Сертке берік болу – асыл қасиет
Сертке берік болу – асыл қасиет
25.07.2023
1277
0

Дана бабаларымыз «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені, емен ағаштың иілгені сынағаны», «Қайталаған дерт жаман, қайта бұзған серт жаман» деп асыл сөз қалдырған. Бұл уәдеге, сертке берік болу, адал болу керек дегенді білдіреді. Яғни екі сөйлеу деген азаматқа тән емес, ал уәдені орындау нағыз ер азаматқа лайық екенін байқауға болады.

Біздің бабаларымыз үшін де уәдеге беріктік, сөзінде тұру мәселесі қоғамда үлкен маңызға ие болған. Екі сөйлегенді, уәдесінде тұрмағанды қатты сынға алып, өлімнен бетер қорлық санаған. Қазақ халқы үшін өлімнен ұят күшті болған. Уәдеге, сөз беруге қатысты ер азаматтың намысын жігерлендіретін нақыл сөздер әлі күнге дейін өз маңызын жоймады. 

Адам бойынан табылуы керек ең жақсы қасиеттің бірі уәдеге берік болу. Қандай қоғам болмасын, қандай адам болмасын уәдеге беріктікті қашанда құптап, сөзінде тұратын жанды құрметтеп, сыйлап өткен. Дәстүрлі ислам да мұсылманнан уәдесіне берік болуды талап етеді. Уәдесінде тұрмауды екіжүзділікке балап,  ондай  адамның күнәхар екенін ескертеді. 

Ислам дінін соғыссыз қабылдаған дана халқымыз «Уәде – Құдай сөзі» деп, осы тұста тақуалықтың шыңына шыққан. Шариғаттың шарттарын мүлтіксіз қабылдап, өмір салтына айналдыра білген қазақ халқы: «Уәдені бұзған – ұяны бұзғанмен тең», «Жақсылыққа жерік кісі – Уәдесіне берік кісі»,-деген сынды ғибратты мақал-мәтелдер көптеп қалдырған. Яғни, уәдеге берік, бірсөзді болу – біздің қанымызға ежелден сіңген қасиет.

Өз дәуірінде ата-бабаларымыз бастарын бір ғана сертке байлап, ел тағдырын бір ауыз сөзбен шегендеген.

Қытайдың ғұламасы Кун-цзыдан (Конфуций) мемлекетті басқару үшін не керек дегенде ол «Қару-жарақ, азық-түлік, сенім керек»,-депті. «Үшеуінің бірін құрбандыққа шалуға бола ма?»,-деп сұрағанда, «Сенім жоқ жерде ештеңе болмайды»,-деген.

Қазақта намысшыл, ержүрек, арлы адам уәдесін бұзбайды, алдамайды. Ал уәдеде тұрмау – Құдайды танымау, ардан аттау деген сөз.

Пайғамбар (с.а.с.) көркем мінезінен болған, имандылықтықтың нышаны уәдеге берік, сертке адал болу, үлкен жауапкершілік екенін мына бір хадисінде былай: «Мұнафиқтың (екі жүзді) белгісі үшеу, егер сөйлесе өтірік айтады, уәдесін орындамайды, аманат қылынса, қиянат жасайды»,-деген.

Адам болғасын көп жағдайда басына түрлі іс түскенде Жаратушыға жалбарынып, осыдан жұмысым жүріп кетсе, науқасымнан жазылсам, жұмысқа тұрсам, осы бәледен құтылсам, түрмеден шықсам, садақа беремін, жетімге қарайласам, ішімдікті тастаймын деген секілді уәдені шын жүректен айтып жатады. Өз қалауына  жеткен соң, жаңағы берген сол уәдесін орындамай жалтарады. Біле білсек бұл Жаратушы құзырында, қоғам алдында да ұятты, әлсіздіктің, жігерсіздіктің белгісі болып табылады. 

Кез келген жағдайда берілген уәдені орындау адамдық асыл қасиеттердің ең абзалы. Керісінше әрекет ету адамзатқа жараспайтын жат әдет.

Құранда былай дейді: «Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады», («Исра» сүресі 34-аят).

Бірде Пайғамбар (с.а.с.) Жәбир ибн Абдуллаға  екі қолымен ымдай көрсетіп: «Егер Бахрейннен дүние келетін болса, саған мынандай сый беремін»,-дейді. Алайда, жылдар жылжып, айлар өтседе Бахрейннен келетін олжаның шеті де көрінбеді. Бұл аралықта екі әлем Сардары да дүниеден озады. Хазреті  Әбу Бәкірдің  (р.а.) кезеңінде уәде етілген олжа Бахрейннен келіп жетеді.  Әбу Бәкір (р.а.) : «Расулаланың  берген уәдесі немесе қарызы болса, сол адам бізге келсін»,-деп жариялайды. Жәбир мұны естіп: «Пайғамбар маған мынандай сый беремін деп уәде еткен еді»,-дейді. Хазреті  Әбу Бәкір оған екі уыс ақшаны ұстатады. Санағанда артық та емес, кем де емес, тұп-тура 500 динар шығады.  Әбу Бәкір (р.а.)  оған: «Осының екі есесін тағы ал»,-деп бұйырады.

Көріп отырғанымыздай қоғамның тыныштығы сенімділік, уәдеде тұрушылық және жасалған сертке адал болу жеке әрі қоғамдық өмірдің негізгі тіректерінің бірі болып табылады.

Ойы­мыз­ды жинақтай келгенде айтарымыз – бүгінгінің я ертеңгінің жігіттері уәде­сіне берік, сертке адал ерлердің сапынан болайық!

 

 Д. Аманов

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                             

0 пікір