Ата-бабамыз 1200 жылдан астам уақыт бойы ұстанып келе жатқан Әбу Ханифа мәзһабы – дәстүрлі Ислам дінінің тармағы. Тарихқа көз жүгіртсек, VII ғасырдың басында Орталық Азияда миссионерлік қозғалыс жанданды. 751 жылы Тараз қаласының маңында болған Атлах шайқасында араб әскербасы Кутейба ибн Муслим қытайлықтарды ойсырата жеңеді. Тарихи оқиға Ислам дінінің қазақ даласында түбегейлі орнығуына зор ықпал еткен. Осылайша Ислам діні Жетісу жерінде, Сырдария мен Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалаларға қарай қанат жаяды.
Алтын Орда кезеңінде мемлекеттік дін дәрежесіне көтерілді. Біртіндеп отырықшы халық ұстанған басты дінге айналады. Әбу Насыр Әл-Фараби, А.Йүгінеки, Ж.Баласағұни, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи сынды ұлы тұлғалар, озық ғұлама ойшылдар Ислам дінінің қайнар бұлағынан сусындаған. ХV ғасыр ортасында Керей мен Жәнібек негізін қалаған Қазақ хандығында Ислам діні кеңінен өрістейді. Хандық биліктің нығаюына, діни-дәстүрлік құқықтық жүйенің қалыптасуына, мәдени-рухани өмір мен ғылым-білімнің дамуына айрықша әсер етті. Қазақ хандығы Исламның сунниттік бағытының Имам Ағзам Әбу Ханифаның мәзһабын ұстанды. «Сайрамда сансыз баб, Түркістанда түмен баб» дегендей, қазақ даласына Ислам дінін тарата келген әулие бабтар түркілік дәстүр мен Ислам дінінің рухани өзегін бір арнаға тоғыстырды. Қазақ дәстүрі, әдет-ғұрпы мен шариғат заңдары бір-бірімен біте қайнасып қатар өмір сүріп, әл-Фараби А.Иүгүнікилер салған соқпақ жол мұсылмандық жаңғыруға ұласты. Қожа Ахмет Ясауи салған жол түркі баласын біріктірді. Ислам таралу кезеңдері барысында араб халифаты орнаған елдер араб мәдениетінің ықпалына ұшыраса, біздің бабаларымыз өзінің төл мәдениеті мен дәстүрін сақтады.
Қазақ даласы Ислам дінін түбегейлі қабылдағанымен, арабтанған жоқ. Ханафи мәзһабы мен Матуриди мектебін ұстанған қазақ жұрты көшпенді тіршілігіне сай Ислам дінін ұстана білді. Халқымыздың рухани, діни тұтастығына ерекше ықпал ететін дәстүрлі Ислам. Осы тұрғыда ұлттық болмысымызға нұқсан келтірмейтін дәстүрлі Сунниттік Ханафи мектебін дамыту қажет. Қазақтың ғұмырлық өлшемі болған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысы» міне осылар Ханафи мәзһабының талаптарына негізделгенін, Ханафи жолы дәстүрлі Исламның іс жүзіндегі көрінісі екенін ұмытпаған жөн.
Қазақ халқының мәдениеті, өмір-салты, тұрмыс-тіршілігі мен ойлау жүйесінде, діни санасының қалыптасуында Ислам дінінің, оның ішінде сунниттік Ханафи мәзһабының рөлі үлкен. Қазақ елінің діни санасының қалыптасуында сүнниттік Ханафи мәзһабы ғалымдарының сіңірген еңбегі зор. Осы мәселені біз өзіміздің діни ішкі сүзгіміз ретінде қалыптастыруымыз міндет. Онсыз біз сырттан келіп, еліміздің тұтастығын бұзғысы келетін жат ағымдарға қарсы тұра алмаймыз. Ханафи мәзһабының ғылыми мұрасы бұған толықтай жеткілікті әрі Ислам өркениетінде орны ерекше.
Қорытындылай айтар болсақ, мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды ету жолында әлеуметтік, саяси-экономикалық факторлар ғана шешуші рөл атқарып қоймайды. Қазақстан халқының рухани һәм діни түсінігінің біртұтастығы да аса маңызды саналады. Осы тұрғыда ұлттық болмысымызға нұқсан келтірмейтін дәстүрлі діни Сүнниттік-Ханафи мектебінің даму тарихы, ғылыми негіздері, өміршеңдігін қамтамасыз еткен ұстанымдары мен қазіргі кезеңде оны дамытып, жүйелеудің бағыт-бағдарын айқындау қажет болып отырған мәселе. Сондықтан да Қазақстан қоғамында ішкі тұтастықты сақтау жолында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан Ханафи мәзһабын дамытудың ғылыми әрі идеологиялық негіздері мен оны орнықтыру стратегиясын жасап, сол бағытта үлкен жұмыстар жүргізу қажет.
Облыстық қоғамдық даму басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы М.Сарманов