Ұлы даланың жеті қыры және бабалардан жеткен дәстүр
Ұлы даланың жеті қыры және бабалардан жеткен дәстүр
28.01.2020
2103
0

Дамушы немесе дамыған елдердің қай қайсысын қарастырсақ та төл тарихы мен мәдениетін әрдайым дәріптеп, асқақтатып жүргенін көруге болады. Дәл осындай бір «прогресс» Қазақстанда да жүзеге асты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламасы бұдан алдын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы. Қазақ халқы әуелден Ислам дінімен тығыз байланыста болғандықтан діндегі қасиетті деп саналатын жеті саны «Жеті ата», «жеті қазына», «жеті жарғы», «жеті керемет» секілді тіркестерде халық арасында да сакральды сипатқа ие болды. Жалпы тарихқа үңілер болсақ, жеті санымен тарихқа, мәдениетке, заңдылықтар мен қағидаларға байланысты көптеген нәрселер іске асты. «Қазақ жері тақыр һәм жазық болған, бұл иесі жоқ далада ешқандай өркениет пен мәдениет болмаған секілді әңгімелер айтылған болатын. Бұл мақаладан Жер планетасында өмір сүріп жүрген адамдардың өркениетіне ата-бабаларымыздың қаншалықты үлес қосқанын кеудемізге мақтанышты толтыра көре аламыз», - дейді «Қазақ әдебиеті» порталына сұқбат берген академик Ғ. Есім.

Ал енді осы Ұлы даланың жеті қырына жекелей тоқталатын болсақ. Әуелгісі – атқа міну мәдениеті. Өркениеті дамыған Еуропаның өзі атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығын Ұлы даладан үйренгені тарихтан белгілі. Қазақстанның солтүстігіндегі энеолит дәуіріндегі «Ботай» қонысында жасалған қазба жұмыстарының нәтижесінде жылқының алғаш рет қазіргі Қазақстанның территориясында қолға үйретілгендігі дәлелденді. Жылқыны қолға үйретуі бабалырымыздың сол замандағы көз көрмеген, құлақ естімеген жетістіктерінен болды. Бес қаруын асынған жауынгер – көшпенділердің тарих сахнасына шыққан кезеңнің символы болған. Еуропалық қазіргі дамыған елдердің тарихын ашып қарайтын болсақ, сауыт асынған, жылқыларын түрлі сауыт пен әшекейлермен безендірген армияны көре аламыз. Әйгілі қолбасшы Н. Бонапарт, А. Македонский және Калигула есімімен танымал Г. Ю. Цезарь секілді атын естісе күллі әлем дірілдейтін қолбасшылар да жаулап алушылық жорықтар мен соғыстарда аттарды қолданған болатын. Жылқыны бағындырғаннан кейін соғыс көлігі ретінде пайдалану, соғыс майданында еркін қозғалу үшін бабаларымыз атқа мінерде қолданатын киімнің өзін үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша қазіргі шалбардың бұрыңғы нұсқасы сол кезеңдерде пайда болды. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде бүгінде атқа мінгендердің киген шалбарларынан ешқандандай айырмашылығы болмаған теріден, киізден, кендір мен жүннен тігілген шалбарлар табылды.

Екіншісі – ежелгі металлургия. Орыс энциклопедист-ғалымы, химик, физик, метролог, технолог тағы көптеген салалаларды игерген Д. И. Менделеев химиялық элементтердің периодтық заңын жасағаны барлығымызға белгілі. Ежелгі ғасырларда-ақ еліміздің Орталық, Солтүстік, Шығыс аймақтарында таукен өндірістері пайда болды. Мұнда осы Менделеевтің бекіткен элементтері, атап айтар болсақ, қола, мыс, мырыш, күміс, темір мен алтын қорытпалары алынды. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған металл өндіретін пештер және қолдан жасалған бұйымдар сол кезеңнің тарихынан, тұрмысынан біздерді хабардар етеді. Күні бүгінде қолданып жүрген 585 сынамалы алтынның кең тарағанын білеміз. Алтын сынамасының неғұрлым көбеюі алтынның белгілі бір пішінде қалуын қиындататын процесс. Ал бабаларымыздың заманындағы ең үлкен жаңалықтарының бірі, қазіргі таңдағы дамыған технологияларды қажет ететін, 999 сынамалы алтынды ешбір компьютер мен техникасыз жасауы.

Үшіншісі – аң стилі. Бабаларымыздың жазда жайлауда, қыстың кезінде қыстауда жүрген заманда өмірлері қоршаған ортамен тығыз байланысты болып, табиғат тұрмыстарында ажырамас бөлшекке айналды. Бұл Ұлы даланы мекен еткен халықтың дүниетанымына сіңісіп, құндылықтарын қалыптастырды. Жан-жануарлардың бейнесін күнделікті өмірде пайдалану адам мен қоршаған ортаның байланысының нышанына баланып, көшпенді болған бабалардың рухани бағдарын айқындаған. Текемет, киіз, алаша секілді тұрмыста пайдаланатын нәрселерде, тасқа қашалған аң суреттері – аңдармен бағзы заманнан бері «бөтен» болмағанын көрсетеді. Аңдармен етене арласқандығы соншалық Егемен Қазақстанның символдарының бірі – жануарлардың арасында сирек кездесетін қар барысы, елтаңбадағы уақыт пен кеңістікті білдіретін ұшқыр тұлпар секілді аңдар еліміздің төл мәдениетінде ойып тұрып орын алары анық.

Төртіншісі – алтын адам. Өзге мәдениет пен өркениет өкілдерінің бізге жаңаша көзқараспен қаратқан туынды 1969 жылы еліміздің Есік қорғанынан табылған, отандық өнертанушы ғалымдар «қазақстандық Тутанхамон» деп атаған алтын адам талай құпиялардың бетін ашты. Бұл жауынгердің алтынмен қапталған киімдері шебер-ұсталардың жоғарыда аталған металлургия мен аң стилін игергендігінің дәлелі болып саналады. Жауынгердің сауытына, киіміне мән беріп қарайтын болсақ Дала мәдениетінің таусылмас, бай қуаты мен шеберлігін көруге болады. Бабаларымыз араларынан шыққан өз көсемдерін осылайша асқақтатқан.

Елбасының көрсеткен Ұлы даланың жеті қырларынан бесінші қыры – түркі әлемінің бесігі. Қазақтың ханы Абылай «Ұлан ғайыр атырап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы – қазақтың алтын бесік Ата жұрты» демекші, орасан зор кеңістікті игерген түркілер бұл ұланғайыр атырапта көшпелі және отырықшы мәдениетті қалыптастырды, металлургиямен айналысты, атты игерді, түрлі қымбат, бағалы заттардан сауыттар, соғыс құралдарын жасады, өнер мен ғылымның, сонымен қатар жер-жаһанда болмаған сауданың орталығына айналған түрлі елдердің дамуына, гүлденуіне үлесін қосты. Мысалы, әлемдік өркениеттің ұлы ойшылы Әл-Фараби Отырарда дүниеге келсе, тек қазақ халқының емес, сонымен қатар күллі түркі жұртының рухани ұстазы, көшбасшысы Ахмет Ясауи Түркістан қаласында дүниеге келген. Сонымен қатар математика, астрономия, медицина, физика секілді салаларының негізін қалаған ұлы тұлғалар осы бір ұланғайыр далада туған. Ислам дінінің сенімдік (ақидалық) мазхабының негізін қалаушы Имам Матуридидің кіндік қаны осы топыраққа тамған.

Алтыншысы – Ұлы Жібек жолы. Ұлы даламыздың географиялық тұрғыдан ұтымды орналасуы әртүрлі елдер мен өркениеттердің арасындағы көпір болуына септігін тигізді. Керуен жолдарын ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Дала халқы Еуропа мен Азияның арасындағы сауда-саттықта, мәдениеттің таралуына өшпес із қалдырған. Қытай, Үндістан, Парсы елдерінің, сонымен қатар славяндық өркениеттерді байланыстырды. Жібек Жолы туралы ғалымдар әлемдік деңгейде зерттей бастады. Бұл зерттеулер арқылы Қазақстанды да таныды, білді.

Ұлы даланың жеті қырларының соңғысы – алма мен қызғалдақтың отаны. Алатаудың етегі қызғалдақ пен алманың отаны екені еліміздің барша халқына мәлім. Қазақстан алманың отаны болуына алманың арғы атасы болып саналатын Сиверс алмасының өсуі әсер етті. Жалпы алғанда, алма қазіргі Қазақстан территориясының бойынан өткен Ұлы Жібек жолының бағытымен Жерорта теңізіне, одан кейін күллі әлемге таралған. Аталмыш осы алманың терең тарихының символы ретінде Алматы қаласы аталды. Тарихымызда қызғалдақтардың да өзіндік орны бар. Бұл әсем өсімдік Тянь-Шань тауларының баурайы мен шөлейтті жерлердің түйіскен нүктелерінде өсіп жетіледі.

Тұңғыш Президент Н. Ә. Назарбаевтың халыққа ұсынған бағдарламасын қысқаша айтқанда осылай. Бұл қырлардың әрқайсысы дерлік бабаларымыздың бізге дейін жеткізген дәстүрмен тығыз байланысты. Дәстүрімізде Хз. Пайғамбардың жасаған амалы мен іс-әрекеті, сөйлеген әрбір сөздері сүндет пен хадис ретінде саналады. Атқа міну де дін жағынан да, дәстүр жағынан қолданылған, амал етілген. Бабаларымыз көшпелі өмір салтын бастан өткізгенде, қан төгілген талай соғыс майдандарында атқа міне алмаған жігіт те, қыз да болмайтын. Екатеринаның әйгілі «Егер қазақтар өз тарихын білсе, әлемді жаулап алады» атты атақты сөздерін негізге ала отырып, әрбір қазақстандық, әрбір Ұлы Далада өмір сүріп жүрген адам өз тарихын, төл мәдениеті мен ділін білсе, дәстүрін насихаттап, дәріптесе ғана мақсатымыз жаулап алу болмаса да, өз болмысымызды жалғастыруымыз, идентификациямызды сақтауымыз айдан анық.

 

 

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

«Әдістемелік қамтамасыз ету» бөлімінің маманы Б. Ботақараев

 

 

 

0 пікір