Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға
Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға
12.09.2023
1131
0

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, өз заманының ағымына қарсы тұра алған қайраткер. Қазақ халқының рухани көшбасшысы бола отырып, ол қазақтарды бейбіт аспан астындағы болашақ өмір үшін білім алуға, ағартуға шақырды. Халқы үшін және оның мәдени-әлеуметтік жағдайын көтеру үшін қызмет етті.

1910 жылдардан бастап Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліпбиі мен қазақ тілі оқулықтарын жаза бастады. Сол жылдары араб әліпбиіне негізделген қазақтың ұлттық жазуын (графикасын) жасаумен айналысты («Байтұрсынов жазуы»). Осы жазу негізінде «Оқу құралы» деп аталатын бастауыш, кейін қазақ тілінің грамматикалық құрылымын талдап, «Тіл құралы» еңбегін жазды.

Қазақ халқы Ахметті «Ұлт ұстазы» деп бекер атамаған. Себебі оның «Әліпбиі» әлі күнге дейін бүкіл әлем бойынша қазақ диаспорасында  қолданылып келеді. Ол өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеуге ықпал ететін мемлекеттің басты, идеологиялық маңызды буыны ретінде орта мектептің қажеттілігін негіздеді. Ол өз халқының рухани мұрасымен қаруланған адам ғана басқа халықтарға, олардың тарихы мен мәдениетіне құрметпен және түсіністікпен қарауға қабілетті деп санады.

Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі – «Әдебиет танытқыш» (1926 ж.). Мұнда көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер, тұжырымдар сөз болды. Бұл еңбегінде Байтұрсынұлы ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің әлеуметтік, қоғамдық мән-маңызын ашудан гөрі адамгершілік, эстетикалық әсемдік әуенін талдауға көбірек көңіл бөлген.

Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды. Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны»,-деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетикалық сипаты баяндалды. Ол Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды.

Байтұрсынұлы тұтас тұлға болды, ізгі мақсатқа саналы түрде қызмет етті. Ол өз халқының проблемаларын көрмеу және естімеу мүмкін емес деп санады. Халық көмекке мұқтаж болғанда ол бақытты бола алмады. Сәкен Сейфуллин – Ахмет Байтұрсынұлы хақында: «...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды... халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті»,-деген.

Адамдық диқаншысы қырға шықтым,

Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,

Көңілін көгертуге құл халықтың,-деген өлең жолдарынан-ақ алаш арысының өмірлік миссиясын аңғаруға  болады. Қорланған халқының рухын көтеру үшін пендешілік дәнін сепкен ұлт көсемін Мұхтар Әуезов «Қазақ зиялыларының көсемі»,-деп бекер атамаған.

Ахмет өз халқына адал қызмет етуді өмірдің басты мақсаты етті. Сол үшін ол мұғалім де, ғалым да, саясаткер де, мемлекет қайраткері де болды, осылайша Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсетті. Ол барлық жағдайда адал бола білді: Отанға деген махаббатта, жұбайына деген махаббатта, өзінің мақсаты мен құндылықтарына, ұлтына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті бойына сіңірген ұлт зиялысының жүрегі кең, ақылы асқақ, ғалым бола білді. Ол бір өлеңінде: «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін!»-деп, «Халқым бүгінгі күнде өмір сүреді, ал мен жасаған істердің бәрін халқымның жарқын болашағы үшін жасадым!»,-деп келтіреді.

Әуезов айтқандай: «Бір басында сан салалы өнер тоғысқан, телегей-теңіз энциклопедиялық білім иесі, қайшылығы мол тартысты ғұмырында қараңғы қалың елін жарқын болашаққа сүйреуден басқа бақыт бар деп білмеген ірі тұлға, халықтың «Рухани көсемі» – Ахмет  қазақ тілі мен кітабын жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргетасын қалаған алғашқы адам. Ұлы ағартушы Алтынсариннің бастамасын ілгері дамытып, нағыз ғылымдық дәрежеге көтеріп, жетер жеріне жеткізіп берген».

Оның тағдыры жанқиярлық, қадір-қасиет пен рухтың үлгісі.  Тарихта әрдайым оның есімі «Қазақ ұлтын ұлықтаған ұстаз!» ретінде алтын әріптермен қала бермек.

 

Г.Бекжан 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ           

бөлім маманы                                                                                

0 пікір