Бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың тұлғасына айналып, ұлағатты ұстаз затына сай өмір кешкен Ы.Алтынсариннің өмірі кімге де болса үлгі, өнеге. Жастайынан жетімдіктің ащы дәмін татып өскен бала жалғыз оттың басы мен ошақтың қамын күйттеген жоқ. Тұтас ұлттың білімді, өнерлі, дарынды болуына аянбай қызмет еткен тұлға. Кейбір деректерге сенсек Ы.Алтынсарин бабамыз қазақ даласына 47 мектептің іргетасын қалаған екен. Тіпті «Алаш» зиялылары да осы мектептерден алғашқы әріпін танып, сауатын ашқан екен деген деректерді көзіміз шалады.
Тағдырдың тауқыметімен жетім қалып, Ы.Алтынсарин нағашы атасы, Торғай өңіріне белгілі Балғожа бидің тәрбиесінде өсті. Атасы немересінің біліммен сусындап, ертеңгі күні елге қызмет етсе екен деген мақсатпен 1850 жылы Орынборда ашылған орыс-қазақ мектебіне оқуға береді. Оқуда жүрген немересіне Балғожа атасы өзінің аман-саулығын өлең жолдарымен білдіріп:
«Үміт еткен көзімнің нұры балам,
Жаныңа жәрдем берсін Хақ тағалам.
Атаң мұнда анаңмен есен-аман
Сүйініп сәлем жазды бүгін саған», - деп жазған екен.
Атасынан алған тәрбие мен қаннан дарыған ақындық ер жете келе Ыбырайды биікке шығарды. «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңі талай қазақ баласының көкірегін оятып, ғылым-білімге үндегені аян. Осы өлең жолының басы «Бір Аллаға сыйынып» деп басталып, «Кел, балалар оқылық!» деп жалғасын табуының өзі ақиқатты аңғартып тұрғандай. Қазақ халқының бір туар шоқ жұлдызы, педагог ағартушы Ыбырай Алтынсаринның елуге жетер-жетпес аз ғұмырында орын алған діни-танымы жайында бірер сөз қозғай кеткен жөн болар.
Ағартушы педагог патша үкіметінің халықты діннен бездіру саясаты басталған уақытта тіршілік кешті. Мұнысына қарамастан мұсылманшылықты өзіне мұрат етіп, қарымды қаламынан туған өлеңімен де ислам дінін насихаттай алды.
Рас сол заманғы озбыр саясаттың бір ұшы қазақты тілінен, дінінен мәңгүрт ету болды. Аталған сұмпайы саясаттың әрекеті қазақтың өз қолымен жасалынғаны олар үшін олжадай еді. Тіпті, дін атын жамылған миссионерлер бет-бейнесін жасырып, қара халықтың қолымен от көсеу арқылы өз мүдделеріне қол жеткізуді көздеді.
Алайда ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсаринның тәлімдік мектебінен түлеп шыққан жас өрендер алған білімдерін айлакер миссионерлердің мүмкіндігіне емес, қазақтың болашағын бекемдеуге жұмыс жасады. Тіпті, Ыбырай Алтынсаринды өз қазағына жау жасамақ болып, Кеңес дәуіріндегі педагогикалық әдебиетте оның ислам дініне қарсы, атеист етіп көрсету пікірлері де айтылған. Өйткені, бұл атеистік идеология үшін ауадай қажет болатын. Н.И.Ильминскийге жазған бір хатында Ы.Алтынсарин: «Күлсеңіз, күле беріңіз, мен кейбір оқытудан бос уақыттарда оларға ресми түрде молда болып та қоямын, сөйтіп, оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелерді де қосып айтамын», - деп келтіреді.
Ы.Алтынсарин қазақ балаларына мектептерде дін сабағының өту мүмкіндігін пайдаланып, қазақ балаларының діни-танымын дұрыс қалыптсатыру әрі жастардың дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа кетпеуі үшін «Мұсылманшылдықтың тұтқасы» («Шариятул-ислам») атты оқулық жазып, 1883 жылы Қазан қаласында бастырған. Кітаптың кіріспе сөзінде Ы.Алтынсарин: «Ей, дін-қарындастарымыз, бізге ең әуелі керегірек іс – сол, әуелі білмек керек немен мұсылман болатынымызды. Мумин мұсылманның мұсылман аталуы құр мұсылман киімін киіп, мұсылман арасында жүргеннен емес. Әуелі иманды болып, ол иман деген не екеніне түсініп, түсінген соң сол иман ішіндегі сөздерді шексіз шын көңілмен дұрыс деп білген кісіні мұсылман деп атайды. Соның үшін Құдай тағаланың пенделеріне парыз еткен парыздарының ең әуелі иман болса керек. Иманнан соң дін ғылымы дүр», - деп жазады. Осылайша «Мұсылманшылықтың тұтқасы» деп аталатын еңбегінде бір құдайдың барлығын алға тартады. Аталған кітап уақыт өте балалардың мұсылман дінінің қағидаларын игеруіне айтарлықтай үлес қосты. Ы.Алтынсарин «Мұсылманшылдықтың тұтқасы» кітабында бүкіл дүниені, жан-жануарларды айта келіп: «Мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық-қадір екендігіне дәлел болса керек» деп тұжырымдайды. Сондай-ақ, иманнан кейінгі парыз амалдар намаз, ораза, зекет, қажылық секілді құлшылықтарға жеке-дара тоқталады.
Сонау уақыттары Кеңес үкіметінің жүргізген жетпіс жылдық құдайсыз дәуірі қазаққа теріс ықпалын тигізіп, асыл дінінен едәуір ажыратқаны мәлім. Алла бұйыртып, халқымыз тәуелсіздік алып, мәңгілік егемендігіне қол жеткізді. Сол егемендіктің алғашқы жылдары Ы.Алтынсаринның қаламынан туындаған «Мұсылманшылдықтың тұтқасы» атты еңбегі халқымызға елеулі қызмет жасады деп айтуға болады.
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
директорының орынбасары Медет Халықов
Ы.Алтынсарин және дін