Ұлт пен ұлыс бірліктің ұйытқысы
Ұлт пен ұлыс бірліктің ұйытқысы
20.10.2023
1416
0

Ұлт дегеніміз – тарихы мен мәдениеті, тілі мен дінін, мінез бен татулықты ұштастыра білетін, рухани дамыйтын адами ерліктің нәтижесі. Әр адамның рухани жетіліп даму дәрежесі секілді, әр ұлттың да кемелденіп көркейу сатылары болады. Ұлт қоғамды ұйымдастырудың анағұрлым кең тараған бірлігі. Ортақ тілі, қалыптасқан мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бір адамдардың әлеуметтік бірлестігі сонымен қатар өмірдің бар кезеңін басынан бірге кешетін, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білетін ұлыс. Қарап отырсаңыз, «ұлт» терминін әртүрлі анықтауға болғанмен, оның әлеуметтік, тарихи тамырын, мәдени ерекшелігін сезінбеу мүмкін емес. Ұлттың ұлттан артықшылығы да, кемшілігі де жоқ, тек айырмашылығы ғана бар. Ал сол айырмашылықтан қайшылық көргісі келетін, «ұлт» деген ұғымды мүлдем жат санайтын ислам атын жамылған салафизм ағымы ұлттың рухани құндылықтарын, мәдениеті мен салт-дәстүрін жоққа шығаруда.

Тәуелсіз еліміздің Конституциясында 14-бап 2-тармағында: «Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды» деп жазылған. Тіпті, Құранның әл-Хужурат сүресінің 13-аятында: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» деп, ислам үшін «ұлт», «нәсіл», «тек» секілді ұғымдардың таңсық еместігі айқын көрсетілген. Ал исламның болмысы мен рухына жат дәстүрлі емес жолды ұстанатын салафилік ағым ұлт арасына жік салып, мемлекетіміздің тұтастығын бұзуды көздеп отыр. Тіпті мемлекетіміздің тұрақтылығына өз ықпалын тигізіп отырған ислам дінінің құндылықтарын  бұрмалап, ұлттың ата-бабадан жалғасып келе жатқан келіннің сәлем беруі, аруақтарға құран бағыштау, бейіт басына бару сияқты дәстүрімізді жоққа шығарып, оны «кәпірге» санап теріс насихаттап жүр. Сондықтан, қазіргі таңда елімізде ұлттық мүддеге қарсы деструктивті ағым ұстанушылар тарапынан жүргізіліп жатқан бұл үрдіс қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып келе жатқан құндылықтарының тамырына балта шабуда. Осыған байланысты біз ұлттық дәстүріміздің дінге қайшы келмейтіндігін, керісінше олардың үндестігін көрсетуіміз керек. Бір шаңырақ астында ұлттың ұйытқысына себеп болып отырған негізгі фактор дін екендігін, діни бірлік болмай, ұлттық бірлік, ұлттық рух, ұлттық сана болмайтынын түсіну қажет. Қазақ халқы тағдырдың ауыртпалығына қайсар­лық танытқан батыр халық, тағдыр айдап келген сан алуан ұлтты бауырына басқан қонақжай халық. Жетпіс жыл бойы Кеңес үкіметінің бұғауында болған қазақ халқы ұлтсыздандыру саясатын әлдеқайда басынан кешіп, жерін, тілін, дінін намыс шүберегіне орап, қастерлеп, сақтап қалды емес пе?! Бүгінгі деструктивті ағым идеологиясын ұстанушылар мәдениеті­міз, салт-дәс­­түріміз, әдет-ғұрпымызбен сабақ­тасып өрілген ұлттық құндылықтарды жою арқылы ұлттың өзін жоймақ! Тамыры жоқ бірде бір ағаш болмайтыны сияқты адам баласы да өзінің ата-тегімен ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани ұлттық құндылықтары арқылы байланысады. Ал шектен шыққан көзқарастарды ұстанатын идеологиялық ағымның ұлтаралық, дінаралық қатынастарға жік түсіріп, мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына қауіп төндіретіні айдан анық. Сондықтан мемлекетіміздің өзі бүгін дәстүрлі құндылықтарымызды қайта жаңғырту туралы алға тартып отыр.                

Дін мен ұлттық мүддені аталарымыз ешқашан бөліп қарамаған. Енді ол ұстанымды бүгін бөлудің ешбір қажеттілігі жоқ. Керісінше, естілердің сөзін ескеріп өскен, тағдыр табыстырған ұлттар мен ұлыстарды бауырына баса білген қазақ ұлты бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жат ағымдардың идеологиясына айбарлы тойтарыс бере білуі тиіс. Қорытындылай келсек, ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді сақтауға, жаңғыртуға әр азамат өз үлесін қосуы маңызды. Сонда ғана қазақ халқының дәстүрлі діни танымы мен рухани-мәдени болмысына шабуыл жасап отырған деструктивті ағымға қарсы төтеп бере аламыз. Өзге ағым өкілдерінің мемлекеттің заңдарына бағынбай, дәстүрлерді мансұқтау, зайырлы ұстанымды тәрк ету, ұлттық мәдениет, салт-санадан бас тартқызу бағытындағы әрекеттеріне тосқауыл бола аламыз. Біз – бір мемлекетпіз. Бір ауамен тыныстап, бір жердің өнімін бөліп жеудеміз. Бір мемлекеттің азаматы болып, бір тудың астында біріккендіктен, арманымыз бен тілегіміз бір болуы тиіс. Елдігіміздің ертеңін ойлайтын әрбір азамат ұлт пен жерге бөлінбестен, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып бірлесе қызмет етуі қажет. Дана қалқымыз жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, діни сауаттылықты артырып мемлекетке өз үлесімізді қосайық. Қайткен күнде де жұмыла көтерген жүктің жеңіл болары баршамызға белгілі жайт. Олай болса, бір тағдырдың жолында жүрген бір елдің азамат, азаматшасы болып елдің мақсат, талаптарын бірге жүзеге асырайық. Мемлекетіміздің туын биікте желбіретуге халқымыздың әр перзенті қалтқысыз қызмет атқара берсін.

 

Е.Ештай 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы                                                                                           

 

0 пікір