Ұлы даладағы даналар мұрасы
Ұлы даладағы даналар мұрасы
04.06.2020
1034
0

Өткенді білу кім екендігіңді білу, өткен тарихыңда қандай қателік жібердің, соны қайталаудың алдын алу. Өткенді білу арқылы болашағыңды бағамдай аласың. Бүгінгі кей жастардың осы бір құндылықты түсінбей тарихқа жек көрініштікпен қарауы кейде шынымен де  қынжылтады.

Біз соңғы ғасырда кім екендігімізді ұмытып, мәңгүрт халыққа айналуға шақ қалдық. Тарихымыз сан түрленіп, шыны қайсы, жалғаны қайсы ажыратудан қалдық. Бізге бұл шындықты айтып берер басқа ұлттың жазғаны емес, өз даналарымыздың мұрасы ғана.

Міне осы олқылықты толтыру, тарих қойнауында жоғалтқан құндылықтарымызды қайтару үшін руханият саласында соңғы уақыттарда біршама жұмыстар атқарыла бастады. Соның алдыңғы қатарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ даласына ұлылығын қайтарып, өзінің заңды орнын тарихқа бекіту үшін жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы болды. Ендігі уақытта ұлы даналағы даналар мұрасына заңды бағасын беру уақыты келген сияқты.

Адамзат тарихында сонау көне замандардан бастап адамның даналыққа деген құштарлығы өте үлкен болған. Даналық қарапайым тұрмыстан бастап, мемлекет басқаруға дейінгі аралықта өмірдің барлық салаларын қамтыды. Көне Грекия мен Қытай даналықтың ошағы саналатын өркениет орындары секілді Орталық Азияның кең жазирасы да даналықтың дара тұлғаларына кенде болмаған. Мемлекет басқарған қолбасшыларға ақылшы болып, өмірдің қиын-қыстау кезеңдерінде қарапайым халықты тығырықтан алып шыққан данагөй тұлғалар туралы көптеген аңыз шежірелерді кездестіруге болады.

Даналық – адамды басыбүтін және үнемі баурайтын соңғы лебіз, соңғы дау. Даналық өне бойы өткенге көз тастап, тарихқа үңілумен болады, адамның, қоғамның, халықтың қазіргі күйіне өткен шақ және болашаққа қарап, салыстырады, сынайды. Белгілі ғалым Кант айтқандай, адамға керек, адамға адам болудың, адам болып өмір сүрудің, қандай қиын жағдайда да адам болып қалудың жолдарын көрсететін философия бөлек, ол - даналық философиясы. Оны біз Фарабидің, Абай, Ыбырай,  Шәкәрім, М.Ж.Көпейұлының еңбектерінен таба аламыз.

 Сақ, ғұн сияқты ерте кезеңдерді айтпағанның өзінде түріктің мемлекеттілігінің жаңа тарихы ретінде саналатын Түркі қағанаты кезеңінде өмір сүрік Күлтегін мен Білге қағанға ақылшы болған Тоныкөк, Қорқыт, кейінгі мыңжылдықтағы Ясауи мен Фараби, Жүсіп Баласағұн мен Махмут Қашқари, Сүлеймен Бақырғани секілді тұлғалар Орта Азия халықтарының даналық мұрасының авторлары деп айтсақ болады.  

Түріктің даналарының көне мұралары «Күлтегін» мен «Тоныкөк», «Оғызнама» мен «Қорқыт ата кітабы», Жүсіп Баласұғұн мен Әл-Фарабидің даналық өсиеттері, Ясауи бабамыздың хикметтерін көкірек көзімізбен үңіліп оқысақ, санамыз бен рухымызға қажетті нақылдардың інжу-маржандарын кезіктіре аламыз. Мәселен, Жүсіп Баласұғұнның «Құтты білік» еңбегінде дана билеушінің образы сипатталады. Кітапта оның бойында әділдік, мейірімділік, жомарттық, көрегендік, кеңпейілділік сынды көптеген асыл қасиеттер жинақталады деп баяндалады. Ал ақиқатында ақыл таразысына салып пайымдасақ, тек патшаның бойында емес, әрбір адамның жүрегінде жоғарыда аталған қасиеттер болуы міндет. Олардың басым көпшілігі адамзатты ізгілік пен адамгершілікке шақырады, имандылық пен көркем мінезге баулиды.

Қазақ хандығы тұсында да ел басқару ісінде ел басшыларының қасында міндетті түрде құлақ асар уәзірі өзінің даналығымен, шешендігімен елді аузына қаратқан тұлғалар болған. Олар тек хан қасында отырмай, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, дау-дамайларды шешетін қазылар міндетін атқарған. Жастайынан шешендікпен танымал болған көптеген даналар мен даралар, билер мен шешендер, ақындар мен жырауларды осы қатарларға жатқызуымызға болады. Майқы би мен Асан қайғы, Бұқар мен Үмбетей жыраулар, Жиренше мен Бөлтірік шешендер, Махамбет пен Шалкиіз осы айтылғандардың бір сыпырасы ғана. Қазақ мемлекеттілігінің алтын қазықтарына айналған Төле, Қазыбек, Әйтеке билер нағыз батырлық пен даналықтың символы іспеттес.   

Қазақтың жаңа тарихы саналатын ұлы тұлғалары Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылық мұрасын жеке-жеке тақырып бойынша сараласақ, үлгі мен өсиетке, тәрбие мен тағылымға құралған туындыларын бөліп қарастыра аламыз. Бұлар ХХІ ғасырда да өзегін жоғалтпаған құнды мұралар. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп есімдерінің бірге аталуының сыры тереңде. Себебі қазақтың үш алып тұлғасы да ұлттық ойлау жүйемізді сақтап, дініміз бен дәстүріміздің берік сабақтастығын бұзбай бүгінгі ұрпаққа табыстаған ұлылар. Алаштың үш ғұламасының еңбектері ғылыми зерттеулермен пара-пар. Себебі бұл еңбектерде дінтану, жантану, тәнтану, педагогика, психология, тарих, этнография сияқты көптеген салалар қамтылып, түрлі сауалдарға нақты жауаптар берілген. Әсіресе, «Рухани жаңғыруға» бет бұрып отырған бүгінгі таңда Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп мұраларын оқып-танудың маңызы артып келеді.

Демек ұлы даладағы даналар мұрасы мәңгілік ел болуды қалайтын Қазақ елі алдағы уақытта жол көрсетер шамшырақ, рухани құндылығымызды толықтырып тұрар азығымыз ретінде санасақ болады.

 

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру

бөлімінің маманы   Б.Өтеген

0 пікір