Алаш зиялылары және ұлттық сананың қалыптасуы
Алаш зиялылары және ұлттық сананың қалыптасуы
21.05.2025
457
0

Ұлттық сана – кез келген халықтың рухани тірегі, ұлт болып ұйысуының негізгі шарты. Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси және мәдени өмірінде осы сананың жаңғыруына үлкен серпін берген – Алаш қозғалысы мен оның жетекшілері. Отарлық езгі мен рухани тоқыраудан шығудың жолын іздеген Алаш зиялылары қазақ елін тәуелсіздікке, дербестікке бастауды мақсат етті. Олар үшін ең басты міндет – елді ояту,  халықтың санасын жаңғырту,  ұлт ретінде ұйыстыру болды.  Бұл жолда олар ағартушылықты,  білім мен ғылымды басты құралға айналдырып, болашаққа кемел жол салды. Алаш идеясы – ұлттық болмысты сақтау мен жаңғыртудың өзегіне айналып, бүгінгі Қазақстан үшін де маңызды мұра болып отыр. ХХ ғасырдың басы – қазақ халқы үшін тарихи серпіліс пен рухани жаңғыру кезеңі болды.  Бұл дәуірде отарлық езгіден арылуға,  ел болуға ұмтылған ұлттық сана жаппай ояна бастады. Осындай ояну дәуірінің алдыңғы сапында жүрген – Алаш зиялылары. Олар тек саяси қозғалыс ұйымдастырған жоқ, сонымен бірге ұлттың тарихи жадысын жаңғыртып, мәдениеті мен тіліне жан бітіріп, болашаққа бағыт сілтеген көшбасшылар болды.

Алаш қозғалысы – Ресей империясының құрамындағы қазақ халқының ұлттық теңдікке ұмтылысынан туған тарихи-саяси құбылыс. Бұл қозғалыстың негізінде автономия алу,  халықты ағарту,  қазақтың тілі мен дінін, жерін сақтау идеясы тұрды. Қазақ халқының патша өкіметінің отарлық саясаты мен миссионерлік әрекеттерінен жапа шеккенін көрген Алаш зиялылары бұған қарсы тұрудың жолын іздеді. Олар саяси күрестен бұрын, ең алдымен, халықтың санасын оятуды мақсат етті. Ұлт зиялылары –  Алаш қозғалысының негізін қалаған тұлғалар – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер сынды ұлт жанашырлары еді. Олар өз заманының озық білімін меңгерген, ел тағдырына бейжай қарамаған азаматтар болды.

Әлихан Бөкейхан – қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуға бар күшін салды. Ол Алаш автономиясы идеясын ұсынды.

Ахмет Байтұрсынұлы – «Қазақ» газетін шығарып, халыққа ағартушылық рух сыйлады. Қазақ тіл білімінің негізін қалады.

Міржақып Дулатов – өзінің «Оян, қазақ!» шығармасы арқылы тұтас бір ұлтты серпілткен қайраткер.

Мағжан Жұмабаев – поэзиясы арқылы ұлт рухын асқақтатты, ұлтшылдықтың мәдени-эстетикалық көрінісін ұсынды.

Алаш қайраткерлерінің ең үлкен еңбегі – ұлттық сананың негізін қалау. Олар қазақ халқын тек рулық деңгейден ұлт деңгейіне көтеруге тырысты. Алаш идеясы арқылы қазақ өз болмысын қайта таныды: тіл, діл, дін, жер, мемлекет туралы жаңа түсінік қалыптасты. Олар: Қазақ тілін ұлттың жаны деп таныды. Жерді елдің іргесі деп қорғады. Ислам дінін ұлттық тәрбие мен рухани тұтастықтың негізі деп білді. Білім мен ағартушылықты ұлтты жаңғыртудың басты құралы ретінде ұсынды. Кеңес үкіметі орнаған соң Алаш зиялылары қуғын-сүргінге ұшырады, бірақ олардың идеялары жойылған жоқ. Керісінше, кейінгі ұрпақ үшін рухани бағдаршамға айналды. Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде Алаш мұрасы қайта зерттеліп, тарихи бағасын алды. Бүгінде білім беру, тіл саясаты, ұлттық тәрбие жүйесінде Алаш идеясы өзектілігін жоғалтқан жоқ. Алаш зиялылары – ұлт тарихындағы ең жарқын тұлғалар. Олар қазақ халқын бодандықтан босатуға ғана емес, рухани жаңаруға да бастады. Алаш қозғалысы –  бұл тек саяси күрес емес, ұлттың өзін-өзі тануының, жаңғыруының символы. Бүгінгі ұрпақ Алаш идеясының мұрагері бола отырып, ұлттық сананы әрі қарай дамытып, болашаққа сеніммен қадам басуы тиіс.  

 

 Қ.Мырзабай

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің  теолог маманы                                                           

 

0 пікір