Кез-келген халықтың өзіндік дара қасиеттері болады. Ол – ұлттық болмыс. Ұлттық болмыс – ұлттық қадір-қасиет. Ол – сатылмайтын байлық. Біз үшін сатылмайтын байлық – тіліміз, дініміз, ұлтымыз, Отанымыз. Бұл байлықтар біз үшін бәрінен де жоғары. Қазіргі таңда біз осы ұлттық болмысымыз бен құңдылығымыздан айырылып барамыз. Бізде өз-өзімізді сақтау тетігі жұмыс істемей келеді. Атам қазақ шыққан тегін білмеген адамды – «тексіз», тарихына тұшынып көрмеген адамды – «көргенсіз» деген. Тексіз болу – анаңнан, көргенсіз болу өзіңнен. Білуге ұмтылмасақ, көргенді түйе алмасақ, көптің мүддесіне үлес қоса алмасақ, адамдықтан не пайда? Міне, осы кезде біздің ойымызға Мұхтар Әуезұлының: «Ел болам десең, бесігіңді түзе»,-деген сөзі есімізге түседі.
Алайда қазақ ұлтының өмір сүру жолында елдің түсінігіне айналған ұғым өнеге. Өнегені ата бабаларымыз ұлттың өмірін жалғайтын дүние деп түсінген. Аға ұрпақ буынның тектілігінен туған қасиеттер, қазақ зиялыларының тарихы, қазақтың тәрбиесі, балаға үйреткен өсиеті уақыт өте келе ұлттың дүниесіне айналып отырады. Бұның мәні өмір болмысын ақыл биігінен зерделеп, өмір сүруде ұлт болашағына сауаттылықпен қараған ата-бабаларымыздың рухани деңгейімен өлшенеді.
Бала тәрбиесіне ерекше мән берген қазақ ұлты тәрбиедегі білімді баланың санасына жеткізетін өнер түрлерін шығарған. Бесік жыры, әңгіме, ертегі, қиял ғажайып ертегілерді балаға әңгімелеп беру қазақтың бала тәрбиесіндегі ерекше орын алатын ұстанымы. Ертегі әңгімелерді балаға қазақтың үлкен адамдары әңгімелейді. Бала балаға ертегі үйретпеген, ананың балаға айтқан бесік жыры баланың жан дүниесіне тілдің, мейірімнің рухын ұялататын дүние. Ата-ананың мейіріміне бөленіп, оларға жақын өскен бала отанына, дәстүріне жақын өседі.
Адамзат тарихында тұңғыш рет медицина ғылымының негізін салған Ибн Сина балаға алғашқы тәрбие, ем ананың үнімен беріледі деген. Жоғарыда айтқанымыздай жырдағы өнегені жастайынан тыңдап өскен бала өмірге құштар келеді, ол үшін өмірдің бұрышындағы әр бір қиындық ақылмен шешілетін, ерік жігермен жеңілетін, төзіммен өтілетін нәрсе. Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, «Адамның өзін тануы, өз жолын табуы өте қиын. Бұл қиындық әсіресе жастардың басында: олар тәжірибесіз, олар көңілі, ойы құбылмалы, толқымалы, сондықтан өзін сынай алмайды. Өмір жолдары тараулы. Жастар тоқсан жолдың торабында: қай жолға түсерін білмей, дағдарады. Егер жазатайым болып, теріс жолға түсіп кетсе, өмірі өкініші кетпейді». Адам өзін сынау үшін оған өмірден сабақ үйрететін тәжірибе, білім қажет. Ал қазақтың балаға үйреткен тарихи дүниелерінде, ертегілерінде, аңыз әңгімелерінде өмірдің тәжірибесі мен білімі мол. Қазіргі таңда балапан басымен, тұрымтай тұсымен болып кеткен заманда ата-аналар, ұл-қыздарын түрлі жекеменшік мектептер, қайырымдылық мекемелеріне беріп қойып отыруда. Одан қала берсе түрлі деструктивті діни ағымдар жетегінде. Сонда ұлттық болмысымыз бен ұлттық құндылықтарымыз қайда кетті. Тек өз қарақан басымызды ғана ойлап, құлқынның құлы болуды қою керек.
Жастайынан ел өмірімен баланы таныс қылу, ел тұрмысын, ел тұрмысындағы елдің болмысын, дәстүрін баланың санасына жеткізу ата- ананың тектілігі, бұл дәстүр ұрпақты тектілікке бағыттайды. Себебі тектілік қазақы тәрбиенің негізгі күші. Ұлтының төл құндылықтарын жастайынан санасына сіңіріп өскен бала ұлттық санамен есейеді. Ұлттық санамен есейген қазақ тұлғаларының өмірінен ұғынатынымыз ұлттық тәрбиемен рухы жетілген жастар болашағына елінің мүддесі тұрғысынан қарап, ұлтының тағдырына ара түсетін, игілігіне қызмет ететін тұлға деңгейіне жетеді.
Қорыта келе адам баласына ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы», - деп бекер айтпаған. Қазіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Ежелгі грек философы: «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле», - деген.
Ұрпақ тәрбиесі – бұл болашақ тірегі. Біздің мақсатымыз – қазіргі қоғамның талаптарына сәйкес жан-жақты үйлесімді тұлға қалыптастыру. Сондықтан біз ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, онда ол тұлға ретінде дұрыс қалыптасып, жетіледі, яғни жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Сол себепті әрбір ата-ана болашақ ұрпағын өз отбасында тәрбиелеу керек. «Ақылды қария – жазып қойған хатпен тең»-деп бекер айтпаған. Майқы би бабамыз: «Өзімізді-өзіміз қыратын заман болады екен, шығыстан келер сақал өз жұртымызға аз қорлық көрсетпейді екен. Талайдың қанын жүктейді екен. Елімізді енді мен үш жылдан кейін өлген соң, мың жеті жүз жыл кейін жүнбас шегір сарылар басқарар болар»,-деп айтып кеткен
Түркістан облысының дін істері
басқармасының "Дін мәселелерін
зерттеу орталығы" КММ-нің
бөлім басшысы Қ.Салықбаев