Қазақ қоғамында әйелдің орны ерекше. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл бар. Ұлттың болашағы да қазақтың әйелінің қолында. Сондықтан қазақ әйелі отбасы қоғамының ұйытқысы, тәрбиенің берік қорғаны. Қай дәуір, қандай заманда да поэзияның Әйел-Ананы жырлауда жастығына жантайып дамылдаған кезі болған емес, сұлулығы мен жылулығы үшін де, әйел атаулының сүйгенін де, махаббат жолында от-жалынға күйгенін де ғашық көңілмен өлеңге қосты, ынтызар жүрекпен ән қып шырқады. Ақбас тарихтың қойнауынан мысал іздесең, қадам басқан сайын сүрінесің. Қазіргі заманауи Қазақстанымызға қарай ат басын бұрсаң да, айдап отырып айдала тақырға шықпайсың: айнала – құдды ну орман, жынысты тоғай, гүлзарлы бақ іспетті. Көп алысқа бармай-ақ, Тұмар ханымды еске алса жетеді – парсылардың ешкімге бас имеген ІІ Кир секілді көш бастаушы серкесінің жауырынын жерге қадаған жоқ па? Күллі Месопотамия мен Вавилонды тізесінің астына басып, аузына қаратқан қандықол қолбасшы, Ахеменид державасының негізін қалаушы осындай алпауытпен жекпе-жек жаға жыртысуы, былайғы кезде көздің жауын алып жүрген құмырсқа бел құралай сұлудың ең қымбат қазынасы – отбасы мен Отанына қауіп төнген кезде – аяқ астынан көзіне қан толып, арыстандай ақырған жаужүрек жауынгер болып шығарына куә болмай ма, сірә?! Сөз арасында айта кетейік, Ұлы Дала әйелдерінің басқа шығыс қыздарынан басты айырмасы – жастайынан жеке бас еркіндігі мен бұла еркелігін қатты қадірлеген, қажет жерінде ерлермен иық қағыстыра отырып, ел мен жер тағдырына қатысты келелі кеңесте қамшы тастап сөз ұстаған. Тарихшылар айтып жүргендей, әйел-үзеңгі жолдас, хан кеңесшісі, ру басы, сөз тапқыш шешен, ең ақыр аяғы әйел-жауынгер деген ұғымдар алғаш рет осы Ұлы Дала бесігінде тербелген.
Сөз арнасын сезімнен сәл бері бұрсақ, әйел бір ғана отбасының тірегі, ошақ отын сөндірмей ұстаушы шырақшысы емес, Отанының да қоғамдық өміріне бел шешіп белсене кірісіп кететін қайраткер, әрқашан қоршаған ортаны жаңғыртуға әрекеттеніп отырған. Тіпті күні бүгін әйелдердің өмірдегі орнына қарап қоғамның қаншалықты өркениет деңгейіне көтерілгенін, сонымен бірге қоғам мүшелерінің ізгілік, теңдік пен қайырымдылық ұстанымдарына қаншалықты беріктілігін көз жұмып тұрып айқындауға болады.
Ұлы дала төсіндегі сақтар
Халық жадында сақталып қалған Тұмар, Бегім, Бопай, Абақ, Айғаным, тәрізді елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлік істері бүгінгі болашақ ұрпақ жадында. Арыға бармай-ақ қазақ хандығы тұсынан бергі ел билеген Айғаным, қол бастаған Бопай ханымдар, Күнбике, Айбике, Зере аналардың ұлт тарихындағы орны бөлек. Жоғарыдағы аналарымыз, сондай-ақ тарихымыздағы өзге де батыр аналарымыз ақыл-парасатымен, қайтпас қайсарлығымен жұрт билеп көсемдік көрсетті, қол бастап жаугершілікті бастан кешті. Содан да болар тарихтағы ұлы аналарымыздың есімі бір рулы ел болып, ұранға айналды. Шежіре жылнамасын тізбектесек руға айналған аналарымыздың көп екенін қараймыз. Тіпті көп ру ана есімін ру атына беруге арланбаған. Керісінше ру-шежіресін сол аналардың құрметіне арнап, бір қауым елге айналған. Ендеше тарихта өз орнын алып, батыр атағымен ел тарихында қалған Томирис патшайым туралы айта кетсек.
Сақтар (б.з.б. 1 мыңжылдық – б.з. І ғ.) – қазақ жерінде өмір сүрген ежелгі тайпа.
Сақтар Қазақстанның барлық аумағын мекендегені және олардың үш топқа бөлінгені көрсетілген. Сақтар, негізінен, мал өсірумен айналысқан. Əсіресе, жылқы малын көптеп өсірген, өйткені жылқыны жоғары бағалаған. Сақтар ат құлағында ойнайтын шабандоз, əрі ат үстінде садақ тартып, атқанын мүлт жібермейтін мерген болған. Мұндай өнерде оларға ешкім тең келе алмаған. Олардың аттары да таң қаларлықтай жүйрік болған. Бірде парсылар патшасы сақтардың бір сарбазының астындағы атына қызығып, айырбас ретінде оған өзінің байлығын ұсынған екен. Бірақ сарбаз одан бас тартқан көрінеді. Уақыт өте келе сақтар отырықшылыққа көшкен. Бекіністі қалалар мен шағын елді мекендер салған. Сол бір алыс кезеңде олар өз мемлекеттерін құрған. Сақтарда қолөнер мен зергерлік өнер жақсы дамыған. Киімдерін жануарлар бейнесі бар алтын жапсырмалармен сəндеген. Шошақ төбелі бас киім, шекпен, шалбар жəне етік киген. Сақтар қоғамында əскери адамдар – жауынгерлер ерекше құрметке ие болған. Батырлығымен, мергендігімен көзге түскен адамдардың арасынан патша, көсем сайланған. Оларда əйелдер мен қыздар да ержүрек болған. Соғыс өнерін жетік біліп, еркектермен бірдей соғысқан. Мысалы, Томирис патшайым ақылы мен айласы, батырлығы арқасында парсы əскерін жеңгенін тарихтан білеміз. Тарихшылардың еңбегінде сақтардың ержүрек, батыл тайпа болғаны айтылған. Сақтардың ержүрек, жауынгер тайпа болғанын сақ патшайымы Томирис туралы аңыздан да аңғаруға болады
Тұмар ханша Томирис Сақ тайпаларының ханшайымы (б.з.б.531–528) ержүрек, батыр болып тәрбиеленеді. Геродоттың естелігінше Парсы патшасы Кир Томириспен соғыста қаза болған. Кир патша Томирис патшайымды өзіне әйел етіп алмақшы көрініп, елшілер жіберді. Томирис Кирдің өзіне емес елі мен жеріне құда түскелі отырғанын түсініп, оның ұсынысын қабылдамайды. Қулығы іске аспаған Кир б.з.б.530 ж. Массагеттерге ашық соғыс жариялайды. Кир массагеттер жеріне жарамсыз әскерін уланған тағамдармен қалдырып кетеді. Массагеттер Кир тастап кеткен әскерге шабуыл жасап, олардан қалған тағамдарынан уланады. Соғыста Томиристің баласы Спаргапес тұтқынға түседі. Томирис баласын босатуын сұрайды. Бірақ, Спаргаписес ұяттан өзін-өзі өлтіреді. Томирис айтқанын тыңдамаған Кирге қарсы шабуылға шығады. Шайқаста массагеттер жеңіп Кирдің өзі өлтіріледі де, әскерінің көпшілігі қаза табады. Томирис торсықты қанға толтырып, оған Кирдің басын салуға бұйрық береді: «Сен қанға құмартып едің, енді шөлің қансың!» дейді. Томирис патша өз елінде бұдан кейін де талай жылдар билік етіп, қара қылды қақ жарған әділдігімен, данышпандығымен, көрегендігімен халқын талай таң қалдырды. Олар өз басшысы туралы жыр толғап, оның атын жырға айналдырған. Бұл аңыз жырлар Томирис патшаның есімі ізін басқан жауынгер әйелдің есімі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, Ұлы Дала аспаны астында ғасырлар бойы мәңгі жасады.
Ендеше, ата-бабаларымыздың санғасырлық арманын жүзеге асырған бүгінгі Тәуелсіз ұрпақ – Елбасы анықтап берген «Мәңгілік Ел» идеясы төңірегіне жұмылып, «Ұлы Дала елінің» жарқын болашағы үшін аянбауы тиіс деп есептеймін.
Сөз соңында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі» деп сөзімізді түйіндесек. Әлем рухани құндылықтарсыз өмір сүре алмайды, жақсы қасиеттерді насихаттайтын тәрбие ғана мәңгілікке бастайды. Келер ұрпақтарымызда Тарихтағы батыр анамыз Томирис сияқты алға қойған мақсатына жетпегенше қоймайтын қайсар мінезді, иманды, ұрпақ баршамызға нәсіп етсін.
«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімінің маманы Қ.Жулшиева