Ұлттық сана
Ұлттық сана
27.06.2023
1499
0

Ұлттық сана дегеніміз сол ұлтты құрайтын халықтың әр адамының жеке тұрмыс-тіршілігінің сыртында өз ұлтының мүддесін, халқының тағдырын, ұрпағының болашағын ойлау қабілетінің ұлттық деңгейге көтеріліп, жалпы қоғамға тән ортақ сипатқа ие болған ұжымдық түрі, яғни ұжымдық сана. Ұлттық сана абстракты ұғым емес, ол ұлт тірлігінің тұрмыстық көрінісі, былайша айтқанда, сол ұлтты құрайтын халықтың бүкіл ғұмырнамасының, әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің, әдебиеті мен мәдениетінің, өнерінің, тұрмыс-тіршілігінің тарихын білу дәрежесі, яғни халықтың өзін өзі жете танып, түсінуі. Ұлттық сана ұлттық дүниетанымға негізделеді. Ал ұлттық дүниетаным дұрыс таным түсінік арқылы өріс жайып, ұлттық дәстүр арқылы өз болмысын танытады. Өз ұлтыңа деген құрметтің көрсеткіші — ұлттық сана-сезімнің қалыптасу деңгейіне байланысты. Қазақ этносының өкілі болуды құдай маңдайыңа жазғаннан кейін, оны мамандық ауыстырғандай ауыстыру мүмкін емес. Өйткені, ауыстырмақ болып, басқа ұлттың мәдениетін қаншама бойыңа сіңірдім дегеніңмен, бәрібір сен сол ұлтқа кірмейсің, төлтумасы бола алмайсың. Қабылдамайды, реті келген тұста өгейлігіңді есіңе салады да тұрады. Мұндай жағдайды бастан кешірген жан кейін рухани дағдарысқа ұшырап, өмірінің соңы бақытсыздыққа айналады.

Сана-сезімі өзінің төл этникалық ортасында, төл мәдениетінің аясында қалыптасқандар ұлтшыл болып келеді. Өйткені, оған өзін қоршаған ортаның бәрі етене жақын, адамдарының бәрі бірге туған туысындай көрінеді. Рухани дүниесін қалыптастырған сезімдердің бәрі ортақ. Сондықтан да ол осы ортақ сезімге қатысты мәселенің қандайына болсын бейтарап қарай алмайды. Бәрін тікелей өзіне қатыстыдай көреді. Ортақ қуанышқа өз қуанышындай мәз болады, ортақ ренішке өз қайғысындай қайғырады. Халқының этномәдени құндылықтарын қасиет тұтады. Ең ғажабы, өздері осылай болған соң, өзгелерді де өздеріндей көріп, оларға түсіністікпен қарайды. Олардың мәдениетін сыйлап, құрмет көрсетеді және олардан осындай кісілікті талап етеді. Ұлттық кемсітушіліктің қандайына болсын төзбейді, ондай жағдайда басын бәйгеге тігуге бар. Ал бұған керісінше, сана-сезімі өзінің этникалық ортасынан тыс, өзге мәдениет аясында қалыптасқандар ұлтшылдықтан ада болып келеді. Ондай жандарды қазір халық “мәңгүрт” деп атап жүр. Ғылым тіліндегі “этнонигилистер” де осылар. Бұлар туралы қазір баспасөз бетінде аз жазылып жүрген жоқ. Төл халқының мәдениетінен бейхабар өскендіктен, олар күнделікті тұрмыста өзінің этникалық ортасына бөгделігін сезініп, қолайсыз жағдайға ұшырайды да, бірте-бірте араласып-құраласып тұруына қолайлы өзге ортаға қарай бейімделіп, соның мәдениетін меңгеріп, солардай болуға ұмтылады. Сол арқылы жанына жұбаныш табады. Бөгде мәдениетті қорғаныс құралы етіп, өз халқының мәдениетіне қарсы қояды. Нәтижесінде өз халқын іштей жек көріп, өз халқының құндылықтарын менсінбейді. Маңында жүрген өз ұлтының әлдебір өкілінің жағымсыз тірлігін көрсе, соны бүкіл халыққа теліп, бүкіл халыққа тән құбылыс етіп көрсетуге дайын тұрады. Өзін өзге қандастарынан артық санап, осы халықтың ұрпағы болғанына іштей өкініп, күйінеді. Сол себепті, бар мүмкіндігінше өзін бір ұлттың емес, бүкіл адамзатқа ортақ перзент етіп көрсетуге ұмтылады. Бірақ өмір шындығы – алдымен ұлттың ұлы болып танылып, содан кейін адамзаттың ұлы болуға ұмтылудың даналық, ал ұлтының ұлы бола алмай жүріп, адамзаттың ұлы боламын деу – шалалық екенін әр жағдайда дәлелдеп келеді. Өйткені, өз ата-анасына бала бола алмаған жанның өзгеге бала болып жарытпайтыны баршаға белгілі ақиқат қой. Бұдан шығатын қорытынды – адам ата-анасын таңдай алмайтыны сияқты этносын да таңдай алмайды. Тағдырдың жазуы солай. Өзінің тәрбиесіздігінен, біліксіздігінен төл мәдениетін жатсынып, өзге мәдениеттің шапанының шалғайына жармасып жүргендер ерте ме, кеш пе, дағдарысқа ұшырап, Абай айтқан: “не ол емес, бұл емес, менің де күнім күн емес” күй кешеді. Асылы, дана халық “Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң” дегенді бекер айтпаса керек. Біздің міндет – үйіріне қосылуға талпынғандарды қолдап, барынша бауырмалдық көмек беру, ұлттық сананы қалыптастыру.

 Жалпы ұлттық сана төмен болса, халық халықтық қасиетінен айырылып, мылқау күш тобырға айналады. Мұндай кезде ұлттық мүдде жеке бастың пайдасының құрбандығы болып, ұлт, халық, намыс деген қасиетті ұғымдар тілде бар да, ділде (жүректе) жоқ, тек рухани алыпсатарлардың көпшілік көзін алдар құралы мен ұранына айналады. Ел болашағын ойлаған есті азаматтың алысты болжаған аңғарлы саясаты жұртынан қолдау таппай, бар уақыт “жалаңаш патриоттардың” жайдақ айқайын басуға, соларға түсіндіруге, өзімен өзі арпалысуға кетеді. Елдік істе нәтиже болмайды. Адамзаттың ұзақ тарихының сабағы осыны көрсетеді.

 

Бауыржан Абдрахман 

«Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу»

бөлімінің маманы                                                                      

 

0 пікір