Қожа Ахмет Ясауи жалпы түрік руханиятының өзіндік ілімін қалыптастырып, дүниетанымдық жүйесіне исламдық құндылықтар негізіндегі ғылымның үлгісін көрсетіп кеткен ұлы ойшыл. Қазақ ұғымындағы мұсылмандық түсініктің де негізін қалады. Сондай-ақ, адамның жан тыныштығына жетуі арқылы қоғамда бірлік пен тыныштық орнатуды, адамды іштей бөліну мен ыдырау түсінігінен арылтуды мақсат еткен еді.
Ясауи ілімі сопылық бағытқа негізделген. Дегенмен де, өз еңбектерінде «Рух» және «Құдай» мәселелеріне де терең тоқталған.
Алғашқысы, Алланы тану. Келесі, Құдайды ұлықтау. Үшінші – күнәлар мен әділетсіздікті жоққа шығару. Төртіншісі – жалған дүниеден бас тарту. Хикметтері төрт, кей жерлерде екі шумақтан құрылған болып, жалпы окырман қауымның жаттап алып айтуына ыңғайлы болып келеді. Сол себептен де Ясауи хикметтері ел арасына ауызекі тараған хикметтер, кейіншелік қағаз беттеріне түсе бастаған. Сонымен хикметтер саны өзі айтып кеткендей, «төрт мың төрт жүзге» тарта екен. Оған дәлелді мына хикмет шумақтарынан келтіруге болады:
«Құл Қожа Ахмет, әрбір сөзің дертке дәрмен,
Тәліптерге баян қылсам, қалмас арма.
Төрт мың төрт жүз «Хикмет» айттым хақтан пәрмен,
Пәрмен болса өлгенімше сөйлесем мен».
Ақын дәл осылай өмір кезеңдерін хикметтерінде айтып отырған. Енді нақты хикметтерінің қаншау екені белгісіз. Ұстаздары жайында да дерек аз. Бізге мәлім болған бүгінге дейінгі оның Түркістан қаласына қай кезде келгені, оның қай жасында кімді пір тұтқаны, «Қылуетке» қай жасында түскендігі жайында ақын өзінің хикметтерінде көрсетіп отырған. Дегенмен осы бір құнды дүниелерді оқырманға ғылыми дәржеде жеткізе алсақ біз үшін үлкен мәртебе. Иә, бұл еңбекті жіті назарда ұстап, тереңнен үңіліп зерделеу керек. Қазақ әдебиетіне келіп тағы бір еңбегімен көзге түскен Ахмет Ясауидің «Пақырнама және мүнажатнама» еңбегі еді. Бұл еңбек «Диуани хикметтен» гөрі барынша сопылық ілім мен ислам өркениетіне арналып негіз болған. Яғни, пақырнамасында сопылық жолда жүрудің үлкен төрт мақамын толығымен сөз етеді. Олар: шариғат, тариқат, мағрифат, ақиқат мәселелері еді. Бұлардың өзі төрт түрлі болып келгенімен әрқайсысы он мақамға бөлінеді.
Ясауидің «рух» мәселесіне келетін болсақ, «рух» жауһар болғандықтан оны тек сипаттары арқылы ғана тануға және анықтауға болады. Ясауи бабамыз «Диуани хикмет» атты еңбегінде «рух» туралы: «Көңілдің (рухтың) халін ешкім білмес, Тәңрім куә: Қан жұтып мен де куә болдым...» дейді. Ойшыл үшін бұл рух мәселесін танудың жолдарын көрсетіп отыр. Ақыл рухтың асыл қасиеті ретінде мақталып жатса, адамдағы ең төмен құмарлықтардың көзі нәпсі мен оның әуейілік сипаты мақталмайды. Негізінде, Құран Кәрімде рух пен нәпсі мәселесін біртұтас ретінде қаралады. Сондықтан, рухты тәрбиеленген нәпсі, ал нәпсіні де тәрбиеленбеген рух деп айтуымызға болады. Адамның рухани кемелдену жағдайлары ислам философиясының негізгі мәселесі болып табылады. Рух тек ақиқат пен қозғалысқа ғана қатысты емес, сонымен брге игілікпен де байланысты. Сондықтан, амалына қарай сыйы немесе жаза берілуі керек.
Ал енді, «Мұнажатнамасына» келетін болсақ, ол екі шумақтан тұрып, хикметтер тәріздес өлең сөздерімен жазылған. Ясауидің «Мұнажатнама» атты еңбегі негізінен екі бөлімнен тұрады. Алғашқысында, Құдайға мінәжат етуді өсиет еткен болса, кейінгісінде жалпы жұртқа хикметтермен сусындау арқылы Алланы тануға, танымға баруды өсиет еткен. Қысқалығы мен де әрі түсінікке жетер нұсқалығымен де шығарма құнын сақтап тұр. Оның көптеген елдердің тіліне аударылуы да тегін емес.
Жазуларының негізі араб графикасына негізделген. Осы тіл және жазу арқасында көптеген сопылыққа бастар жолды меңзейтін еңбектер жазылды. Бірі – Ахмет Ясауи екенін атап көрсеттік. Сондықтан болар сопылар барынша нәпсімен күресуді алға қойып отырған.
Қожа Ахмет Ясауидің келесі бір еңбегі «Мират – ул Қулуб». Бұл еңбек алдыңғы сопылық ілімін негіз еткен ілімнің жалғасы сынды. Мұнда да негізінен Иассахан негізіндегі шариғаттың, мағрифаттың, тариқаттың, ақиқаттың мәселелерін ашып көрсетеді. Шығарманың атауының өзі қызық әрі адам баласын өзіне тартып тұрады. Шығарманың бұл аталуы оның ішкі мазмұнына байланысты болмақ. Аталған еңбекті кімде-кім оқып шығар болса, қателіктерге бой алдырмай өзінің күнәларын танитын болады делінген.
Тағы бір еңбек жайында сөз қозғап өтсек. Ол Ясауи өміріне байланысты аңыз-әңгімелерге толы хикаяттар мен еңбектер. Бұл шығармаларды оқудың арқасында оқушы оқырман өздерін жақсы бір бағыттан көруге тырысады. Біз айтып отырған ғұлама әрі дана Қожа Ахмет Ясауи өмірі үлкен үш арнадан тұрады. Атап айтқанда біріншісі – бала кезі, жастық шағы, екіншісі – бозбала шағы, үшіншісі – нәпсіні жеңіп әулиелік деңгейге көтерілген тұсы.
Осы үш бөлік бойынша ғұламаның ғұмырына зер салып қарау керек. Әрі солай қабылдай алу да керек. «Аңыз түбінде ақиқат бар», демекші, аталған әңгімелер мен аңыздарға жете қарап, көңіл бөліп қарастырған абзал. Ахмет үшін құдай жолы дегеніміз пенденің рухани кемелдікке жол алып, адамның адамдық қасиеттерімен өмір сүруі. Атап айтқанда адамның рухани жан дүниесі оның адамдық қасиеттерімен ғана танылады. Ал адам қасиеттер иман жүзінде көрініс табады. Иман дегеніміз адамның өмір сүру амалы, адам әлемнің шеңбері, рухани қор жинағы.
«Иман болды Хақ Тағала тағатынан,
Кешпек керек бүл дүниенің рахатынан».
Яғни, имандылық Алладан пайда болғандықтан, рух әлеміне тиесілі құбылыс. Сабырлық рухни әлемнің реттеуші күші деп санайтын болсақ, онда иман дегеніміздің өзі рухани дүниелердің жинақталған құрамы, көрінісі деп түсінеміз. Ахмет Ясауи түсінігінде, адамның кісілік келбеті, ішкі рухани дүниесінің нұры, жақсы жаққа жетелейтін тәрбиешісі.
Ахмет Ясауи хикметтерінде Құдай рақымды, кешірімді, құлы қанша күнә жасап жатса да, тіпті иесін танымай жатса да, әмірге бағынбаса да, бұзақылық жолға түссе де, рақымымен кешіруге дайын. Алла Тағала адасқанның жақсылыққа, адамгершілікке қайтып келгенін күтеді. Ал адам баласы жаратушының бір бөлшегі болғаннан кейін, оның мейірімділік, қайырымдылық қасиеттерінің уәкілі, жаршысы болуға міндетті, - деген тұжырымды дұрыс деп білген.
Ахмет Ясауидің даналық «Хикметтерінде» ерлік пен елдікті, азаматтық пен адамгершілікті жырлаған өршіл өлең-жырлары, тұған жер-ата қоныс, ел тағдыры, қоғам жайлы философиялық толғаулары, өткір ойшылық пен шешендік өнер өнегелі адамзат атаулыға тәң асқақ кісілік идеясын паш етеді. Сол себептен де өскелең ұрпақтың рухани мәдениетін арттырып, дүниетанымын қалыптастыруда ойлылыққа баулып, жыраулық өнердің қырсырына қанығып, рухани әлемді байытуға сол мұраны тиімді пайдалансақ, нұр үстіне нұр болар еді. Осындай үлгі - өнеге тұта, ұрпағымыз мақтанышпен мәңгі естерінде ұстар ақын-жырау даналарымыздың өмір сүру жолдары сол заман тарихымен тығыз сабақ
І.Нағызхан
Түркістан облысының дін істері басқармасы
“Дін мәселелерін зерттеу орталығы” КММ-нің
теолог маманы
Ясауи іліміндегі рух және құдай тұжырымдамасы