Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық» атты трактаты білім жүйесінде ерекше орын алатын шығарма. Яғни, Шәкәрімнің «Үш анықтағы» мақсаты ар түзейтін бір ғылымды табу болғандықтаң, өмір бойы осы жолда ізденген. Трактатын жазуға даярлықты 1898 жылдан бастап кірісіп, отыз жылдай ізденіп, жиған-тергенін өз ой көрігінен өткізіп, қорытындыны 1928 жылы аяқтағанын көреміз.
Неге Шәкәрім еңбегін «Үш анық» деп атаған. Сонда «анық» дегеніміз не?
ХІХ ғасырдың 30-жылдарында дүние өздігінен, жаратушы ие жоқ деген жол тұйыққа тірелді. Сол кезде позитивизм деген ағым пайда болды.
Оның қалыптасуы негізінен француз Огюст Контқа қатысты айтылады, ол метафизиканы сынға алған. Ол кезде метафизика деп философияны айтатын. Конт позитивистік түйіндерді алты ғылымнан: математика, астрономия, физика, химия, биология және социологиядан тапты. Позитивизм кейінірек тарам-тарам болып бүгінгі дейін жеткен. Шәкәрім осы позитивизм ағымымен күресті.
Шәкәрім айтады: «Огюст Конт позитивизм (шын анық) деген бір жол шығарды. Оның қорытындысы мынау: көзіміз көріп, өзге сезімімізбен әбден анықталмаған һәм жаралыс жолы физика ғылымымен тексеріліп, шындығына көзіміз жетпеген нәрсеге әуре болмайық»,-деген.
Шәкәрім позитивизмді қазақшаға «анық» деп аударған. Сонда не анық? Көзбен көріп, қолмен ұстап, құлақпен естіген анық па, әлде анық сыры өзгерісте ме? Өзгеріс анық, бірақ көзбен көріп тұрғаның анық па? Шәкәрім Контты сынайды: «Адамда жаралыс жолынан да, жоғары бір қуат барын сезетін болғандықтан, күн сайын бұрын сыры білінбеген нәрсе табылып, бұрын тіпті мүмкін емес дегендеріміз жай дағдылы нәрсе болып, оны күнде пайдаланып отырғандықтан, ол Конттың сөзіндей сөздер адамды жаралыс жолынан жоғары қуатты ойланудан тоқтата алмайды»,-деген.
Шәкәрім заманында философ, ойшыл, данышпан дегендер дүние туралы айтқандары бұлдырлай берді. Түсінікті-ау дегендерді терістеп түсініксіздікке айналдыра бастаған философтар қалыптасты. Ақыл сенбейтін сөздер көбейді. Осы жағдайда позитивизм ағымы қоғамдық талқыға түсе бастады. Оның объективтік негізі Батыс Еуропада нарық және нарықтық қатынастар нығая бастауында еді. Нарыққа дерексіз философияның қажеті шамалы. Америка Құрама Штаттары өңірінде позитивизмнің өзге түрі «прагматизм» өмірге келіп, күш алды.
Қара сөзбен жазған «Үш анық» толымды, мағынасы терең шығарма. Қазақ ғылымында мұндай шығарма Шәкәрімге дейін жазылмаған. Әрине, есімізге хакім Абайдың қара сөздері, әсіресе отыз сегізінші сөзі оралады. Шәкәрімнің «Үш анығының» ерекшелігі, ол өзі ғұмыр кешіп отырған замандағы ғылымның, техниканың, философияның, діни, өзге де қоғамдық ғылымға қатысты ілім, теория, жаңалық деректерді және иррационалдық: спиритизм, телепатия, т.б. сол кезде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар сияқты қаптаған ақпараттарды талқыға салған. Осылардың анық-қанығына толыққанды шолу жасаған.
Бірінші анық: Жаратушы білімі. Егер себепсіз бар болған Атом немесе Нұр десек, олар қозғалыста. Ал қозғалыстың өлшеулері бар. Ол қозғалыстың абсолюттігін айтып отыр. Қозғалыстың себебі – себепсіз себепте, яғни түп Жаратушыда. Ал ол түп себеп өлшене ме? «Өлшеулі нәрсе өзі бар болған емес»,-дейді Шәкәрім. Олай болса, өлшеусіз нәрсенің бар болғанын қалай білмекпіз. Өлшеусіз нәрсені ғылымда абсолют дейді.
Түп себептің өлшеуі жоқ. Ол Жаратушы білімі. Жаратушының өзі де абсолют, Жаратушының білімі де абсолют. Хакім Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегеніндей.
Екінші анық: Жан туралы. Адамзат тарихында жан мәселесімен айналыспаған, пікір айтпаған ғұлама жоқ. Жан туралы айтылған, жазылғандарда есеп жоқ.
Жанның мәңгілігі деген мәселені өлімге қатысты түсіндіріп көрген Шәкәрім: «Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таңғаламын. Оларға мұндай сөзді қандай ой айтқызып отыр екен? Осы кезде жанның барлығына, өлген соң да жоғалмайтынына күндей жарық дәлелдер табылып тұрса да, нанып қалған, әдет алған шатақ діннен шыға алмаған молдаларша қатып қалу – ақыл ісі ме? Бір адам жанының өлген соң да жоғалмай, мұнан таза, жоғары болатынын ақылымен қабылдап нанса және бір адам жан өлген соң біржолата жоғалады деп таныса, осы екеуі өлерде есі дұрыс болып, өлерін біліп өлсе, екеуі не жаймен өледі? Әрине жанның өлген соң тазарып, жоғарылайтынына нанған кісі қуанышта болып, жоғалуына нанған кісі өкініште болып, біржола жоғалдым-ау деп өлсе керек»,-деген екен.
Үшінші анық: Ұждан туралы. Шәкәрім пайымдауынша, жанның екі өмірдегі азығы ұждан. «Адамдығы нысап, әділет, мейірім үшеуін қосып айтқанда, мұсылманша – ұждан». Абай да, Шәкәрімнің өздері де ар деген ұғым қолданады. Ар білімі дегенде ұждан, нысап, әділет, мейірім дегендер Ар білімі құрылымдары.
Шәкәрім ілгеріде өзі айтып жүрген Ардың орнына неге Ұжданды айтты десек, сірә, ол араб тіліндегі оқыған көп кітаптарының ықпалы болса керек.
Сондықтан үшінші анықты жанның екі дүниеге азығы болатын Ар білімі десек, артық емес. Мұқият оқыған адам «Үш анықта» ар білімі туралы айтылып отырғаны белгілі болмақ. Бірінші анық Алла Тағаланың алғашқы білімі болса, екінші анық жанның мәңгілігі туралы пайым, үшінші анық – ар білімі. Шәкәрім: «Мен сол ұждан қайдан шығып тұр десем, оған жауап жоқ сияқты»,-дейді. Бірақ жауап бар. Жанды қиянатқа жұмсайтын нәпсі. Жан қиянатқа ұшыраса, оның арашасы – Ар. Бұл екі дүниеде қатысты сөз.
Нәпсі жанды қинағанда, күнәлі болғанда «ар соты» деген болады. Мұны жалғанның ісі десек, бақида қалай болмақ, Шәкәрім пайымында ар соты о дүниеде болмақ. Пенде Жаратушысына жауап бермек, пенде қойылатын сауалдарға даяр болмақ. Олай болса, бұл жалғанда пенденің жүретін бір ғана жолы бар, ол мұсылмандық жолы дейді Шәкәрім. Данышпанның өзін тыңдалық: «Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты».
Шәкәрімнің өзінің философиялық трактатында айтқысы келген «үш анығы» мұсылмандық жолға бастамақ.
А.Сейдуәлі
Түркістан облысы дін істері
басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы
Шәкәрімнің үш анығы