеуметтік желі туралы зерттеулері жазылды. Онда «Инстаграм» желісі депрессияға ұрындыратын желі деп айтылған. Бұған себеп те жоқ емес. Инстаграмды ашсаңыз, шетелге шығып қыдырып, бренд киім киіп, соңғы үлгідегі телефон ұстап, қымбат маркалы көлік мініп, зәулім үйде тұрып жатқандарды көресіз. Басқаның бәрі алға озып, ал сіз қарапайым күйде қалып қойғандай сезімде боласыз. Содан кейін осы күйіңізге өзіңізді, сосын айналаңызды кінәлай бастайсыз.
Ал «ВКонтакте» желісі, суицидке апаратын желі болып шықты. Мүмкін оның еліміздегі жасөспірімдер арасында суицидтің белең алып тұрғанына да ықпалы бар шығар.
Сонымен қатар халықаралық террористік және діни экстремистік ұйымдардың қатарына қосылғандардың 80 пайызын осы әлеуметтік желілер арқылы сол ұйымдардың әр түрлі уағыз-насихаттарын көріп келгендер құрап отыр. Біздің жастарымыз да діни ақпараттарды әлеуметтік желілерден алуға құмар.
Әлеуметтік желілер – уақыт ұрлаушылар. Адамның желіге тәуелділігі сондай, бас алмай отырып уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай да қаласыз. Әлеуметтік желі әрбір үшінші жұптың ажырасуына себепкер екен. Мамандардың пайымынша, жас отбасылар көп жағдайда әлеуметтік желіде туындаған кикілжіңнің салдарынан ажырасып жататын көрінеді. Көптеген жастар сыңарын табу мақсатымен бейтаныс адамдармен танысып, бармақ тістеп қалатын кездер де аз емес.
Психологиялық тұрғыдан, ғаламтор, ұялы телефон, әлеуметтік желі байланыстарының адамға кері әсері мол. Балалар кішкентайынан дамыту, сергу ойыншықтарына емес, ата-анасының ұялы телефонына ұмтылуда. Алғашында ол балаға жай бір жарық беретін, жылжитын, не сурет көрсететін зат сияқты қабылданса, кейіннен қызығушылығы тек бір сол телефонға ғана байланады. Бұл баланың дамуына, қоршаған ортаны сезіп білуіне, иіскеп тануына, айналадағы құбылыстарды сезінуіне кедергі жасайды. Көзіне зияны өте зор. Баланың тәбеті де бұзылып, белгілі бір режимдерден ауытқиды.
Үйде, далада, көлікте, сабақта, тіпті тамақ ішу, демалу, тынығу уақытында да ұялы телефондарын құшақтап жататын тәуелділік жасөспірімдердің 95 пайызында кездеседі. Балалардың көзбе-көз қарым-қатынас жасауларының, достық сезімінің, жан ашу, қамқорлық жасау деген игі қасиеттердің төмендеуіне де ықпал етеді.
Міне сондықтан да әр затты өз орнымен, өз уақытымен, белгілі бір шектеумен қолдануын қадағалауға және бұл трагедияның, мәселені жеңілденуіне бала тәрбиелеп отырған әр ата-ана үлкен мән беріп, алдын алғаны жөн.
Б.Өтеген
Түркістан облысы дін істері
басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы
Әлеуметтік желідегі әдемі өмір