Адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адам бағасының бір өлшемі де іспетті. «Адалдық» деген сөз – шыншылдық, айнымастық, шын берілгендік сияқты игі қасиеттерді еске салады. Қазақ пайымында адам бойында адалдық – пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді т.б. асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады. Көшпелі қазақтардың адамгершілік, адалдық қасиеттері тұрғысынан кіршіксіз таза, мәрт болатындығы туралы шетелдік саяхатшылардың қолжазбалары мен күнделіктерінен де кездестіруге болады.
Әрбір қоғамның адалдық жайында өзіндік пайым-түсінігі бар. Адалдық адамның жеке басы мен моральдық тұлғасын сипаттайды. Ол туа пайда болмайды. Қоғамның дамуына сәйкес әрбір адамның өнегелі тербиесіне, оқып білім алуы мен адал енбектену процесінде калыптасады.
Адалдық – жеке тулғалар мен адамдардың абырой-атағын арттыратын ізгі қасиет. Шыншылдық, турашылдық – өлмес рух пен арлылықтың, адалдықтың алғышарты. Кез келген халыктың моральдық қағидасы – осылай. Қазақтың адалдық жайында өзіндік пайым-түсінігі туралы Ұлы Абай: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі қазақтың әулиесі сол», – дейді. Адамгершілік ұжымдық ортада бойына сіңірген тәрбиесіне, біліміне, адал еңбектенуге байланысты қалыптасып, адамның жеке басы мен моральдық тұлғасын сипаттайды. Шәкәрім кажы адалдық турасында: «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Ғибадат пен адалдық ар үшін жи», – деп, бақыттың өзі адалдыққа негізделетінін айта келіп, адалдықтың ар біліміне қатысына да ерекше көңіл бөледі. Тіліміздегі «Адалдық үшін арыдым деме». «Адалдық – ардың ісі, ауырды көтеру – нардың ісі». «Ала жіпті аттамағанның абыройы биік». «Асылдың бірі – адалдық». «Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді» деген сөз қолданыстар адал істің аты тек жақсылық екенін біліреді. Қазақта «адал жар», «адал мал», «адал құс», «адал ит», «адал іс», «адал кәсіп» тіркестерінің өзі таза ұғымымен ұштасып жатыр. Рухани таза «шынайы берілген» деген мағыналарды білдіреді.
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», – дейді Абай.
Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбар (с.а.с.) өмірінің соңына дейін әділдікті, адалдықты насихаттап, басқаларға іс жүзінде үлгі болып кетті. Алла елшісінен (с.а.с.) тәлім-тәрбие, үлгі алған саңлақ сахабалардың өмірі де тұнып тұрған әділдік пен адалдық.
Әділдігімен, адалдығымен танылған халифа Омар (р.а.) бірде мемлекет қазынасынан барлық адамға мата таратады. Екінші күні мінберге шығып сөйлей бергенде бір сахаба тұры: «Ей, Омар! Сен біздің алдымызда сөйлеуге хақың жоқ. Себебі, кеше қазынадан барлығымызға мата тараттың. Бірақ, сол мата киім тігіп алуға жетпеді. Ал өзің киім тігіп алыпсың. Бұл әділетсіздік!», – деген кезде Омар қасындағы баласына: «Ей, ұлым Абдулла, мұның жауабын сен түсіндіріп берші», – дейді. Сонда Абдулла: «Әкем кеше маған әрі өзіне екі мата әкелді. Ол мата не өзіне, не маған жетпеді. Кейін әкеме: «Сен елдің алдында көп боласың. Мынау жыртық жамау киіміңмен жүргенің ұят болады», – деп өз матамды берген едім. Осылай екі матаны қосып бір киім тігіп алып, сіздердің алдарыңызға шығып тұр», – деген. Сонда анау сахаба енді сөйлей бер деп рұқсат еткен еді. Бұл оқиға Омардың әділдігін, адалдығын, кішіпейілдігін, сабырлылығын, Алладан қаншалықты қатты қорқатынын, өзінің ісіне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтындығын көрсетеді. Дана халқымыздың ұрпағына «ісінде адал болуды», «біреудің ала жібін аттамауды» насихат етіп келуінің бір сыры осында болса керек.
Қорыта айтқанда, қазіргі таңда адалдық бұрынғыдан да маңызды. Жемқорлық, өтірік, аманатқа қиянат секілді әрекеттер қоғамның іргесін сөгіп, адамдар арасындағы сенімді әлсіретеді. Сондықтан адалдықты насихаттау – әрбір азаматтың ортақ міндеті деп білеміз. Адалдық бұл – тек діни талап емес, ұлттық құндылық, адамгершілік өлшемі. Адал адам – арлы адам, ал арлы қоғам – кемел келешектің кепілі.
Д. Аманов
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы
Адалдық – тек діни талап емес, адамгершілік өлшемі

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru