Үлкенге құрмет, кішіге ізет
Үлкенге құрмет, кішіге ізет
09.01.2020
1919
0

Теріс ағымда жүріп, адасушы көзқарасты ұстанатын адамдардың айтуынша, әлдебір адамға құрмет көрсету мақсатында орнынан тұруға болмайды. Оған дәлел ретінде олар Пайғамбарымыздың (с.а.с) мына бір хадисін келтіреді:

 «Кімде-кімді адамдардың тік тұрып (қарсы алуы) қуантса, ондай адам тозақтан өзіне орын дайындасын». Деген хадисі Мұхаммед ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи, Сунанут-тирмиз, 5-том, 90 бетте айтылған.

Бұл жердегі мағына кірген адам өзін құрмет қылғаны іштей масайрап қуанса ондай адам өзіне тозақтан орын дайындасын деген мағынада.

Аталмыш хадисте мүлде орнынан тұрмау керек деп айтылмаған, дәлірегінде, сол дәуірдегі халықтың: жағымпаздық, тәкаппарлық пен құрметке деген сүйіспеншілігі сыналады. Ал өзге бір хадисте әлдебір адам үшін адамдардың орнынан тұру тілегі сынға алынады, алайда тақуа, сыйлы әрі ересек адамға құрмет көрсету ретінде орнынан тұру әбестік емес. Бұған келтіретін дәлел жетіп артады.

Насаи, Әбу Дәуд, Тирмизи Айша анамыздың (р.а.) былай айтқанын келтірген:

«Алла Елшісі (с.а.с) қызы Фатима келгенде, орнынан тұрып амандасып, сүйіп, қолынан ұстап қасына отырғызатын. Алла Елшісі (с.а.с) келгенде Фатима да (р.а.) құрмет көрсетіп орнынан тұратын. Бірде мединелік сахабалардың үлкені Са‘ду бину Мұғаз келгенде Алла Елшісі (с.а.с) былай айтқан: «Үлкендерің келгенде орындарыңнан тұрыңдар (имам Бұхари).

Жафар сахаба Эфиопиядан келе жатқанда оған жолдан Зайд бину Харисат қосылады, сонда Алла Елшісі (с.а.с)  оларды орнынан тұрып қарсы алған. Имам Науауи «Шархул-Мүслим» кітабында былай жазған:

«Беделді адамдарға құрмет көрсетіп, орнынан тұру сүннет болып табылады. Бұған көптеген хадистер дәлел. Құрмет көрсету ретінде орнынан тұруға тыйым салатын бірде-бір сенімді хадис жоқ» (12 том, 93 б.).

Әбу Хурайрадан «Жастарымызға мейірімділік етпеген және үлкендерімізді құрметтеп, сыйламаған бізден емес».

«Шаш-сақалына ақ түскен қарт мұсылманды, Құранды бастан-аяқ жаттап, оған амал етуден тәкаппарланбаған хафизді және әділ патшаны құрметтеу Аллаһ Тағаланы құрметтеудің белгісі».

«Кімде-кім жас күнінде қарияға орын берсе, Алла Тағаламыз соған қартайған шағында жастарды қызметіне қояды»- деген екен.

Пайғамбар с.а.с бір хадисінде: «Егер араларыңда еңкейіп қалған қариялар, жайылып жүрген жануарлар және емізулі сәбилер болмағанда еді, бастарыңа бәлелер селдей ағып келер еді»- деген. (Байхақи риуаяты). Және бір хадисінде: «Мұсылман қарияны құрметтеу, Алла Тағаланы ұлықтау дегені»-деп айтқан. (Муслим риуаяты).

Қарттық та Алланың бір нығметі. Мұсылман адам жасы ұлғайған сайын, Алланың оған беретін дәрежелері де арта береді екен. Мұны Усман (р.а) риуаят еткен, Пайғамбардың (с.а.с) мына хадисінен білеміз: «Мұсылман пенде егер 40 жасқа жетсе, Алла оның есебін жеңіл қылады. Егерде 60 жасқа жетсе, Алла ол пендесін тәубеге лайықты етеді. Егерде 70 жасқа жетсе, көктегілер (періштелер) оған мейір қояды. Егер 80 жасқа жетсе, Алла оның жақсы амалдарын қалдырып, жаман амалдарын өшіріп жібереді. Егерде 90 жасқа жетсе, Алла оның алдыңғы және кейінгі күнәларын мағфират етеді. Үй ішіндегілерге оны шапағатшы етеді. Көкте ол адам жайлы «Алланың жердегі тұтқыны» деп жазылып қойылады» деген. (Ахмад риуаяты)

Бірақ та жасы ұлғайған қарияны Алла кешіре береді екен деген сеніммен шектеліп қалып, амалсыз жүру де дұрыс емес. Өйткені адамдардың жақсысы деп сипаттаған Пайғамбар с.а.с хадистерінің бірінде «Сіздердің жақсыларыңыз ұзақ өмір сүрумен қатар жақсы амалда болатындарыңыз» деген. (Хаким риуаяты)

Мақаланы қорыта келе 2016 жылғы 9 наурыз күнгі жарияланған elana.kz сайтында былай делінген: «Атақты «Абай жолы» романындағы мына бір жай, шағын үзінді үлкенге көрсетілер құрметтің жарқын үлгісі десек те болатындай:

«Абай тоқтаған қалпында бойын тез жиып, аттылардың алдына жұмысы бар кісідей көлденеңдеп кеп тосып тұрды. Үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін басып, қатты дауыстап:

– Ассалаумағалайкүм!..- деп сәлем берді.

Өзге қазақтан бөлек, мына сияқты бір алуан сыпайылыққа Бөжей оң назарын салды білем… Атының басын тежей беріп:

– Уағалайкүмәссәләм, балам!..- деп тоқырай қалды. Бөжей Абай күйін жақсы таныған сияқты еді. Байыптап қарап алып:

     – Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ өздігіңмен істедің бе?- деді.

     – Бөжіке, әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге!..

Абай жауабын естіген соң, Бөжей ықыласпен қарай түсіп, жақындады да:

– Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым!.. – деді». Жасқа аға, ақылға сақа Бөжей мен балғын жас Абай арасындағы осы бір диалог үлкенді сыйлаудың орны мен маңызын, үлкеннің батасын алып, алғысына кенелудің өзі Жаратқанның разылығын табудың жолы екендігін анық аңғартады. Қазақ үлкенді сыйлағанға сый көрсетіп, оны тәрбиелі, көргенді азаматтардың қатарына қосқан.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

дінтанушы маманы  Салықбаев Қайрат

0 пікір