Туыстық қарым-қатынас
Туыстық қарым-қатынас
28.11.2023
2433
0

Бұл дүниеде адам баласына берілген сыйдың есебі сансыз. Соның бірі бұл– ағайын-туыстарымыз. Жанымызға ауырлық түссе жұбататын, қиналғанда арқа сүйерің, қуанғанда қуанышыңды бөлісіп,  өкпелесек  назыңды көтеріп  қателігімізді кешіре білетін тек ағайын-туыстарымыз  ғана.  Айналамыздағы адамдардың барлығы ағайын-туыстай бола бермейтіні шындық. Туыстық қарым-қатынасты халқымыз қашанда жоғары қойған. Алайда, қазіргі таңда қоғамымызда дұрыс тәрбиеден шалыс, имандылықтан қалыс қалған кей адамдардың арасындағы туысқандық қарым-қатынас үзіліп, тіпті өзара дауласып жатқан, бауыр еті бір ағайын-туысқандарды кезіктіреміз.                    

Алла Тағала бізге отбасылық қатынастарды сақтаудың маңыздылығы туралы: «Ниса» сүресінің 1-аятында:«Алладан қорқыңдар, туыстық қатынасты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», - деп бұйырады. Бұдан шығатыны, исламдағы туыстық қатынастар міндетті және маңызды орындардың бірі болып табылады. Түптің түбі Алланың бұлжымас заңдылығы туыс-туғанмен қарым-қатынасты үзбеуді өмірлік ұстанымызға айналдырғанымыз абзал.                                                                

Туыстық қатынастарды сақтаудың түрлері мен әдептеріне тоқталатын болсақ, алдымен туысыңызды қонаққа шақырып төрге шығарудан бастаңыз немесе арнайы іздеп барып, хабарын алып, қал-жағдайын сұрап біліңіз. Оған мүмкіншілігіңіз болмаса, олар туралы телефоннан әлеуметтік желі арқылы жағдайын сұрап, сәлемдесу, бір жерде  кездесіп сыйлықтар беру, мұқтаж болса материалдық көмек беру, жасы үлкендерге құрмет білдіру, кішілерге мейірімділік таныту, олардың шақыруларына жауап беру, қуаныштары мен қайғы-қасіреттерін бөлісу, олардың мәселелерін шешуге ұмтылу. Бұл мәселедегі ең сауапты іс ол жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару болып табылады. Бұл жайында Пайғамбар (с.а.с.): «Кім ризық-несібесінің мол және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатнасын күшейтіп, оған қарайлассын», –деген. Ағайынның қадірін ағалы болсаң білерсің, ата-ананың қадірін балалы болсаң білерсіңдеп дана халқымыз ағайынның қадір қасиетін қазықтай қағып айтып кеткен. Сондықтан ағайынның жағдайын сұрау, сый-сияпат беру, араздасып қалғандарымен татуласу арқылы туыстық қатынасты нығайту мұсылманның міндеті.                                                

Кез келген отбасыды алғашқы балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады. Сол үшін бала тәрбиесінде туыс-туғандарға мейірімді, жанашыр қылып тәрбиелеу керек. Бүгін бар, ертең жоқ өмір. Демек, бүгін ренжіткен ағайынға ертең зар боп мәңгілікке айрырылып қалуымыз  ақиқат. Ата-бабамыздың осыншама даналықпен қоса, оны атқаруда ұстанған салт-дәстүрлеріде кісі қызығарлықтай. Мысалға; қазақта туыстық қатынасты білдіретін, үш жұрт бар; нағашы жұрт, қайын жұрт, өз жұрты. Сондай-ақ шариғат шеңберінен де шығып, арыға кететін жеті ата сақтау үрдісі бар. Осы арқылы «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер»,-деп, туыстық қарым-қатынасты шеңберінен кеңінен сызып жатады. Тіпті, қыз алысып, қыз беріссе де, үш жүзге енші бөлмей, елдің бірлігін, ағайынгершілікті дамытқан мұсылман елдерінің бірегейіміз. Ауыл арасындағы той-томалақ, өлім-жітімдерде де ағайынгершілікпен атқарар салт-дәстүрлеріміз көптеп кездеседі. Ауызекі дамыған халық даналығында осы тақырыптарда мыңдаған маржан сөздер бар. Осыған негізделген салт-дәстүрлермен үрдістер қаншама. Мысалыға «Ағайын бірде араз, бірде тату», «Ағайында өкпе бар да, кек жоқ»,   «Сара жолдың қадірін адасқанда білерсің, Қарындастың қадірін қарасқанда білерсің», «Ағайын тату болса ат көп, Абысын тату болса ас көп».   Біздің қазақ ежелден ағайын арасында енші бөлмей, елдің бірлігі мен берекесін қатаң сақтаған, ағайынгершілікті дамытқан мұсылман елдерінің бірегейіміз.           

Біздің атқарып жүрген ағайын аралық сан түрлі тамаша дәстүрлерімізді «Ағайыннның қадірі торқалы той, топырақты өлімде» деп бір ауыз сөзбен ғана бекіткен елміз. Түптің түбі Алланың бұлжымас заңдылығы туыс-туғанмен қарым қатынасты үзбеуді өмірлік ұстанымызға айналдырған халықпыз. Жоғарыда айтылған аят-хадистер мен келген мақал-мәтелдер туысқандық қарым-қатынастың маңыздылығы мен киелілігін естен шығармайық. Адам болып келген соң бір аллаға құлшылық қылып ата-анамызға, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын және алыс көршіге, жанымыздағы жолдасымызбен, қаражаты таусылған жолаушыға, жақсылық жасап жарысайық. Ағайын арасындағы ынтымақты арттырып, туыстық байланысқа бекем болайық. Сонда ғана кемелденген керегесі кең, бірлігі нық ел боламыз.

Е.Ештай

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                 

 

 

0 пікір