Мәдениет – ұлт өнерінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат пайымы. Халқымызда «Өнер – ұлттың жаны»,-деген даналық сөз қалыптасқан. Тарихымыздан белгілі ерте темір дәуірінен бері ұлы даланы мекен етіп келе жатқан сақ, ғұн, үйсін, қаңлы секілді жауынгер тайпалардың Еуразия мәдениетіне үлкен үлес қосқан. Мәселен 1969 жылы Алтын адамнан табылған алтын әшекейлердегі аңдық стиль өнері Еуропада өмір сүрген сармат обаларынан табылған алтын әшекейлермен бірдей болып шықты. Тіпті барлығы бір адамның қолынан шыққан десе де болғандай. Сол секілді жер бетінде алғаш жылқы малын қолға үйреткен Ботайлықтар арқылы тұтас әлем жылқыны қолға үйретуді бастады. 1986-1988 жылдары Алматы облысы Қызылкегең ауданы Майтөбе жерінен этнограф Ж.Бабалықұлы тапқан тасқа қашалып салынған домбыраның суретін археолог К.Ақышев осыдан 4 мың жыл бұрын салынған деп топшылады. Демек бүгінгі күнмен есептесек бір ғана домбыраның тарихы алты мың жыл десе де болғандай. Осылай санамаласақ қазіргі қазақ халқының арғы тарихында ислам діні келгенге дейінгі әлем мәдениетіне қосқан үлесі зор. Тіпті Есік қорғанынан табылған 28 таңбалы әріптің өзі ерте темір дәуірінде өмір сүрген халықтардың төлтума жазуы болғандығын айғақтайды. Бұл мәліметтерді жазу себебім мәдениет екі түрлі қалыптасады. Бірі халықтың рухани мәдениеті болса, екіншісі материалдық мәдениет. Жоғарыда келтірілген мәліметтер ислам діні келгенге дейінгі Қазақ халқының әлемдік өркениеттің ошағына от тамызғандығын дәлелдейді. Ал ислам діні келгеннен кейінгі мәдени өміріміз қалай өзгерді? Ұлттық дәстүріміз ислам дінімен қалай байланысты? Ислам өркениетіне қандай із қалдырды, осы жайында аз-кем ой қозғасақ.
Қазіргі таңда халқымызда ұлттық дәстүріміздің нышанына айналған ұлттық мейрамымыз Әз-Наурыз мейрамы. Наурызға байланысты халық аузында жинақталған аңыз әңгіме тым көп-ақ. Бұл мейрамның пайда болу тарихы осыдан 2-3 мың жыл алдын болған десе, этнограф профессор Ж.Артықбаев болса 10-13 мың жыл алдын болған деген ұстанымда. Себебі ел аузында сақталған тарихи дәлдікке жақын нұсқасы М.Ж.Көпейұлының нұсқасы. Онда былай дейді: «Кеме Қазығұрттың басына тоқтаған күн қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебімен санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні»,-дейді. Мұны профессор былай түсіндіреді: «Араб күнтізбесі ай есебіне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхарам айы оларда қасиетті ай, жылдың басы деген құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ Хамал қазіргі уақытта Тоқты аталады және қазіргі наурыз айына сәйкеседі. Осы себепті қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Хамалдан» шығады» деген деректі келтіреді. Демек қалай болғанда да Наурыз мейрамының пайда болу тарихы Нұқ пайғамбардың топан су қайтқаннан кейінгі болған оқиғалармен тікелей байланысты. Ал топан судың болған уақыты ғылыми көзқарастар негізінде осыдан 13 мың жыл алдын болған деседі. Бұл Наурыз мейрамын қазақ халқынан басқа күншығыс елдерінің көбі тойлайды.
Кейде ел арасында наурызды тойлауға болмайды. Бұл парсылардан келген, олардан алдын отқа табынушылар тойлаған. Сондықтан да отқа табынушылардың мейрамын тойлауға болмайды деп Алла Елшісінің бірді-екілі хадисін жаттап алып шариғат соғып жататындары да болып жатады. Еуразия халықтарының көбінде «наурыз» сөзі кездеседі екен. Үнді-иран, герман-латын тілдес халықтарда «новый», «нео» яғни жаңа деген мағынаны білдіреді. Ал парсы тілінде «новруз» жаңа күн деген мағынаны білдіреді. Алайда парсыдан алыс қалың қарағайлы орман ішіндегі чуваш халқының тілінде де «ноурас-ойахе» яғни наурыз деген сөз бар. Осыған қарап наурызды тек парсылар ғана емес көне түркі халықтары да тойлаған деген тұжырымға келуге болады. Кезінде наурыз мейрамын тойлауға болмайды деген көзқарасты ұстанған Ханафи мазхабы ғалымдары да болған. Бірақ саны шектеулі. Өйткені сол ғалым тұратын өңірде наурыз кезінде отқа табынушылық элементтері (отты айнала жүгіру, оттан секіру, отқа сыйыну) болғандығы себепті осындай пәтуа берген болуы мүмкін. Ал Алла Елшісінің (с.а.с.) бір хадисінде: «Амалдар ниетке байланысты»,-деген сөзін ескерер болсақ наурыз мейрамының да шариғаттың жолынан алыс еместігін байқауға болады. Өз оқырманының жүрегіне жол тауып үлгерген Ұ.Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабында Алтайдың арғы бетін қоныс еткен қазақтардың өмірінен наурыз мейрамы туралы: «Ол күні ауырып отырғандар болмаса барлық адам ашық-жарқын болады. Әдетте, қабақтары құрмадай құрысып отыратын шалдардың өзі шұнаңдап балаларға тіл қатады... Ақсақалдар жылдың жайын, тәубе шүкірін айтады. Алладан елдің тыныштығын сұрап алақан жаяды... Ақсақалдар өнегелі әңгіме айтады. Жыр айтады..» деген мәліметтерді оқи отырып елдің амандығын Жаратқаннан сұраудың тағы бір жолы осы Наурыз мейрамы екен-ау деген ойға қаласың. Өйткені қазақта «Қырықтың бірі Қыдыр»,-деген сөз қалған.
Орта ғасырда ежелгі түркі тілінде жарық көрген төрт кітаптың бірі «Диуани лұғат-ат Түрік» болды. Авторы Қашқар қаласынан шыққан Махмұд Қашқари. Осы кітапты жазар алдын былай депті: «Барлық даланы аралап түріктен асқан найзагер, түріктен асқан жауынгер, түріктен асқан саудаға адал, түріктен асқан тілге шебер халықты көрмедім. Сол себепті түріктің сөздерін жинауға жолға шықтым»,-деген екен. Махмұд Қашқаридің өмір сүрген кезеңі ислам діні келгеннен кейінгі кезең екенін ескерсек түркілердің кезінде әдебиет саласының дамығандығын байқаймыз. Ж.Баласағұн өзінің еңбегі «Құтты Білік» еңбегін Қарахан ханына сыйлау арқылы үлкен дәрежелі атақ алды. Сол еңбек кейінгі жылдары археологиялық зерттеулер кезінде Сарайшықтан табылды. Одан алдын Алтын Орда хандары, Осман сұлтандары, Мысыр мәмлүктері ел басқару ісінде қазіргі Конституцияның ұстанымын атқарғандығы анықталуда. Бұл мәліметтер халқымыздың ислам дініне қосқан рухани мәдениеті.
Орта ғасыр ислам діні үшін ғылым мен сәулет өнерінің дамыған кезеңі. Кейінгі жылдары жаугершілік замандарда үйіндіге арналған ерте орта ғасырлық қалаларды қазу кезінде үйінділер астынан ежелгі қалаларда кәріз жүйесі болғандығы ғалымдарды таң қалдыруда. Бұған дейін далада өмір сүрген деп келген түркі халықтарын да осындай жүйенің бар екендігі әрине ислам дініндегі «Тазалық – иманның жартысы» деген Алла Елшісінің хадисіне амал еткендігінің белгісі. Сол секілді орта ғасырда Сауран қаласында азан шақырған кезде тербелмелі мұнаралар болған. Мұндай мұнара Сауран мен Исфахан қаласында ғана болған деседі. Орта Азия ислам дінінің дамыған ордасына айналды. Себебі көптеген діни кітаптар, аңыз әңгіме, қиссалар осы көшпенді түрік халықтары арасында тарады. Тіпті Сығанақ қаласынан шыққан усул ғалымы Хусамуддин Сығанақидің «Усул» еңбегі ислам ғалымдары арасында әлі күнге дейін жоғары бағаланып келеді. Мүмкін осы себептерден болар «Құран Мекке де түсті, Стамбулда басылды, Мәуреннахр да түсіндірілді» деген сөздің айтылғаны.
Ислам діні ұлттық дәстүріміздің ажырамас өзегі. Осы өзектен ажырату үшін түрлі арандатушылық іс-әрекеттер жүргізілуде. Халқымызда қалыптасқан ата-анаға деген құрмет, ілтипатты қимыл іс-әрекетпен көрсетуді Құдайға серік қосты деп мұсылмандарды айыптау іс-әркеттері болуда. Біздің негізгі бағытымыз осындай құйтұрқы амалдарға алданбай ата-бабамыз салып кеткен сара жолдан айнымай әлі де болса ислам мәдениетіне, адамзаттық құндылықтарға өз үлесімізді қоса беру болмақ.
Қ.Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Ұлттық дәстүр ислам мәдениеті