Табиғатты таза ұстау мұсылманның міндеті
Табиғатты таза ұстау мұсылманның міндеті
11.09.2020
1016
0

Табиғат – барша жаратылыстың өзара үйлесімділік тапқан ортақ үйі, жанға сая табар мекені. Шебер Алланың бол (кун фә ия кун) деген әмірімен жаратылған мінсіз жаратылысы және адамзатқа деген мейірімі мен аманаты. Адам ата мен Хауа ана жерге түскен сәттен бастап адамның табиғатқа деген мұқтаждығы таусылған емес. Егіс егіп, жер жыртып көктен жауған жаңбырмен құнарлы астық алып, өз қажетімізге қарай өнімін алудамыз. Адамзат күннен күнге ғылымның шегіне жеттім деген күннің өзінде табиғатқа тәуелді болып келеді. Себебі қандайда бір ғылыми жаңалық ашыла қалса табиғатпен етене тығыз байланысып жатады. Табиғат аясына шығып серуендеуді ұнатпайтын адам жоқ шығар сірә. Күйбең тіршіліктен қол үзіп, бір сәт таза ауамен тыныстап демалудың өзі жанға тыныштық сыйлайтын бір бақыт. Елімізде көрген көздің жауын алар, сұлулығын алтынға бергісіз көрікті жерлер көп-ақ. Біріміз ем іздеп шипалы бұлақ, көлдерді іздесек, енді біріміз көкпен таласқан тауларға шығып көңіліміз рахатқа бөленіп мәз боп жатамыз. Дегенмен сондай көрікті жерлерді кейде отап, кейде өртеп, өзен көлдің жағасын қоқыс тастап кететіні көңіл құлазытар жағдай. Ата-бабамыздан қалған «бұлақ көрсең көзін аш», «көкті жұлма» деген нақыл сөздерін қаперімізге алмай жатқан сияқтымыз. Ардақты Алла Елшісі Мұхаммед (с.а.с): «Тазалық иманның жартысы» деп, мұсылмандарды таза болуға шақырды. Әрине бұл тек жеке гигиеналық тазалықты айтпаса керекті. Қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік әрбір адамға өз бойында қалыптасады. Себебі отанын сүйген әрбір адам туған жерінің өзен-көлін, ну орманын таза ұстауы міндет. Бұл арлы адамның ісі.

Осыдан бірнеше ай бұрын шет бір мемлекетте халық көтеріліп үкімет тарапынан егілген бірнеше мың ағаш көшетін жұлып, тып-типыл еткен жағдай кездесті. Айтуларына қарағанда ағаш егу ислам дінінде жоқ деседі. Алайда Алла Елшісінен жеткен хадис шәрифтерге қарар болсақ ағаш егу пайғамбар мақтаған ізгі амалдың бірі екеніне көз жеткіземіз. Мәселен Имам Бұхаридың жинағында мынадай хадис шәриф келеді: «Егерде бір мұсылман көшет отырғызып немесе егін егіп, одан құс не адам немесе хайуан жесе, ол оған садақа», деп айтады. Сондай-ақ тағы бір хадис шәрифте «Кімде-кімнің қолында құрма ағашының бір тал көшеті болса, қиямет күні басталып кетсе де отырғызып үлгерсін», деп мұсылмандарға ағаш отырғызуға үндейді. Сол себепті болар халқымызда «бір тал кессең он тал ек, атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дейтіні. Ағаштар мен өсімдіктердің ауа қабатындағы көмірқышқыл газдарын өз бойына тартып оттегі бөлетіні ғылымда белгілі жағдай. Бұл бізге осы дүниемізде жасалған жақсылық. Ал ағаш егудің ақыреттік болған адамға да жақсылығы бар екен. Күллі мұсылмандар иман ететін бір жағдай бар. Ол қабір әлемі. Сол қабірде жатқан адам күнәсіне қарай жаза тартады не ізгі амалдарына қарай құрмет көреді. Кейбір мұсылман елдерінде қабір басына ағаш егу, гүл егу дәстүрі қалыптасқан. Себебі жазаға лайық болған адамның күнәлі істерінің кешірілуіне себеп болады. Алла Елшісінен (с.а.с) жеткен хадис шәрифте былай дейді: Абдуллаһ ибн Аббастан жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз бір зираттың қасынан өтіп бара жатып екі қабірді көрсетіп, сол қабірде жатқан екі мәйіттің азап шегіп жатқандығын сахабаларына айтады. Пайғамбарымыз: «Мына қабірдегі екі мәйіт не үшін азап шегіп жатқанын білесіңдер ме?» - деп сұрағанда сахабалары: «Алла және Оның Елшісі біледі», - десті. Сонда Хазіреті Пайғамбарымыз: «Бұл екеуі де үлкен күнәнің азабын шегіп жатқан жоқ. Бірі кіші дәреттен сақтанбайтын, екіншісі өсек таситын. Бұлардың қиналып жатқандары әлгі екі әдеттің азабы», - деп үн қатты да, бір жас шыбықты алып, екіге бөліп, екеуінің қабірінің басына егіп қойды. Соңынан: «Осы екі шыбық қурағанға дейін бұл екі адамның қабірдегі азабын жеңілдетеді» деген екен.

Табиғатты таза ұстауға байланысты бірнеше ай бұрын ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев мәлімдеме жасай келе мектеп бағдарламасына экологиялық мәдениет пәнін енгізуді ұсынды. Бұл болашақ ұрпақты табиғатты таза ұстауға шақыратын бірден-бір насихат. Он сегіз мың ғаламға рахым ретінде келген Пайғамбарымыз (с.а.с) былай дейді: «Иман жетпіс неше немесе алпыс неше бұтақтан тұрады. Олардың ең абзалы «Ләә Иләһә Иллаллаһ» деу және ең кішісі, жолдағы қоқысты алып тастау. Ұятта иманның бір бұтағы» деп – иманды адамға адамдардың жүретін жолын қоқыстан тазарту да құлшылықтың бір бөлігі екенін айтуда. Ал бұлай жасау коммуналдық қызметкерлердің ғана емес әрбіріміздің қолымыздан келер іс.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Созақ ауданындағы теолог маманы                                                                Қ.Қосмаханов

0 пікір