Ұлы дала төріндегі діни орталықтар
Ұлы дала төріндегі діни орталықтар
18.11.2019
1664
0

Қазақстан, барлығымызға белгілі болғандай, көптеген этникалық топтар өмір сүрген Орта Азия елдерінен бірі. Тарихи және мәдени процестер нәтижесінде қазақтар өзінің идентификациясын сақтау үшін ұзақ және қиын кезеңдерді бастан өткізді. Қазақтардың тарихында Қарахандық және Алтын Орда елдерін қалыптастырған түркі тайпалары болды. Кез келген бір халықтың қалыптасуында және бірлігін сақтауда ортақ бір тіл, тарих, география және туыстық қарым -қатынас, сонымен қатар өмір сүру салтымен бірге сенімнің де үлкен маңызы бар.

Орта Азия жеріне Ислам діні келуімен көптеген ғибадат орындар ашылды. Бұл секілді оқиғалар діннің миуасының Орта Азия жерінде беруіне септігін тигізді. Медреселердің салыну уақыты арабтардың қолжазбаларының бұл аймаққа жайылуы ретінде танылған VIII ғасырдан бастау алады. Бұл медреселер мешіттердің жанынан имам немесе басқа да бай, ауқатты кісілер тарапынан салынған. Орта Азия халқы Исламды қабылдауынан кейін, білім мен мәдениет орталығына айналғандығы белгілі. Бұл медреселерде әртүрлі кезеңдерде Мухаммед әл-Хорезми, әл-Фараби, Бируни, Ұлықбек, Науаи және т.б. атағы жер жаратын тұлғалар білім алған. Медреселер мешіттің жанынан ашылғандықтан мешітке түскен қазынадан болмысын жалғастырып отырды. Сондай-ақ медреселердің бірнешеуі онда келген қонақтардың садақаларынан өмір сүріп отырды.

Мұсылман саудагерлерінің Қытай, Үндістан мен Еділ аймақтарына сауда-саттық жасаумен Исламның жайылуында ең маңызды рөл атқарғандығы мен ілім-білім орталығы ретінде жұмыс жасаған медреселердің Орта Азия халқы арасында Исламның жайылуында да белгілі бір орынға ие болғандығы тарихтан белгілі. Тарихи мағлұматтар Орта Азияда тек Х ғасырда ашылған медреселердің ілім-білім дәрежелерінің ең жоғары дәрежеге жеткендігін айтады (Д. Кенжетай, Қожа Ахмет Ясауи Дүниетанымы, Алматы, Арыс, 2008).

Орта Азиядағы медреселерден сөз қозғағанда Қазақстан туралы да айтып өтуіміз қажет. Оңтүстік Қазақстандағы Исламдық мектептердің және медреселердің тарихына қарайтын болсақ, көбісі Қоқанд Хандығы кезеңінде салынғанын көре аламыз. Осындай медреселердің бірі Тараз қаласындағы Әбдіқадір медресесі. Бұл медресе ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Әбдіқадір есімді адамның материалдық көмегінің арқасында салынған. 1855 жылы Қоқанд Хандығы кезеңінде 1853-1858 жылдары арасында Ташкент әкімі болған Мырза Ахмед Парванча, Оңтүстік Қазақстандағы Шымкент қаласына Шами мешітін салдырған және сол кезеңнен бері мешіттің жанында медреселерді адамдарға білім жағынан қызмет етуді бастаған. Қазақстандағы медреселердің ең ескі және ең үлкен медресе Түркістанның шығысындағы Қаратау тауының етегінде орналасқан Қарнақ (Атабай) медресесі. Бұл жерді тәмамдаған оқушылардың білім дәрежелері Бұхара, Самарқанд және Ташкенттегі медреселердің оқушылармен бірдей болатын (Абсаттар Дербісәлі, Қазақстан мешіттері мен медреселері, Алматы, 2009, 86 б.).

Сондай-ақ Түркістан, Шымкент, Сайрам, Әулие Ата, Ақмешіт, Меркі, Семей, Ақмола, Қарқаралы қалаларындағы мешіт-медреселермен бірге ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап ауылды аймақтарда мешіт пен медреселер ашыла бастады. Сейхун мен Қаратау тауының етегінен бастап бүкіл аймақтарда медреселер көптеп қызмет ете бастады. Олардың ашылуы мен қызмет көрсетулері халықтың арасында молда мен ишандардың көбеюіне септігін тигізді. Қазақстанның оңтүстік аймағындағы Шаян мешіт-медресесі, Жаңақорғандағы Ақтас мешіт-медресесі, Қарасопы, Сейхунның жанындағы Құлболды, Марал Құрманұлы (Марал Ишан) секілді тұлғалардың есімдерімен аталды.

Әрине, медресе тақырыбы қозғалғанда әлемге әйгілі Мир Араб медресесін де атап өту қажет. Бұл медресе Қазақстан жерінде орналаспағанымен Ислам руханияты жағынан өте бір жоғары маңызға ие. Бұхарада орналасқан бұл медресе XVI ғасырдың мұсылмандардың Ислами білім, рухани орталығы болып, 1920 жылға дейін Бұхара Әмірлігі (1785-1920) топырағында орналасты. 1535-1536 жылдарында салынған бұл медресе 1920 жылдары жабылып, мұндағы дін қызметкерлері сүргінге жіберілді. 1946 жылы қайта ашылып 1989 жылға дейін Ташкенттегі Барақхан медресесі тысында, КСРО-дағы ең мықты медресесі болған. Бұл медреседе көбінесе Тәжуид, Хадис, Ислам тарихы, араб пен парсы тілдерімен қоса, КСРО халықтарының тарихы мен КСРО Конституция, орыс тілі мен дене шынықтыру пәндері оқытылды.

Сонымен қатар 1906 жылы халыққа ілім үйрететін Башқордстанның астанасы Уфа қаласындағы Ғалия медресесі де қазақтардың оқитын орындарының біріне айналды. Ғалия медресесінде алгебра, геометрия, химия, физика, география секілді жаратылыстану саласындағы дәрістер өтілуімен қатар педагогика мен гигиена мәселесінде де сабақтар өтілді. Аталмыш медреседе 1911 жылы қазақ оқушылардың көмегімен Ғұмар Қараштың «Өрнек» атты кітабы жарық көргенін атап өту қажет. Қазақстанда салынған медреселерде физика, химия кабинеттері, бай кітапхана болып, татар, орыс, араб пен түрік тілдерінде жарық көрген газет-журналдарды оқи алды.

Ислам діні келуімен Ұлы Дала төрінде діни орталықтармен қоса кітапханалар да бой көтере бастады. Қазақстан жерінде ілгеріден мәшһүр болған кітапханалардың бірі – Отырар кітапханасы.

Жер планетасындағы екінші орынды иемденген бұл кітапхана туралы Қытайдың саяхатшысы Лу Цзин былайша ой толғайды: «Отырардың абыройы шарапхана немесе мейрамханасымен шыққан жоқ, әйгілі кітапханасымен жер жүзін жарды». Алайда ХІІІ ғасырдың алғашқы жартысында шапқыншылықтар себебімен Отырар қаласы қоршауға алынып, құнды дүниелер мен кітапхан өртеліп, жоғалып кетеді. Бұл кітапхана 1000-1200 жылдай бүкіл әлемдегі ең үлкен кітапхана болған. Атақты профессор-ғалым Е. Омаров: «жер астында шамамен бес жүз мыңдай кітап жатуы мүмкін» дейді.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың атқа міну мәдениеті, металлургия, аң стилі, Алтын Адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Алма мен қызғалдақ секілді «Ұлы Даланың 7 қыры» атты мақаласына сегізінші қыры ретінде «Ұлы Дала төріндегі діни орталықтарды» қосуды ұсыныс ретінде атап өту керек. Өйткені жоғарыда баяндағандай, медресе мен кітапханалар секілді діни орталықтар қазақ қоғамы үшін айрықша орынға ие. Ескіше хат таныған көптеген ағартушылар мен ғалымдар осы медреселердің түлектері.

 

Облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы, РҺД доктор Б.Ботақараев

0 пікір