Қазақ даласы қол бастаған батыр мен сөз ұстаған шешенге сірә кенде болмаған. Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Бұл қарашы мен ханға бірдей әділдігін орната білген даланың ділмарларына айтылса керекті. Қазақта би көп болған. Әуелі би деген кім, ол не қызмет атқарған соны ашықтай кетсек. Би – ел арасында болған дау-жанжал, жаза-кесім, екі жақты, тіпті екі елді жөнге салып бітімге келтірген ақсүйек, шешен, елбасы десек жарасар. Ел арасында аты мен атақ абыройы сақталған, жадымызда жатталған үш би бар. Олар Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би. Өз заманында талай тентекті тезге салып керек жерінде хан сұлтанныңда алдында айылын жимай Хақтың ақ жолынан таймаған тұлғалар. Соның бірі Әйтеке би.
Әйтеке би Бәйбекұлы 1644 жылы (қазіргі Өзбекстан аумағына қарасты) Қызылша деген жерде текті әулетте дүниеге келді. Ол Кіші жүздің тайпалар одағынан Әлім, оның ішінде Төртқара руынан шыққан. Оның ру шежіресінде қазақ тарихындағы атақты Әмір Темір мемлекетінің негізін қалап, Самарқанды өзінің астанасы еткен Әмір Темірдің ең жақын кеңесшілерінің бірі Ораз би, Қоқан ханы Ақша, Самарқанды басқарған Жалаңтөс қатарлы адамдар болды. Әйтеке би жастайынан Жалаңтөс баһадүр басқарған Самарқанның бұқар хандары сарайларында тәрбиеленді. Ол Ұлықбек медресесінен, одан кейін Самарқандағы «Шер-дор» (кейбір дерекөздерде Бұқарада) білім алды. Сол кездегі медреселерде білім берудегі міндетті пәндер болып саналатын мұсылмандық құқық, логика, тарих, астрономия, математика мен риторика салаларынан жоғарғы білім де алды. Ол араб, парсы және шағатай тілдерін жетік түрде игерді. Осылардың барлығынан бұрын ол өз бойына көшпелі қазақ қоғамының құндылықтары мен мәдени дәстүрлерін сіңіре білді. Әйтеке бидің өмірлік ұстанымы – отаншылдық, өзіндік еркін ой мен өз халқына жанкешті қызмет ету болды. Ол 25 жасында-ақ өзбектер мен қарақалпақтардың бір бөлігі мен Кіші жүздің бас биі болып сайланды.
Тайпа аралық мәселелер мен елдің ішкі және сыртқы саяси мәселелерін талқылау мақсатында Ордабасы, Күлтөбе мен Ұлытауда жүйелі түрде құрылтай өткізіп тұрған. Бұл жиындарға барлық рулардың сұлтандары, беделді билер, жыраулар мен батырлар шақырылды. Олар сол кездегі қазақ қоғамының өмірі жайлы шешімдер қабылдады. Тәуке хан тұсында халық арасында: «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген сөз айтылған. Әйтеке би Тәуке ханның Хандық Кеңесіне Кіші жүздің бас биі ретінде тартылды. Тәуке хан сол кездегі Төле би, Қаздауысты Қазбек би, Әйтке билер қатарлы жеті ірі биге орталықтандырылған қазақ хандығының құқықтық негізі – «Жеті Жарғыны» дайындауды тапсырды. Бұл сонау Ұлы Шыңғыс ханның «Ұлы Яса» заңынан кейін ішінара толықтырулар жасалып жеткен құқықтық жүйе болатын.
Әйтеке би тек сарай кеңесінде ғана отырып қалмай жауынгерлік дарыны да болды. Жоңғарлардың Сайрам қаласына шабуылын тойтаруға қатысқан. Ал 1683 жылы ол өзі Кіші жүздің әскери жасағын басқара отырып, бес мың әскерімен жоңғар әскербасы Ғалдан-Бошақтыға қарсы соғыста жеңіске жетті. Бірақ ел ішіндегі тақтан дәмелі хан сұлтандар елдің ішін сетінетіп халықты азапқа салып құлдық қамытын киетін кезге жеткізді. Өз халқының құлдыққа түскенін көргісі келмеген Әйтеке би Құдайдан жедел өлімді тілеп Хан Кеңесін тастап, Нұрата маңындағы өзінің туған жеріне жетеді. 1700 жылы үш бидің ішіндегі ең кішісі 56 жасында қайтыс болды.
Күлтөбенің басындағы дәстүрлі жиындардың бірінде Әйтеке би жиналғандарға қарап: «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме? Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме? Ел тірегі – ер, ер тірегі – ел бола білген қауымның басынан бағы кетер ме? Есті еріңді ез тұтсаң – өзіңді өзің қорларсың, есеріңді ер тұтсаң – іргеңізден жау кетпей, төріңізден дау кетпей, сойқанға сойқан жолығып, соларсың да зорларсың. Ел мұраты – көрешек, ер мұраты – келешек, көрешегін күйттеген – түбі қоймас сүрінбей, келешегін күйттеген – түбі қоймас сүйенбей. Жетелі ер адаспас – бабадан қалған сөз бар ғой, жетелі ел адаспас – бағзыдан қалған сөз бар ғой!» деген екен.
Әйтеке би жоңғар шапқыншылығына қарсы үш жүздің басын қосуға, ойраттар мен орыстарға қатынаста белгілі бір тепе-теңдікті орнатуға ықпал етті. Ол Хан Кеңесінде бернеше рет үш жүздің басын біріктіру, жас жауынгер-сардарлар ішінен заманауи әскери өнерді игерудің қыр-сырын түсінетін қолбасшы таңдау, күшті одақтас іздеп ешкімге бодан болмау жөнінде айтқан болатын. Әйтеке би 1699 жылғы көктемде өткен Хан Кеңесінің кеңейтілген отырысында атақты билер мен ру басыларына арнап: «Ат төбеліндей сіздердің байлықтарыңыз халыққа қорған бола алмайды. Сендер өздерің бай болғанмен, халықты дұрыс жолға сала алмадыңдар. Барлық сұлтандар, билеуші-төрелер, ру басылары параға белшесінен батты. Орыстардың берген азын-аулақ сыйлығына, бұқарлықтар мен хиуалықтардың шапанына алданған олар өз халқын оңды-солды, бүтіндей және жекелеп сатып жатыр. Басқа тойымсыз, мансапқор және атаққұмар билеушілер жоңғарлармен қақтығысты өздерінің бас пайдасына бұрып хан тағына отырамын деген есек дәмелі арам ойдың орамына шомылып жүр. Бидің ең ұлы мақсаты – халық бірлігі. Қолбасшының биік мақсаты – тұйықтан шыға біліп, құлдықтан қашу. Туған өлкесінен айрылған жігіт – бақытсыз. Жерінен айрылған халық – бақытсыз. Ал зұлым жау ешкімді аямайды. Соғыс жағдайымен санасу қажет және халықтың жайлауын, қыстауын, күзеуін нақты анықтап алған жөн. Ру басылары әрдайым тұрақты қарулы әскер, халық жасағын құрып шекараға жақын қауіпті жерлерге соғыс бекетін орнықтыруы тиіс. Ол жерлерде әскери дайындықтар өткізілгені жөн. Малға бай ауылдарды Қызылқұм мен Қарақұмның ішіне қарай көшіру қажет. Біріншіден шапқыншылықтан аулағырақ, екіншіден олар керек болған жағдайда жауынгерлерді азық-түлікпен, көлікпен, ержүрек-жігіттермен қамтамасыз етуі қажет. Ешкімге бодан болмай-ақ, заманға лайық қару-жарақты сатып алу керек. Және төтенше жағдай жариялап, мылтық пен зеңбірекке айырбас жасау үшін барлық ауқатты адамдардан, төрелерден, сұлтандар мен ру басыларынан жылқы, түйе, жүн, тері түрінде алым-салық жинау абзал. Мұны халық қолдайды және еркіндік пен тыныштық үшін ештеңе аямайды. Халықтың қауіпсіздігіне жауап беретін Хан Кеңесінде тұрақты қатынасатын, сайлауға лайықты адам болсын. Егер біз барлық төнген қатерлерді көрмесек, оның алдын алмасақ халық бізді кешірмейді, қарғайды».
Бірақ амал қанша өз басының ғана қамын күйттеген төрелердің кесірінен 1723 жылы басталған Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама кезеңінде қазақтың 3/2 қырылды. Осылайша дәуір данасы Әйтеке би өзі Құдайдан өлім тілеп сол қасіретті күндерді көзі көрмей өмірден өтті. Әйтеке би кейбір деректерде Ташкент маңында өзінің ата-бабалары Ораз, Тоқпан, Сейтқұл және әкесі Бәйбек жатқан Қауыншы және Шыназ ауылдарынының жанында жерленген. Басқа бір мәлімет бойынша Әйтеке бидің мәйіті Өзбекстанның Науаи облысы Нұрат қаласындағы Әйтеке би Кесенесінде жерленген.
Мақалаға арқау болған тарихи тұлғаға қатысты деректер Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жеке сайтынан алынды.
Қ.Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Әйтеке би және оның заманы
