Кез-келген ұлттың өзіндік ұлттық құндылықтары бар екендігі сөзсіз. Қазақ халқының шешендік сөз, салт-дәстүр, қонақжайлық т.б. сол секілді құндылықтары жетерлік. Ұлттық құндылықтар тек сөзбен ғана берілмейді. Ол адамның өз болмысымен, тарихымен, салт-дәстүрмен, әкеден балаға қалып отыратын мұра іспеттес. Бүгінгі жаһандану кезінде кез-келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер – сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық.
Ұлтқа бөліну туралы Алла Тағала Құран аятында: «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді ұлыстар мен түрлі ұлттарға бөлдік...» - деп келеді. Яғни, әу бастан бізді ұлт-ұлысқа бөлген Алла Тағала екені ақиқат. Сонымен қатар, бір-бірімізбен танысып білісудің өзі Алла Тағаладан келгендігі анық. Кез-келген бір ұлттың екіншісінен айырмашылығы ұлттық құндылықтарында. Яғни, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өнер мен ұлттық ойындары екені анық.
Қазақ халқын ең бірінші еске алғанда алдымен көк туымен және екі ішекті домбырасымен әлем танитыны ақиқат. Қазақ халқын сақтап қалу үшін алдымен ұлттық құндылықтарды сақтап қалу ең үлкен адами борыш болып есептеледі. Ұлттық құндылықтардың ішінде адамға қажетті нәрселердің барлыға бар.
Қазақ халқы шешендік сөзге аса қатты мән берген. Шешендік сөздер тәрбие берудің аса қасиетті де құнарлы қаруы болып табылады. Себебі «шешендік сөз өнері өмір шындығымен, әлеуметтік уақыттың қатал да құбылмалы мінезімен бетпе-бет келгенде, адамға рухани жәдігер болып, көзден алыс, көңілге жақын құбылыстарды түсінуге жетелейді». Мұның мәні қазақ даласында аузы дуалы, елге беделі бар адамның белгілі бір мәселеге қатысты айтқан ұтымды сөзі, пайымды пікірі ауыздан ауызға жылдам тарап, көпшілікке үлгі болған. Сондықтан «шешендік сөз өнерін – қазақтың әдеп кодексі деп айтуға болады. Екінші сөзбен айтқанда қазақ би-шешендерінің ұлттық моральдық құндылықтарды қалыптастыру әдіснамасының өзіндік қалпын білдірмек»[1].
Қазақ ұлттық болымысында «үй алма, көрші ал» - деген тамаша қағида бар. Міне осы қағидаға қарап-ақ қазақ халқының ұлттық сана түсінігінде адамдармен қарым-қатынаста, ең алдымен көршімен тату-тәтті болудың маңыздылығы басым тұратындығын хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) былай деп ескерткен: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенген болса, көршісіне еш зарар бермесін» - деген нұрлы хадиспен біте қайнасып, бірге жасасқандай. Сондай-ақ, қазақ болымысында «қонақ он несібемен келеді бірін жеп тоғызын қалдырады» - деген түсінікке сай үйіне немесе ауылына келген қонақты танысын, танымасын үлкен құрметпен сыйлап, бай болса бір тайын, кедей болса жалғыз лағын болса да сойып ерекше сый-сияпат көрсеткен кең даладай дархандығы шексіз. Тіпті жолаушының алдынан айран, сүт алып шығып жол азабынан шөлдеп, сусаған жолаушының шөлін қандыру, ауылына соғым басын беріп, көшкен елге ерулік жеткізіп, жаңа түскен келінді үй көрсетуге қонаққа шақырып малының ең жақсысынан сыйлық беріп, ұзатылатын қызды барлық рудың қара шаңырақтарын аралатып, үлкендердің батасын алдыртып жақсы сыйлықтар беріп шығарып салу. Үлкендерге құрмет ету, кішіні аялап, ақ сақалды ата мен ақжаулықты ананы қадірлеп, олардың алдынан кесе көлденең өтпей, кез-келген мәселеде жасы үлкендерден ақыл сұрау арқылы ақылдаса отырып «кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деп әр істі ақылдасу арқылы тамаша тағылым еткен. Міне бұлардың барлығының астарында татулық, береке-бірлік сынды адамзат қоғамының негізгі тірегінің сан ғасыр бойы біздің бабаларымыздың өмірімен біте қайнасқанын тіпті бұл әдеттер мен ғұрыптар қазақ ұлттық болмысында болмаса мүмкін еместей далалық заңға айналғалы қашан.
Ұлттық құндылықтың тағы бір түрі салт-дәстүр. Қазақ халқы ежелден ұрпағын ержүрек, қайсарлыққа, басқаның ала жібін аттамайтын адалдыққа, өзі түгіл астындағы мінген атына доңыздың басқан жерінен шөп жегізбеген тазалықты, қазақ мәдениетінде тау қалықтарының дархандығы, кеңпейілділігі, жер жылжыса да жылжымайтын сабырлылығы, сөз тапқанға қолқа жоқ деп аталы сөзге тұрып азаматша іс тындырған бегзаттық жатыр. Қолына су құйған жас балаларға ақсақалдардың таудай бол деп бата беретініде осындай қазақ ұлты әрқашан тауға ұқсағысы келген асқақ арманына болса керек. Қазақ мәдениетінде отбасы институтында «әке асқар тау, ана мөлдір бұлақ, бала жасыл құрақ» деген түсінікте осы арманмен сәйкескен ұлы түсінік. Бұлардың барлығы дәстүрге сіңіп ете арласып кеткен дүниелер. Ал Ислам діні ешқашан кез-келген ұлттың тілі мен діліне, дәстүрі мен әдет-ғұрпына шектеу қоймайтын бейбіт дін екенін білеміз. Біздің ұлттық салт-дәстүрлеріміз ислам келгенге дейінгі 14 ғасыр бұрын қалай болса, исламды қабылдағаннан кейін де солай қала берді, бұдан кейінде осылай қала бермек. Себебі біздің ұлттық дәстүрлеріміздің еш қайсының ислам дінінің негізі саналатын бес парызы мен алты иман шартына, жеті үлкен күнә мен мұсылман баласы жасауына рұқсат етілген барлық салих амалдардың ешқайсысына қайшы келмейді[2].
Қорыта айтқанда, ұлттық құндылықтар – ұлт қалыптасуының басты негіздерінің бірі. Құндылықтар ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген құндылықтартарды өскелең ұрпаққа дәріптеу қажет. Енді өсіп келе жатқан жастарды ұлттық құндылықтармен тәрбиелеу қазақ халқының басты міндеті. Жоғарыда айтқанымыздай әкеден балаға мұра ретінде әдет-ғұрыпты, ауыз әдебиеті, сынды ұлттық болмыстарды қалдырсақ ұлтты сақтап қалатыны анық.
«Қоғамдағы дін қатынастарын
зерттеу» бөлімінің маманы Н.Әмзеев
Ұлттық құндылықтар