Тәрбие – тұлғалық төлқұжатымыз
Тәрбие – тұлғалық төлқұжатымыз
15.03.2021
2991
0

Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, олардың айналамен қарым-қатынасын, өмірге көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру құралы.

Тәрбие – көпжылғы және көпжақты процесс. Жасөспірімдерді азамат етіп тәрбиелеу, қоғамдық пайдалы еңбекке әзірлеу процесі қоғамның барлық азаматтарының міндеті, жұртшылықпен бірлесіп атқаратын ортақ мақсаты.

Тәрбие тұжырымы жайлы Алаш ардақтысы М.Жұмабаев: «Тәрбие, кең мағынасымен алғанда, қандай да болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді, адамзат туралы айтылғанда, адамның баласын кәмл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі» - деген екен.

Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол – ұрпақ тәрбиесі. Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Бала үшін олардан асқан тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, қайырымдылық, татулық, әдептілік сияқты қасиеттер отбасынан бастау алатыны белгілі. Тәрбие балаға сөзбен, теориямен дарымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан да дана халқымыз «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» - деген. Ақиық ақын, жауһар жырдың мар­қас­­қасы Мұқағали Мақатаевтың мына бір тамаша өлең жолдары ойға оралады:

Анам маған: «Үлкенді сыйла!» деген,

Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.

Үлкендерден ауысқан кішілікті,

Үлкендердің өзіне сыйға берем.

Атамнан қалған мұра – ізеттілік,

Арымды соған қойған күзеттіріп, – дейді. Иә, бала тәрбиесінде әке мен ана бірдей жауапты. Үңіле қарағанда балаға әкеден гөрі ана жақын тұратын сияқты болып көрінуі де мүмкін. Жасыратын ешнәрсе жоқ, бала тәрбиесінің көп салмағын аналар көтеретіні де рас. Алайда ата-ана деген сөзіміз қалай қосарланып қатар айтылса, бала үшін екеуінің де орны ерекше. «Баланы 5 жасқа дейін мәпеле, 15 жасқа дейін құлдай жұмса, ал 15-тен асқан соң досыңдай сырлас» - деген даналық ойдың астарына тереңірек үңілген кез келген адам ойланып-ақ қалар еді. Балаға орынсыз ұрсып, зекіп, сұрағына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата-ананың беделін жояды. Бала тәрбиесінде ұсақ-түйек деп қарайтын ешнәрсе жоқ. Ол үшін әкенің де, ананың де өзіндік орны бар. Өмірге әкелген бала алдында ата-ана өз жауапкершілігін дұрыс түсінсе, тәлім-тәрбиенің алтын ұясы – отбасы мен қоғам бірін-бірі байытып, толықтырып жатса, алынбайтын қамал, қол жетпейтін биік болмас еді. 

Қазақ халқын басқа халықтардан даралап тұратын ұлттық салт-дәстүрі бар. Бұл бізге көнеден ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатыр. Төлқұжатымыз іспеттес қызмет атқаратын дәстүрлердің жиынтығы бізді басқалардан ерекшелендіріп қана қоймай, ұлтымыздың текті қасиеттерін, болмысын сақтауға атсалысып жатыр. Бұл салт-дәстүрлерде ұлтымыздың тұтас өмірі бейнеленген.

Ұлтымыздың салт-дәстүрлерінің мазмұны адамгершілікке, ізеттілікке, құрмет пен байсалдылыққа негізделеді. Дәстүр – қазақтың рухы мен келбеті. Салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз жойылса, ұлт ретінде өмір сүруді тоқтатамыз деген сөз. Бұны алдын алу үшін жас ұрпақты сол қастерлі дәстүрлерді берік ұстанып өсіру керек. Ұлтымыздың әр перзенті туған елінің тарихын білуі міндетті. Тарих – ұлттың пайда болуы мен даму жолынан хабар беретін маңызды тәрбие мен тағылым құралы.

Бүгінгі қоғамда орын алып жатқан жан түршігерлік жағдайлардың көбі өз тарихымызды білмегендіктен һәм жүректе иман мен Жаратушыға деген сенімнің жоқтығынан деп айтуға толық негіз бар. Қазақы түсінікпен айтқанда Құдайын ұмытқан адам өзін-өзі жоғалтып, баласын тастауға да, ұрлық жасауға да, кісі өлтіруге де, одан соң елін де сатып кетуге дейін бара алады. Бұл қасіретті жағдайларды болдырмас үшін ұлды да, қызды да отбасында имандылық пен арлылыққа, ар мен Аллаға сенуге үйреткен дұрыс.

Себебі біздің дінімізде адамды ізгілікке, тазалыққа, әділдікке шақыратын, еңбекқорлық пен адалдыққа тәрбиелейтін, адамшылық мұраттарды алға тартатын құнды дүниелер көп. Егер ұрпақ тәрбиесінде әр отбасы ислам дініндегі ұлағатты ұстанымдарды пайдаланса, жүрегі мейірімділік пен қайырымдылыққа толы ұрпақ өсірері сөзсіз.

Жалпы бүгінгі біздің келбетімізді демократиялы, ашық қоғам деп сипаттап жатамыз. Осы бір сөздің ұғымын дұрыс түсіне алмаған кейбір қара домалақтарымыз бен нәзік жандыларымыз өздерінің жан қалуына, уақытша алдамшы дүниелерге ерік беруде. Өкінішке орай мұның арты өзекті өртер жағдайларға алып келуде. Тіпті жастарымызбен қатар кейбір ересектеріміз де ерсі мінезімен, ұлттық құндылыққа жат әрекетімен көзге түсіп қалуда. Бұл өз кезегінде сол азаматтың жеке басына ғана сын болып жатқан жоқ. Әуелі ол адамның тәрбиесіздігін отбасы мен әулетін, тіпті шыққан өңірі мен руын табалайтындар да кездеседі. Одан қала берді қоғамдық дауға іліксе ұлты мен дініне тіл тигізетіндер де табылып жатады. Мінекей біздің тәрбиеміз – тұлғалық төлқұжатымыз. Оны жақсы немесе жаман қырымен таныту өзіміздің қолымызда тұрған дүние...

  

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары              Медет Халықов

0 пікір