Ұлы дала ұлағаттары
Ұлы дала ұлағаттары
31.10.2023
1104
0

Еліміз егемен болып, атымыз әлемге танылып жатқан кезімізде еліміздің өткенін жаңғырту, болашағын баянды ету әр азаматтың қасиетті борышы. Қазақ тарихында XX ғасырдың бас кезі – түрлі оқиғаларға, саяси өзгерістерге толы кезең. XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі – Алаш партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси әлеуметтік сипаты және тарихта алатын орны.

Қазақ зиялылары саяси партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қолға алған болатын. XX ғасырдың басындағы елдегі аласапыран қиын кезеңде халықтың қамын ойлаған саяси күш – Алаш қозғалысы болатын. Осы қозғалыстың басында – саяси мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілген, оқыған, сауатты, кәсіби даярлығы заманына сай адамгершілік, имандылық қасиеттері ата-бабамыздың сан ғасырлық қастерлі құндылықтарымен сусындаған. Алаш қозғалысы қайраткерлерінің 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейінгі ұсынған демократиялық идеялары партия бағдарламасының жобасында көрініс тапты. Жобада атап көрсетілгендей, партияның басты мақсаты Ресей федерациялық демократиялық республикасының құрамында қазақ автономиясын құру болды.

Алаштың серкелері – Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Ғаббасұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы. Алаш зиялыларының алдыңғы толқыны болып есептелетін осынау тұлғалардың әрбірі мемлекет басқаруға қабілетті еді. Қазақ тарихында осындай Алаш арыстарының орны ерекше. Олар Қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін төңкерістік әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі дамытуды, білім алып, көппен терезе теңестіруін көздеді. Ең алдымен, қазақтың өз атамекеніне ие болуын мақсат етті. Сол жолда күресті. Сонымен қатар елге демократия, білім-білік алып келу үдерісінің бастауында тұрғандар да солар болды. Алаш зиялылары – елшілдік пен Отанға адал қызмет етудің үлгісі.

Алаш зиялыларының жүйелі ізденістері, ортақ көзқарастары ұлттық білімді, ұлттық сананы күшейтіп, өткен ғасыр басында халықты қауіп-қатерден сақтауға қызмет етті. Алаш зиялылары 1913 жылы «Қазақ» газетінің алғашқы сандарында жарияланған «Қазақ тарихы» жөнінде жазылған мақалада, «Қазақ ішінде әр үйдің отағасысы, әр ауылдың ақсақалы тұрған бір шежіре. Бұрынғы өткен кеткеннен естіген білгені болса кейінгі жастарға соның бәрін айтып отырады»,-деп ұлттық тәрбие ісінде әрбір қазақ қоғамындағы ата-ананың міндетін атап көрсеткен. Адамның қоғам алдындағы жаупкершілігі отбасындағы тәрбиеден басталады. Тарихи білім арқылы жастың санасын, ой-өрісін қалыптастыру ата-ананың мемлекетке тигізер көмегі болып есептелмек.

Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру идеясы қазақтың ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, халықтың сана-сезімін оята жүріп, бодандық құрсауын бұзып шығуға болатынын көрсетті. Жемісін Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті көрді.

Ұлттық идея негізінен XX ғасырдың басында әлемдегі, Ресейдегі геосаяси жағдайдың өзгеруімен жүзеге асқанымен, оның әлеуметтік, саяси, рухани тамыры ғасырлар тереңінен бастау алғанын ұмытпаған абзал. «Елге ел қосылса құт»,-деген халық даналығы бар. Кезінде тағдырдың талайымен атамекеннен жырақ, сыртта қалған қандастарымыздың мәселесі кімді де болса толғандырары анық. Бұл мәселе – Алаш зиялыларын да толғандырған мәселердің бірі. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның: «Түбі телім болған қазақтар басын қоспай қазақ қазақ болмайды»,-деген сөзінен-ақ Алаштың арманын бөліп-жармай, Алаш ұранды Қазақтың басын біріктіргісі келгенін ұғамыз.

Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатов «Оян, қазақ»,-деп жар салса, Алаштың тағы бір қайраткері Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт»,-депті. Уақытынан оза туған Алаш қайраткерлерінің идеялық мұрасын терең зерттеп, бүгінгі күннің қажетіне жаратып, олардың ісін жалғастырған абзал. Өткен ғасырдың басында жеке ел, мемлекет боламыз деген Алаш зиялылары аңсаған армандарына жете алмай арманда кетті. Алаш зиялылары тұңғыш ұлттық идея көтеріп, тұңғыш партия, үкімет құрып мемлекеттіліктің алғы шартын жасап кетті. Қазақстан бүгінде егеменді ел болып дүние жүзіне танылуда. Біздің отанымыз егеменді тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Тарих бізге тәуелсіздікті тарту етті. Енді біздің парызымыз – ұлттық рәміздерді қастерлеу, тәуелсіз мемлекетімізді өркениетті елдер қатарына қосу, мәдениеттің биік шыңына көтерілу. Ойымды Әлихан Бөкейхановтың мына сөзімен аяқтағым келеді: «Әр ұрпақ өзіне артқан жүкті жетер жеріне апарып тастауы керек».

 

Бердуәлі Өтеген 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

дінтанушы маманы                                                                       

0 пікір