Түркістан – түркі еліне танымал, әлемге әйгілі қасетті де киелі мекен. Бұл ең алдымен Ислам дінін таратушылардың бірі, сопылық ілімінің негізін қалаушы, ғұлама, ақын, философ Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың жерленген өңір. Түркістан – қаншама тарихи сәттерді басынан өткізген көне шаһар. Бұл жерде түркі тілдес халықтардың өткен ғасырлардағы салты мен санасын ұмыттырмайтын жәдігерлер сақталған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі түркі жұртының өткені мен бүгінін байланыстырып жатқан рухани үндестігінің орталығы іспетті.
Түркістан шаһарында хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыз бен ақындарымыздың, әулие-әмбиелеріміздің мазарлары бар. Түркістан шаһарының құрылу тарихына кішігірім тоқталып кетсек. Есім ханнан бастау алып, XVІ-XVIII ғасырларда қазақ хандығының астанасы болған. XIV ғасырда Ақсақ Темір іргетасын қалаған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бар. Бұл қалада Қожа Ахмет Ясауи өзінің уағызшылық қызметін жүргізген. Кесене аумағында Қаз дауысты Қазыбек би, Абылай хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр тағы басқалар жерленген. Қаланың іргетасы біздің заманымыздың 1-мыңжылдықтың бас кезінде қаланған. VII-XII ғасырлар да Түркістан төңірегі Шауғар өңірі атанған. IX ғасырда қарлұқтар мен оғыздардың қол астында болады. Бұл өңірге 809-819 жылы аралығында Хорасан билеушісі әл-Манун, Х ғасырдың соңында саманилік билеуші Наср жаулаушылық жорықтар жасаған. ХІІ ғасырдың 1-ширегінде қидандар шабуылынан Шауғар құлағаннан кейін, Ясы өлкенің орталығына айналды. Қожа Ахмет Ясауи осында келіп қоныс тепкен кезде атақ-даңққа бөленді. Түркістан шаһары Ұлы жібек жолының бойында, Дешті Қыпшақ пен Орта Азияның аралығында болуы, географиялық жағдайдың қолайлығы, сауданың қызу жүруі елді мекеннің өркендеуіне ықпал етті.
XV ғасырдың 1-жартысында Шараф әд-Дин Әли Иезди Ясыны шағын елді мекен болды деп атап көрсетсе, ал XVI ғасырда Рузбехан Исфахани «Михманнамеи-Бухари» атты шығармасында Ясыны былайша суреттейді: «Аса қасиетті Қожаның сағанасы орналасқан Ясы қаласы өрісі кең әрі құнарлы жер, Түркістан аймағының орталығы» - деп келтірген.[1]
Түркістан шаһары болып түркі жұртына танымал болуының бірден-бір себебі ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Қожа Ахмет Ясауи кім болған?
Қожа Ахмет Ясауи 1093 жылы туылған Түркістандық ғұлама, әулие кісі болған. Қожа Ахмет Ясауидің арғы тегі қожалар әулеті. Әкесі Исфиджаб қаласында даңққа бөленген әулие, Әзіреті Әлінің ұрпағы шайх Ибраһим. Анасы Муса Шейхтың қызы Айша (Қарашаш Ана). Х ғасырдан бастап ислам ілімі жолындағы тәлім тәрбиелік ордалар медреселер түбегейлі орнығып, исламдық ахлақи ұстанымдар қалыптаса бастады. Қожа Ахмет Ясауи дүниеге келмей тұрып, Исфиджабты исламдық фиқһ (құқық) мектебі ханафи мазһабының ондаған өкілдері өмір сүрді сол шейхтардан сабақ алған. Қожа Ахмет Ясауи ұстаздарының көшбасшысы Арыстан Баб болған. Қожа Ахмет Ясауи Бұхара қаласында Жүсіп Хамаданидің медресесінде де оқыған. Оны тамамдаған соң сопылық жолдың біраз ащы-тұщысын татып көптеген қалаларды аралап ақыры соңы Түркістанға қайта оралып осында орнығып қалады. Қожа Ахмет Ясауидің бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы «Диуани Хикмет» (Даналық кітабы) қыпшақ диалектілерімен көне түркі тілінде жазылған. Өкінішке орай туындының түп нұсқасы біздің заманымызға жетпеген. Бізге жеткені ХV-XVI ғасырлардағы көшірмесі ғана.[2]
Қожа Ахмет Ясауи Түркістан шаһарында өте көп шәкірттер тәрбиелеп шығарған. Оның шәкірттері Қорасан арқылы Анадолыға дейін, одан Балқанға дейін барып дінді жайды. Анадолының рухани діңгектері Мәулана, Қажы Бекташ, Жүніс Әміре барлығы Ясауидің шәкірттері. Ал Балқандағы Гүл баба, Деміржи баба, Сары салтуклар да Ясауидің тәлімгерлері. Бізге мәлім шәкірттері, ал беймәлім қаншама шәкірттер тәрбиелеп шығарғаны анық. Осылай Қожа Ахмет Ясауидің көптеген шәкірттері түркі тілдес елдерінде қызмет атқарған. Жоғарыда келгендей елге танылған қаншама шәкірттер тәрбиелеп дүниенің түкпір-түкпіріне ислам дінінің жолында қызмет қылуға жіберген. Ясауидің өнегесі Солтүстік Батыс Африкадағы Марокко мен Атлант мұхитының жағалауына дейін жеткен. Оның ілімінің тез таралуының себебі, адамгершілікке, бейбітшілікке, білім мен ғылымға үндеуінде болса керек.
Қожа Ахмет Ясауи себепті Түркістан шаһары түркі жұртшылығына танымалдылығы артты. Осылайша түркі тілдес халықтарының мәдени астанасы Түркістан шаһары болды. Осы шаһарға байланысты Мағжан Жұмабаев атамыз өз өлеңінде:
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой, деп тамаша келтірген.Қортындылай келе, Түркістан шаһары түркі тілдес халыққа осылайша танымал болған. Шаһардың тағы бір елемізге танымал болуы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 19 маусымдағы тарихи жарлығымен Түркістан облысының құрылуы болды. Шымкент шаһарына үшінші ірі мегаполис ретінде республикалық мәртебе берілді. Түркі әлемінің текті төрі Түркістан шаһары осылайша өңір орталығына айналды. Елбасының жарлығы Қазақстан жұртшылығына ғана емес, күллі түркі дүниесінің мерейін тасытты.
Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу
орталығы» КММ-нің теолог маманы Н.Әмзеев
Түркі жұртына танымал Түркістан шаһары