Салт-дәстүрсіз дін догмаға айналады
Салт-дәстүрсіз дін догмаға айналады
31.01.2024
1027
0

Қазақ халқының әрбір салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәні терең. Ұрпаққа адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, ақыл мен білімге, өнер мен тәртіпке шақыру үлкенді сыйлау сияқты насихатымен құнды. Салт-дәстүр тәрбиенің бастамасы болып табылады.

Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі – халқымыздың батырлығы мен ерлік дәстүрін паш етеді.

Дін қоғам үшін қажет. Өйткені ол халықтар бірлігі мен татулығынан тамыр алады. Діни төзімсіздік қоғамды тұрақсыздыққа әкеледі. Қақтығыстарға толы қоғам – қуатсыз. «Білімсіз дін – соқыр, дінсіз білім – ақсақ». Демек, Исламның талабы сол, халықтың діни сауатын ашу, соқыр сенімнің жетегінде жібермеу.  Жалпы дін – имандылық ізгі қасиеттердің алтын діңгегі. Ал, дәстүр – ұлтты рухани жандандырып тұратын сипаттар.

Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін бар деп айтуға болады. Ғұрып дегеніміз – бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс.

Ұлттық бірегейлігімізді сақтап, мәдениет дамытуда салт-дәстүрдің  маңызы зор. Рухани құндылығымыздың қайнаркөзіне айналған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табуы, ұлт болып сақталудың, ұлттың дамуының негізі. Түрлі мәдениеттердің тоғысқан жаһандану кезеңінде ұлттық рух пен қасиетті сақтайтын салт-дәстүр мен әдет-ғұрып басты қызмет атқарады.

Әр халық өзінің тілімен, дінімен, атауымен және де салт-дәстүрімен ерекшеленеді.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары деструктивті діни ағым өкілдері таза дінді ұстанамыз деп, қазақтың салт-дәстүрін ысырып тастап, өзінің теріс идеологиясын қабылдатқысы келеді. Олар тек Құран және сүннетпен ғана жүруіміз керек деп, салт-дәстүрді тәрк етуде.

Салт-дәстүр  мен  діннің  сабақтастығын бір  ауыз  сөзбен  толық қамту мүмкін емес. Дін мен дәстүрді ұштастыра білген талай ақындарымыз, жыршыларымыз, қара қылды қақ жарған билеріміз бен қазыларымыз ұрпақты ізгілікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелей білген. Осылайша ислам құндылықтары халқымыздың өмірі мен тіршілігінде көрініс тауып, салтымен сабақтасып үйлесім тапқан. Ұлттық құндылықтардың, рухани-мәдени өміріміздің қалыптасу барысында дін мен қазақы салт-дәстүрдің өзара сабақтастығы маңызды рөл атқарады.

Дәстүрдің таразысы әрі негізі – дін. Рухани жаңғыру жолында да ықпалы зор. Дін – мәңгілік әрі хақ. Дін ісі – тәрбие жолы, адамның рухани азығы.

Табиғатымызбен сабақтасып жатқан шариғатымызды біздің ұлт болып өсуімізге қажет рухани мектеп деп танимын.

Қазіргі заманда Еуропаға еліктеушіліктің зардабын көріп жатырмыз. Сондықтан өзіміздің ұлтымыздың құндылықтары түп-тамырымен жоғалып кетпес үшін, салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуымыз қажет. Қай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Ал, біздің халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптары халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырымына қарай қалыптасып келеді. оның ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік және халықтық мәні зор болған.

Қазақ халқының мақал-мәтелдерінен имани ұғымдар мен ұстанымдардың ұқсастығын айыру қиын емес. Бұл Алаш жұртының салт-санасы, ақыл-ойы Ислам дінінен ажырамағандығын аңғартады. Сөз жоқ, ұлттың ұтқыр ойлау жүйесінде ойып тұрып орын алатын мақал-мәтелдер дәстүрлі қазақ мәдениетінің Ислам дінімен біте қайнасып жатқандығын айғақтайды.

Халқымыздағы әдептіліктің, сыпайылықтың бір көрінісі – үлкенге «Сіз» деп сөйлеу, әйелдердің де күйеулерінің аттарын атамай «отағасы», «әкесі» деп тіл қатуы. Жастар жағы үлкен кісілердің алдарынан кесіп өтпеген. Қазақ ұлтының қанына сіңген қасиеттердің бірі – сыйластық. «Адам – сыйлағанның құлы» деген қазақ өзін сыйлап, құрметтеген жанға төрден орын ұсынған. Сонымен қатар, «келіннің сәлем салуы», «келген қонақтың қолына құмғанмен су құюы» сынды ежелгі дәстүрлер бар. Бұл дәстүрлердің астарында үлкенге деген құрмет, сыйластық және үлкеннен бата алу сияқты ізгі қасиеттер берілген.

Ендеше, «малым жанымның садақасы, жаным арымның садағасы» деп мұсылманшылықты ту еткен сол ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолынан айнымау керек. Қоғамды ынтымаққа ұйытатын, бірлікке бастайтын құндылықтарды қадірлеуіміз қажет. Дәстүрлі дінінен, ділі мен тілінен, әдет-ғұрпынан ажыраған елдің болашағы жоқ. Сол үшін рухани құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай қорғай білгеніміз жөн.

 

Б.Өтеген 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

дінтанушы-теолог маманы                                                                     

0 пікір