Әл-Фараби шығармаларындағы діни-рухани ізденістер
Әл-Фараби шығармаларындағы діни-рухани ізденістер
19.08.2020
3866
0

Қасиетті қазақ топырағы талай ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген киелі мекен. Қазақ даласынан шыққан ойшыл азаматтар орта ғасырларда бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгеріп, артында том-том болған мұраларын қалдырып кетті. Олардың ішінде ойып тұрып орын алатын қазақ даласының шоқтығы биік дара тұлғасы – Әбу Насыр әл-Фараби.

Әбу Насыр әл-Фараби – Аристотелден кейінгі дүниежүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист, ғалым, ойшыл, философ, математик, астролог, музыка теоретигі.

«Мұсылман Ренессансы» аталып кеткен сол заманға тән оның шығармалары белгілі бір дәрежеде орын алады. Фараби шығармаларында көне замандағы дәстүрдің және «Бірінші ұстаз» аталып кеткен Аристотельдің тарих бойында қалдырған әсері, неоплатонизмнің, несторионшылдықтың және исламның әсерімен Аристотел идеяларының өзгеруі айқын көрінеді.

Фараби әл-Киндидің ізін қуып, философия мен ғылымның барлық салалары бойынша үлкен жетістіктерге жетеді. Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика» сынды еңбектеріне түсініктемелер жазды.

Фарабидің ойынша адам адами мәнді ғылым, философия, поэзия, музыка арқылы іске асырады. Адам мақсатын Әл-Фараби жаратушыдан берілген шығармашылық әрекеттен көрді. Шынтуайтына келсек ойшыл ұғымын кәміл меңгеру үшін теология бағытын меңгеруге маңызды, сонда ғана оның терең ойларын дін тұрғысынан түсіну жеңілірек болады. Діни ұғымды тереңдете түсу үшін құқықтың (фиқһ) маңызы зор. Фиқһтың бұлтартпайтын көңілге сиярлық дәлелдеріне түсіндірме жасау фақиһке жүктеледі.

«Әл-Фараби дін философиядан кейін, ал калам мен мұсылман құқығы діннен кейін пайда болады деп есептейді. Философия мен діннің қайсысы бірінші пайда болғаны әл-Фараби үшін маңызды болып көрінеді. Кейде дін мен философияның бір-біріне қарама-қайшы келетін тұстары бар. Ол жөнінде әл-Фараби діни шарттылықтарды негіздей отырып, нақты тұжырымдамаларды ұсынады. Сонымен қатар бұл туралы мутакаллимдер мен мутазалиттердің де пікірін назарға алуға болады.

Әл-Фарабидің философиялық жүйесінің негізінде үш басты мәселе қарастырылады: 1. Дүниенің мәңгілігін мойындау; 2. Кез-келген құбылысты зерттеуде детерминизм (табиғатта және қоғамда кездесетін оқиға, құбылыстарды, оның ішінде адамның еркі мен мінезінінің себептерін, заңдылығын зерттейтін ілім) негізінде тұруы; 3. Жеке адам рухының өлмейтіндігін жоққа шығару туралы ілімі.

Бұл – діннің негізгі қағидаларына сәйкес келе бермейтін түсініктер. Алайда біз аталған үш пікірмен шектеліп қалатын болсақ, онда бұл ойшылдың ұтымды жақсы пікірлері бар, бірақ олар қиыспайтын діни теологиялық қабыққа оранған деп түсінген болар едік. Мәселеге мұндай қырынан келу дұрыс болмас еді, нақтырақ айтқанда, нақты тарихи тұрпат, көзқарастар тұтастығы жойылады.

Әбу Насыр әл-Фарабидің өзінің «Философияның дінге қатысы атты еңбегін «Мейірімді, мейірман Алла үшін...» деген сөздермен бастауы да кездейсоқ емес. Көп жағдайларда оның Құран мәтіндеріне баса назар аударуы, бұл үзінділерді түсіндіруі өзінің тұлғалық поэзиясымен бірге Құран сөздерін логикалық пайымдау тұрғысынан жүзеге асырады. Осы арқылы философ дүниедегінің бәрі түсіндірілуі қажет екенін және түсіндіруге болатынын көрсетеді. Сондықтан Құран мәтініне қарап, оны түсініп және түсіндіру керек. Әл-Фарабидің Құран мәтіндерін осылай еркін түсіндіруін оның арабталған түркі болғандығынан (ал Құран Исламға дейінгі  арабтардың дүниетанымының , олардың мәдениетінің көрінісі), Құранның сакралды қатынасына байланып қалмағандығымен немесе оның ақиқатты іздеумен сабақтасқан жеке философиялық ұстанымымен түсіндіруге болады.

А.Қабылова еңбектерінде көрсеткендей нағыз ислам философы ретінде әл-Фараби Мұхаммед пайғамбарды (с.а.с), оның Алла жөніндегі танымын мойындайды. Аллаға, періштелерге, қасиетті кітаптарға, Пайғамбарларға, Ақирет күніне, тағдырға сену сияқты Ислам ілімінің барлық алты белгісі Фараби шығармаларында тура болмаса да, өзіндік бір ерекше түрде  келтіріледі.

Әл-Фараби «Қайырымды қаласында» періштелер жөніндегі ислам ілімінің барлық жағын қарастыруға тырысады. Фараби трактаттарында періштенің аян болуы мен елестеуі туралы бөлім бар. Бұл жерде философ әрекет етуші интеллект бейнесін өңдеуге қабілетті қиялдағы күштер әрекетін қарастырады. Фараби үшінші сенім негізі болып табылатын қасиетті кітаптарға сенімді жеке дара бөліп қарастырмайды, дегенмен осы  сенім негізі туралы тұтас түсінік бар.

Пайғамбарларға сенім әл-Фарабидің әділетті әкімдер туралы тұжырымдамасында жарқын көрініске ие. Исламның төртінші сенім негізі бойынша мұсылман адам барлық пайғамбарлардың ақиқаттығына сену керек.

Құран сүрелерінде көрсетілген пайғамбарлар жөніндегі ілім монотеистік діндердің сабақтастығын айтып қана қоймайды, адамзаттың шығу тегінің бір екендігі идеясына алып келеді. Фараби ханиф, елші деген сөздерді қолданбайды, бірақ имам, пайғамбар түсініктерін пайдаланады. Сонымен бірге «Қайырымды қала», «Бақытқа қол жеткізу» атты еңбектерінде пайғамбарлық мәселелерін алға тартады.

Ислам сеніміндегі Ақирет күніне илану Фарабиде өзіндік бір келбетте көрінеді. Жалпы ақырзаман туралы ілім Құранда жазылған мінез-құлық нормаларымен байланысты. «Оның қашан болатыны жайлы білім тек қана Раббымның жанында. Оның уақытын Одан басқа ешкім білдіре алмайды» (Ағраф сүресі). Бұл туралы ойын әл-Фараби өзінің «Қайырымды қаласында» өлгеннен кейін қайырымды қала тұрғындарының жандары бір-бірімен қауышады, ал адасқан және надан қала тұрғындарының жаны өлген соң ыдырап, ажырап кетеді деген идеясымен айқындайды.

Ислам ілімі мен Фараби мұралары төркіндес, мазмұндас болып келеді. Діннің адамзат баласының ақыл-ойын жаулап алғанына қарамастан, уақыт жағынан алып қарағанда, ол философиядан кеш туғанына көз жеткіземіз. Бір сөзбен айтқанда, діннің көмегімен халықты ағартушылық, яғни білім жолына сала отырып, саналық және тәжірибелік заттарды үнемі іздестіруге мүмкіндік аламыз.

 

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы                                                                                    Б.Өтеген

0 пікір