«Тура биде – туған жоқ, турасыз биде – иман жоқ», - деген нақыл сөзді бабаларымыз өздеріне өмірлік ұстаным еткен. Осындай туралықтың нышаны болған, түгел сөздің төресі – Төле би Әлібекұлы. Қазақ тарихында аты алтын әріптермен жазылатын бірегей тұлғалардың бірі. Биыл Төле би бабамыздың туғанына – 360 жыл.
Әлібекұлы Төле би (1663-1756) – қазақтың Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл дана, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Ұлы жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі.
Төле би кезінде оқыған, ірі сауатты, халқының ақындық шешендік өнерінен тәлім алған адам. Жастайынан ел арасындағы билікке араласып, әділдігімен, шешендігімен, тапқырлығымен төңірегіне кеңінен танылады.
Казіргі Жамбыл облысыңдағы Шу өзенінің жағасында, Жайсаң жайлауында дүниеге келген, 1756 жылы Шымкент облысы, Леңгір ауданының Ақбұрхан ордасында қайтыс болған. Сүйегі Ташкентте жерленген.
Қазақтың халық ретінде сақталып қалуына аянбай қажыр-қайрат жұмсаған Төле би Әлібекұлы табиғатынан дарынды туған, халқының ақындық, шешендік өнерінен құмарын қандырған, кеудесі алтын сандық, көкірегі ояу, терең кісі болған. Ел арасындағы билікке ерте араласып, әділдігімен, шешендігімен, тапқырлығымен халқын тәнті еткен.
Жастайынан ел ісіне араласып, дарыны мен даналығын ел тез байқап, атағы біраз жерді шарлап кеткен. Қаратаудай қара халықтың, Алатаудай алғысын арқалаған азамат болған. Қазақ танымында Төле би бабамыздың орны өте ерекше. Шешендік өнерінен басқа, ел билеу және елшілік қызметтерді де абырой мен атқарған. Қиын-қыстау замандарда Ресеймен байланыс орнатып, хан Абылай жоңғарлардың қолына түскен кезде де, жанын аямай Абылайды елге оралту мақсатында аянбай еңбек еткен.
Қазақ даналығында «Төле биден қалған асыл сөз», «Төле би бүй деген», «Түгел сөздің төресі – Төле би»,-деген секілді сөздер аз емес. Жастайынан ел билігіне араласқан бабамыздан қалған шешендік өнердің керемет қиссалары өте көп.
Бірде Кіші жүздің Жарасбай деген жуан тұқымы қыпшақтың бір адамын өлтіріп, теңдік бермейді. Бір жолы қыпшақтың талапкерлеріне ілесіп жас бала барады.
Сонда Жарасбайдың даугері:
– Бұл келіннің тойы, кемпірдің өлімі емес, ердің құнын, нардың пұлын даулайтын, ердің арын, елдің намысын қозғайтын үлгілі би, үнемі жүйрік түсетін жер емес пе? Түйенің тайлағы, баланың ойнағындай мыналарың кім? – дейді.
Сонда бала:
– «Ердің құнын жастың жайсаңы, кәрінің шайтаны даулайды» деуші еді. Сен кәрінің шайтаны болсаң, мен жастың жайсаңымын. Төріңнен көрің жуық қалғанда, дауға араласатын сенің не жөнің бар?-дейді.
Осындай билік айтқан баланың аты Төле екен. Кейін Төле би атаныпты.
«Төле би өз дәуірінде қазақ, орыс, қытай, қырғыз, өзбек, қарақалпақ халықтарының тарихнамасында ірі қайраткер, дипломат, айтулы шешен ретінде елеулі орын алған. Ал өз елінің өмірінде мәмілегер, қолбасшы, реформатор және ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтауға жан аямай күш салған ірі мемлекеттік тұлға ретінде танылды. Төле бидің өмірі мен даналығы туралы құнды мәліметтер қалдырған шығыстанушы ғалымдар: А. Левшин, Н. Аристов, Я. Гавердовский, Л. Баллюзек, патшалы Ресейдің саясатын жүзеге асырушылар П.И. Рычков, И.И. Неплюев, Г.Ф. Миллер, А. И. Добросмыслов, қазақтың айтулы білімпаздары Ш. Уәлиханов, Ә. Диваев, М. Ж. Көпеев, М. Тынышпаев, Ә. Марғұлан, атақты ақындар Қ. Байболұлы, Майлықожа т.б. зерттеулері мен еңбектеріне зейінді түрде назар аударсақ, олардың баба туралы көзқарастарында алшақтық жоқ екендігін аңғарамыз.
Ұлттық сөз өнері тарихында билердің бірегейі, ақыл-ойдың телегейі Төле Әлібекұлының есімі алтын әріппен жазылған. Қазақтың данагөй абызы – Төле би халқының бірлігі, тірлігі, тұрмысы, салт-сана дәстүрі үшін бүкіл ғұмырын арнады. Сол үшін де туған елі оны төбесіне көтеріп, кұрметтеп "Төбе би", "Әулие ата", "Қарлығаш әулие" деп атап кетті.
А.Тағай
«Әдістемелік қамтамасыз ету»
бөлім басшысы м.у.а.
Тура биде туған жоқ