Әйел құқығы және ислам
Әйел құқығы және ислам
25.09.2025
290
0


Әйелдің қоғамдағы орны мен құқығы – адамзат тарихында әрқашан өзекті мәселе болып келген. Бүгінгі таңда бұл тақырып зайырлы және діни көзқарастар тұрғысынан жиі талқыланады. Ислам діні әйелдің құқығын қорғайтын, оның ар-намысын биік қоятын және қоғамдағы рөлін айқындайтын діндердің бірі. Алайда кейбір заманауи түсініктер мен жалған пайымдар исламдағы әйел құқығын бұрмалап көрсетуге себеп болуда. Осы мақалада ислам дініндегі әйелдің құқығы, қоғамдағы орны және шариғат тұрғысынан әйел мен ер адамның теңдігі мәселесі қарастырылады. Ислам діні келгенге дейін, яғни жахилия (надандық) дәуірінде әйел адамның қоғамдағы орны өте төмен болды. Әйел мұрагерлік құқығынан айырылған, еркектің меншігі ретінде саналған. Осындай әділетсіздікке қарсы ислам діні нақты қадамдар жасады, құран мен хадистерде әйелге ерекше құрмет көрсетіледі. Исламда әйел – ана, жар, қыз және қоғам мүшесі ретінде бағаланады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Жәннат – аналардың табанының астында», – деп ананың қадір-қасиетін ерекше атаған.
Қазіргі заманда исламдағы әйелдің орны туралы қоғамда әртүрлі пікірлер бар. Кейбір адамдар ислам дінін әйелді шектейтін, оның құқықтарын шектеуші дін ретінде қарастырады. Бұл пікірлер көбінесе дінді дұрыс түсінбеуден немесе исламның кейбір мәдениетпен шатастырылуынан туындайды. Пайғамбар (с.а.с.): «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз», – деген. Бұл әйелдің де еркекпен тең дәрежеде оқу-білімге құқығы бар екенін көрсетеді. Мысалы, кейбір дәстүрлі қоғамдарда әйелге білім бермеу, жұмыс істеуге тыйым салу немесе еркек үстемдігін күшейту ислам қағидаттары деп түсіндіріледі. Алайда бұл – дін емес, мәдени көзқарас, дінімізде әйелдер өзіне тиесілі мүлікке иелік ете алады, сауда жасай алады және мұрагерлікке құқылы.
Ислам тарихында әйелдердің белсенділігіне көптеген мысалдар бар:
– Хадиша бинт Хуайлид (р.а.) – Пайғамбардың (с.а.с.) бірінші жұбайы, ірі кәсіпкер әйел. Ол Пайғамбарға (с.а.с.) материалдық және рухани қолдау көрсетіп, ислам дінінің алғашқы таралуында үлкен рөл атқарды.
Айша бинт Әбу Бәкір (р.а.) – Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайы, хадис жеткізуші, білімді, фиқһ ілімінің білгірі. Оған көптеген ер кісілер діни білім алу үшін жүгінетін болған.
Умм Саляма, Нуфайса бинт Хасан, Рабия әл-Адавия – ислам тарихында өз ілімімен, парасатымен, тақуалығымен танылған әйелдер.
Бұл деректер ислам әйелге тек үй шаруасымен айналысатын ғана емес, қоғамдағы түрлі салаларға араласуға мүмкіндігі бар тұлға ретінде қарайтынын көрсетеді. Исламда әйелдің еңбек етуіне тыйым жоқ. Әйел өзін қорғай алатын, ар-намысын сақтай алатын ортада жұмыс істеуге толық құқылы. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) әйелдердің базарда саудамен айналысуына, медицина, білім беру сияқты салаларда жұмыс істеуіне қарсылық танытпаған. Алайда әйелдің жұмысы – оның міндеті емес, құқығы. Егер ол жұмыс істегісі келсе, оны қолдауға болады, бірақ ер адам отбасын асырауға жауапты.
Қазіргі Батыс қоғамында әйелдің «азаттығы» деген ұғым жиі насихатталады. Алайда бұл еркіндік кейде шектен тыс сексуализация, отбасылық құндылықтардың жойылуы, аналықтың қадірінің төмендеуі сияқты проблемаларға алып келуде. Ислам бұл мәселеде теңгерімді жолды ұсынады:
– Әйелдің ар-намысы мен денесі қасиетті деп саналады;
– Әйелдің міндеттері мен құқықтары тең дәрежеде үйлестірілген;
– Әйелге ана болу – артықшылық ретінде қарастырылады, жүк емес.
Исламдағы еркіндік – адамның ар-намысын жоғалтпай, Алланың алдында жауапкершілікті сезіне отырып өмір сүру болып саналады және исламдағы кейбір шектеулер – әйелді кемсіту емес, оны қорғау мақсатында енгізілген.
Қорыта айтқандаи ислам діні әйел құқығын қорғайтын, оған құрметпен қарайтын, қоғамдағы орнын айқындайтын дін. Бүгінгі таңда әйел мен еркектің теңдігі туралы жиі айтылса да, ислам бұл мәселені 14 ғасыр бұрын-ақ шешіп қойған. Әйел – тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның тірегі. Сондықтан исламдағы әйелдің құқықтары мен міндеттері туралы нақты білімге ие болу – қазіргі қоғам үшін аса маңызды. Ислам – әйел мен ер адамның арасындағы қарым-қатынаста теңгерім мен әділеттілікті ұстанатын дін. Әйел – қоғамның тірегі, ұлттың тәрбиелеушісі, болашақтың сәулетшісі. Бүгінгі мұсылман қоғамына қажет нәрсе – исламдағы әйел құқығын жаңаша, бірақ шариғат шеңберінде түсініп, оны қоғамда дұрыс қолдана білу.

 

  Ғ.Өгембай

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                         

 

 

0 пікір