Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген халықтың іргесі берік, келешегі кемел болмақ. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Біздің халқымыздың шариғатпен үндесетін пайғамбар сүннетіне сай дәстүрлері жетерлік. Қазақ қашан да баласын еркелеткенде, жақсы көрген адамына «айналайын» деп айтады. Бұл (айн әл-айн) араб тіліндегі көзімнің қарасы деген сөз. Мұның өзі дәстүрге айналған бір дүние. Біздің салт-дәстүріміз тәрбиеге, адамгершілікке, мейірімділікке тұнып тұр. Қазақтың күнделік тұрмыс-тіршілігінде әдетке айналған ғұрыптардың астарында шариғат негіздерінің тұрғандығын байқаймыз. Бала дүниеге келгенде азан шақырып ат қою, ақиқа құрбандығын шалу, баланы қырқынан шығару, шілдехана бесік той жасау, сүндет той сынды дәстүрлер Ислам дінімізде бар құпталған амалдар. Тіпті, кішкентай баланың аузына түкіру пайғамбарымыздан қалған сүннет болып табылады.
Өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Ислам діні де мұны құптамайды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған. Өйткені өзгенің жаман дәстүрін таңсық көріп, өзіндегі рухани құндылықтар, қағидаларды аяқасты еткен кезде иман да жоғалады. Қазақ халқының Ислам діні мен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, Ислам дінімен біте қайнасып, ұлттық болмысқа айналды.
Салт-дәстүрлер тек қана тәлім-тәрбие ғана емес, бұлжымас тәртіпке де негізделген. Мәселен, аруақты сыйлау туралы бір ғана сөзбен тоқталсақ, бұл жерде мәселе марқұмның жетісі, қырқы, жылын атап мал союда емес, мәселе – ағайын-туыс, құда-жегжатқа көңіл айтып, қайғысына ортақтасуда. Ойлап көріңізші, кісісі өліп қаралы болған туысына, досына Атыраудан – Алтайға, Қызылжардан – Қызылордаға, Баян – Өлкеден – Баянауылға келетін кім? Ол – қазақ. Топырақ салысуға үлгерейік немесе жетісінде бет көрісейік, қырқына барамыз деп, бет көрмесе мынау тірлікте өзін кінәлі сезінетін халық кім? Сол біздің – қазақ. Өлімнің артын күтудің өзі – қазақ үшін бірлік пен берекенің, ұят пен ардың нышаны. Ендеше арыдан ойлар болсақ, осылардан айырылсақ біртұтас халқымыздың елі мен жерінің тұтастығына сызат түспей ме?![1]
Сонымен қатар, бабалар рухына тағзым етіп, қабірін зиярат ету, Құран бағыштау – ислам шариғатының принциптеріне қайшы келмейтіні анық. Бұл сөзімізге Пайғамбарымыздың (с.а.с): «Өлілеріңе Ясин сүресін оқыңдар»[2] деген хадисі дәлел болады. Ибн Омар өлім таяған сәтінде қайтыс болып, жерленген соң қабірінің басында «Бақара» сүресінің басы мен соңындағы аяттарды оқуды өсиет етіп қалдырған. Демек, ата-бабамыздан әдет болып қалыптасқан өткендердің рухына Құран бағыштап, дұға жасау дінмен ұштасып жатқандығы мәлім.
Халқымыздың үлкенге құрмет, кішіге ізет жасап, адамдардың өз араларында мейірімділік, құрмет, ізет көрсетуді насихаттап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіретін тәрбиесі – Пайғамбарымыз (с.а.с) алып келген діннің негізгі мақсаты болып табылады. Ардақты елші Мұхаммед (с.а.с): «Кішілерге рахымшылық етпеген, үлкен кісілердің шарапатын білмеген (құрмет, сый) бізден емес»[3] - деп туыстық, аға-іні қарым-қатынастың Ислам дініндегі маңызды факторларыны бірі екендігін баяндап берді.
Жер бетіндегі әрбір ұлт, әрбір азамат өз халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпын ұстанып, ұрпақтарына насихаттап, үйреткен жағдайда ғана тұғыры биік болады. Дін мен дәстүрді бірге ұштастыратын, ата-баба жолын берік ұстанып, үлгі-өнеге алатын ұрпақ болуымызды нәсіп етсін!