Татулық және бірлік деген кезде жұдырық болып жұмылған, ынтымық-бірлігі жарасқан ұлттар мен алауыздығы жоқ ел еске түседі. Қай ұлт, қай ел болса да бейбітшілік пен ашық аспанды, бақытты, терезесі тең, керегесі кең елдер қатарында болуды аңсайды. Өйткені, татулық пен келісім, бейбітшілдік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді. Қабан (Қабылиса) жырауда:
Бақыт қайда барасың?
Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі
Ұйымшыл елге барамын, – деп жырлаған екен. Бабаларымыздың мұндай жырлары талай санаға сәуле құйып, түсінген жанға үлкен үгіт болатыны сөзсіз.
Иә, адамдар арасында бірлік болса, олар ынтымақта, тату-тәтті өмір сүреді. Өзара сыйласып, ұйымшылдық көрсеткен кезде ғана бірлікке қол жеткізуге болады. Халқының қамын жеген Әлихан Бөкейханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» – деп ынтымақ-бірлікке үндеген. Ал, ынтымақ-бірлікке апаратын жол халықтың өзара тату болуы. Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғамдарында, өлең-жырларында бірлікті насихаттаған. Майқы би бабамыздың:
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге бола бермек. Төле бидің: «Бірлік болмай, тірлік болмас», – деуі де тегін емес.
Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Біз қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз.
Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнінде ұйымдасқан ұтады. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп халқымыз бекер айтпаған. Біздің күш-қуатымыз берекелі бірлікте.
Бірлік – тағылымы мол сөз. Қасиетті кітап Құранда бірлік туралы көп жерде баяндалған. Жаратушы Алла «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», – деп әмір етсе, Оның Елшісі: «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.
Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғамдарында, өлең-жырларында бірлікті насихаттаған.
Қазақта «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» болмаса «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» немесе «бөлінгенді бөрі жейді» деген аталы сөзі бар. Жалғыз адам айдалада өскен ағашпен тең. Сондықтан да «жалғыздық құдайға ғана жарасқан, адамның күні адаммен» дейді. Ал көппен қарым-қатынаста болу береке-бірліктің, татулықтың ізгі бастауы болмақ. Адам баласы әр атқан таңдағы күнін игілікті істермен бастап, берекелі тірлік етсе, айналасындағы жандарға шапағатын тигізсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Ізгі ниетті, жаны таза адал жандар осылайша көптің «алтын алма, алғыс ал, алтын деген – жер сыйы, алғыс деген – ел сыйына» ие болады.
Адам баласы санаулы ғұмырында түрлі сынақтар мен сындарлы сәттерді бастан кешеді. Өткінші қиындықты сабырлық, бірлік, адамгершілік сынды қасиеттер жеңеді. Біз ел басына күн туған талай сынақты сәттерді ынтымақ пен бірлігіміздің арқасында еңсердік. Соның септігімен қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылық игі бастамаларымыздың жүзеге асуына тікелей пайдасын тигізуде. Бүінгі мақаламызды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бірлік, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты сұхбатында айтқан сөзімен қорытындылағымыз келеді: «Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Татулық пен келісім саясатын лайықты жалғастырып, дамыта түсу – баршамыздың ортақ парызымыз. Себебі, бүгінгідей алмағайып заманда кез-келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым бекем болуға тиіс».
Ә.Болат
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы теолог маманы
Татулық пен бірлік ұлық нығмет