Әлемде әртүрлі халықтар мен мәдениеттердің рухани сенімдерін білдіретін көптеген діндер бар. Олардың ішінде жаһандық ықпалы зор болғандықтан «әлемдік діндер» деп аталатын ірі діндер бар. Олар – ислам, христиандық, буддизм, иудаизм және индуизм. Бұл діндердің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері болса да, оларды біріктіретін ортақ құндылықтар да жетерлік. Осы мақалада біз осы әлемдік діндердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын қарастырамыз.
Ұқсастықтары:
Жоғарғы күшке сену барлық әлемдік діндер белгілі бір жоғары күштің, жаратушы немесе рухани әлемнің бар екеніне сенеді. Мысалы, исламда - Алла, христиандықта – Құдай (God), иудаизмде – Яхве, индуизмде – Брахман, ал буддизмде нақты құдай болмаса да, карма мен нирвана ұғымдары арқылы рухани шындыққа сенім бар. Барлық діндер жақсылық жасау, жамандықтан аулақ болу, адалдық, мейірімділік, кішіпейілділік сияқты адамгершілік қасиеттерді насихаттайды. Бұл – адамзат қоғамын бейбіт, әділетті етуге бағытталған ортақ мақсат.
Қасиетті кітаптар мен мәтіндерге тоқталар болсақ дерлік әлемдік діндердің барлығының жазбаша түрде сақталған қасиетті мәтіндері бар: исламда – Құран, христиандықта – Інжіл (Библия), иудаизмде – Таурат, индуизмде – Ведалар, буддизмде – Трипитака және басқа да сутралар.
Ғибадат ету және құлшылықта барлық діндерде белгілі бір түрде ғибадат рәсімдері бар: намаз, дұға, медитация, ораза, мерекелер, құрбандықтар және т.б. Бұл құлшылықтар адамның рухани әлемін нығайтуға және жаратушымен байланысын күшейтуге бағытталған.
Өмір мен өлімнен кейінгі сенімде діндердің көпшілігі өлгеннен кейін өмір бар дегенге сенеді. Ислам, христиан, иудаизм – жұмақ пен тозаққа сенсе, буддизм мен индуизмде реинкарнация және карма заңдарына негізделген.
Айырмашылықтары:
– Ислам, христиан, иудаизм – монотеистік діндер, яғни бір құдайға сенеді;
– Индуизм – политеистік, яғни бірнеше құдайларға сенеді, бірақ біртұтас;
– Жоғары Рух (Брахман) идеясы да бар. Буддизм – Құдайға табынудан гөрі адамның ішкі дамуына негізделген, философиялық бағыт басым.
Пайғамбарлар мен рухани көсемдер
Ислам Мұхаммед пайғамбарды соңғы елші деп таниды. Ислам – VII ғасырда Араб түбегінде пайда болған монотеистік дін. Пайғамбары – Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.), қасиетті кітабы – Құран. Мұсылмандар Алла Тағалаға сеніп, бес парызды орындауы тиіс: иман, намаз, ораза, зекет, қажылық. Исламда әділет, мейірім, сабыр, адалдық басты құндылықтар саналады.
Христиандықта Иса Мәсіх Құдайдың ұлы деп есептеледі. Христиандық – біздің дәуіріміздің І ғасырында пайда болған дін. Ізбасарлары Иса Мәсіхті Құдайдың ұлы және адамзаттың құтқарушысы деп таниды. Қасиетті кітабы – Інжіл. Христиандар үшін сүйіспеншілік, кешірім және сенім маңызды. Христиандық католицизм, православие және протестантизм бағыттарына бөлінеді.
Иудаизмде пайғамбарлар маңызды, бірақ Иса Мәсіх пайғамбар ретінде мойындалмайды. Иудаизм – ең көне монотеистік діндердің бірі. Еврей халқының ұлттық діні болып табылады. Құдай – Яхве, қасиетті жазбасы – Танах (оның ішінде Таурат). Пайғамбарлар арқылы берілген заңдар мен өсиеттерге негізделген. Иудаизмде заңға (Тораға) мойынсұну, дәстүрді сақтау өте маңызды.
Буддизмде Будда – ағартушы тұлға, ал индуизмде көптеген рухани ұстаздар бар.Буддизм – б.з.д. VI-V ғасырларда Үндістанда Сиддхартха Гаутама (Будда) негізін қалаған философиялық-рухани ілім. Құдай түсінігі анық емес, басты мақсат – нирванаға жету, яғни қасірет пен қайғыдан толық арылу. Буддизмде төрт асыл шындық пен сегіз қырлы жол маңызды.
Қорыта айтқанда әлемдік діндер түрлі тарихи, мәдени, географиялық жағдайларда қалыптасқанымен, олардың басты мақсаты – адамзатқа рухани бағыт беру, бейбіт өмір сүруге үйрету. Ұқсастықтары – адамзаттың ортақ құндылықтарға ұмтылысын білдірсе, айырмашылықтары – мәдени әртүрлілік пен рухани ізденістің кеңдігін көрсетеді. Сондықтан әр дінге құрметпен қарап, олардың үндестігі мен ерекшелігін түсіну – жаһандану заманында өте маңызды, әлемдік діндер – адамзат тарихының ажырамас бөлігі. Олар тек рухани бағыт қана емес, мәдени, әлеуметтік және философиялық жүйе ретінде де қоғамға ықпал етіп келеді. Ұқсастықтары арқылы ортақ құндылықтарды насихаттай отырып, айырмашылықтарын тану – әртүрлілікті құрметтеудің негізі. Қазіргі таңда әрбір адамның дінге деген көзқарасы мен сенімі қандай болса да, бастысы – өзге сенім иелеріне құрметпен қарап, бейбітшілікті сақтай білу.
Ғ.Өгембай
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru