Әбу Насыр әл-Фараби – адамзат тарихындағы ең ұлы ойшылдардың бірі, философия, логика, музыка, саясат және дін салаларында терең із қалдырған ғалым. Ол X ғасырда өмір сүргенімен, оның идеяларының өзектілігі бүгінгі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Әл-Фараби ислам өркениетінің гүлдену дәуірінде өмір сүріп, дін мен ғылым, сенім мен ақыл, рух пен сана арасындағы байланыстарды жан-жақты қарастырды. Оның философиялық жүйесінің басты тірегі – адам мен қоғамның кемелдікке жету жолындағы ақыл мен иманның үйлесімділігі.
Әл-Фарабидің дүниетанымдық көзқарасы оның өмір сүрген тарихи-мәдени ортасымен тығыз байланысты. Ол Отырарда дүниеге келіп, жастайынан ғылымға құштарлық танытқан. Кейін Бағдат, Дамаск, Алеппо сияқты ірі білім орталықтарында болып, грек философиясын, ислам теологиясын, логика мен этиканы, астрономия мен математиканы меңгерді. Бұл білімнің барлығы оның дүниетанымының негізін құрап, дін мен философияны қатар қарастыруына мүмкіндік берді. Ол Аристотель мен Платон ілімдерін ислам дүниетанымымен ұштастырып, рационалды ойлау мен діни сенімнің өзара толықтығын дәлелдеді.
Әл-Фарабидің діни көзқарасының негізінде дін мен ақылдың біртұтастығы туралы идея жатыр. Ол дінді философиялық ақиқаттың символдық бейнесі деп түсіндірді. Оның пікірінше, философия ақиқатты ақыл арқылы түсіндіреді, ал дін сол ақиқатты көпшілікке түсінікті түрде жеткізеді. Яғни, дін мен философияның түпкі мақсаты бір – адамды ізгілік пен шындыққа, кемелдік пен рухани жетілуге жеткізу. Сондықтан да әл-Фараби дін мен ғылымды бір-бірінен бөліп қарастырмай, олардың арасындағы үйлесімділікті басты қағида ретінде ұсынды.
Ойшылдың пікірінше, адам баласы өз табиғатында кемелдікке ұмтылуға бейім жаратылыс. Сол кемелдікке жетудің басты жолы – білім мен иманның үйлесімі. Ақыл арқылы адам дүниенің заңдылығын, Алланың хикметін таниды, ал иман арқылы жүрегін тазартады, рухани биікке көтеріледі. Осы екі құбылыс бірігіп, адамның мінезін, дүниетанымын және қоғамдағы орнын айқындайды. Әл-Фараби адамның нағыз бақыты оның рухани кемелдігімен өлшенетінін баса айтты. Бақытқа жетудің жолы – ақылмен ойлану, әділ болу, сабырлы, жомарт және қайырымды болу. Осы қасиеттер адамды рухани тұрғыда жетілдіріп, Аллаға жақындатады.
Әл-Фараби қоғам мен мемлекеттің діни және моральдық құрылымына да ерекше назар аударған. Оның әйгілі «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбегінде қоғамның кемел түрі сипатталады. Ол қоғамды екіге бөледі: қайырымды және надан қала. Қайырымды қалада адамдардың барлығы ізгілік пен әділеттілік қағидаттарына бағынады, ал басшы білімді, иманды және ақылды тұлға болуы шарт. Мұндай қоғамда дін мен философия үйлесім тауып, халық рухани биіктікке жетеді. Ал надан қалада дүниеқоңыздық, зұлымдық пен надандық үстем болады. Осылайша әл-Фараби қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығы дін мен ақылдың бірлігінде екенін көрсетті.
Фарабидің діни-философиялық іліміндегі маңызды ұғымдардың бірі – пайғамбарлық. Ол пайғамбарлықты адамның рухани және ақылдық дамуындағы ең жоғары саты ретінде түсіндіреді. Пайғамбарлар мен философтар бір мақсатқа қызмет етеді – адам мен қоғамды кемелдікке жеткізу. Алайда олардың жолдары әртүрлі: философ ақиқатқа ақыл арқылы жетсе, пайғамбар уахи арқылы, яғни тікелей Құдайдың нұрымен танысады. Бұл айырмашылық олардың міндеттерінің ерекшелігін көрсетеді, бірақ түпкі нәтижесі – адамзаттың рухани жетілуі.
Әл-Фарабидің көзқарасында иман – соқыр сенім емес, саналы сенім. Ол дінге фанатизм тұрғысынан қарауға қарсы болып, әрбір мұсылманның дінді ақылмен, парасатпен қабылдауы қажет екенін айтты. Оның пікірінше, иман – біліммен бекітілмеген жағдайда әлсіз болады. Ал шынайы иман – білім мен жүрек тазалығының бірлігі. Осы идея кейінгі ислам ойшылдары – Ибн Сина, Ибн Рушд және басқа философтардың еңбектерінде жалғасын тапты. Әл-Фараби осылайша дінді ғылыммен үйлестіріп, рационалды сенімнің негізін қалады.
Ойшылдың ілімінде адамгершілік пен мораль мәселелері де үлкен орын алады. Ол адамның мінез-құлқын төрт негізгі қасиет арқылы сипаттады: ақыл, әділет, сабыр және жомарттық. Бұл қасиеттер дін мен философияның ортақ мұраттары болып табылады. Дін адамды моральдық тұрғыдан жетілдірсе, философия оны ақылмен байытады. Осылайша екеуі бірін-бірі толықтырып, адамның жан дүниесін кемелдікке жеткізеді. Әл-Фараби ұсынған моральдық қағидалар қазіргі заманның да рухани-этикалық нормаларымен үндес.
Бүгінгі Қазақстан қоғамында әл-Фарабидің діни ілімінің маңызы ерекше. Зайырлы мемлекет жағдайында діннің рухани рөлін дұрыс түсіну, діни сауаттылықты арттыру, радикалды ағымдардың ықпалынан қорғау мәселелері өзекті болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, әл-Фарабидің дін мен ғылымның үйлесімділігі туралы ілімі маңызды бағдар бола алады. Оның айтуынша, мемлекет пен дін өзара құрмет пен теңдік негізінде өмір сүруі қажет. Зайырлылық – діннен бас тарту емес, дінге еркіндік пен құрмет беру, бірақ мемлекеттің саясатын діннен тәуелсіз ұстау. Бұл ұстаным әл-Фарабидің «Ақыл мен иманның тұтастығы» қағидасымен үйлеседі.
Қазіргі заманның басты міндеттерінің бірі – жастардың рухани тәрбиесін дұрыс қалыптастыру. Әл-Фарабидің идеялары осы бағытта ерекше маңызды. Ол білім мен иманның бірлігін насихаттап, адамды парасатты, әділ, жауапты тұлға болуға шақырды. Егер жас ұрпақ дінді тек сыртқы рәсім ретінде емес, ақылмен түсінсе, қоғамда рухани тұрақтылық пен келісім орнайды. Осы тұрғыда әл-Фарабидің көзқарасы қазіргі заманғы рухани жаңғыру үдерістерімен толық үндес келеді.
Фарабидің мұрасы – ұлттың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани байлығы. Оның еңбектерінде көтерілген діни-философиялық мәселелер бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әсіресе, қоғамда рухани құндылықтардың әлсіреуі, діннің бұрмаланып түсіндірілуі сияқты жағдайларда оның идеялары айрықша маңызға ие. Әл-Фараби адамды ақылмен сенуге, біліммен иман келтіруге шақырды. Ол үшін дін мен ғылымды қарсы қою емес, оларды бір мақсатқа біріктіру қажет.
Қорыта келгенде, Әбу Насыр әл-Фарабидің діни ілімі адамзат руханиятының биік шыңы болып табылады. Ол дінді ғылыммен, сенімді парасатпен, иманды әділетпен үйлестірді. Оның «Қайырымды қала» идеясы – әділдік пен ізгілікке негізделген қоғам құрудың үлгісі. Фарабидің еңбектері тек философиялық мұра емес, қазіргі заманның рухани бағыт-бағдарын айқындайтын мәңгілік құндылықтар жиынтығы. Бүгінгі күні оның ілімі жастардың дүниетанымын қалыптастыруда, діни төзімділікті нығайтуда және қоғамның рухани дамуын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарады.
Әл-Фарабидің сөзімен айтқанда, «Адамның бақыты – өз бойындағы игілікті кемелдендіру». Осы қағида – дін мен ғылымның, сенім мен ақылдың, рух пен парасаттың үндестігін аңсайтын адамзаттың мәңгілік мұраты.
Ұ.Перден
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Әбу Насыр Әл-Фарабидің діни ілімі және оның маңызы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru