Сәлемдесу әдебі
Сәлемдесу әдебі
26.03.2021
3880
0

Қазақ халқының салт-дәстүрінде «сәлем-сөздің анасы» - деп, ұл-қыздарын ең алдымен сәлемдесу әдебіне баулыған. Себебі амандасуына қарап, баланың тәрбиесіне баға беретін болған. Дәстүр бойынша сәлем берудің әдебі, жасы кіші үлкенмен амандасуға міндетті. Сондай-ақ, жалғыз адам көпшілікке, аттылы адам жаяуға, жолаушы кісі отырған көпшілікке, жаңадан  түскен келін қайын атасы мен қайын ағаларына сәлем салатын болған. Осыларға қарап ұл мен қыздардың тәрбиелі немесе ибалы екенін біліп отырған. Қазіргі уақытта осы әдептерді ұмыт қалдырып бара жатқан жайымыз бар. Дегенменде дәстүрдің озығы мен тозығы бар деген дана халқымыз, жаһандану заманында жаңарамыз деп жүріп дәстүрдегі маңызды мәселелерді ұмыт қалдыруға болмайды. Бір халықты сақтап қалу үшін тарихы мен ұлттық құндылықтарын білуі өте маңызды мәселелердің бірі болып есептелінеді. Сол себепті атадан бізге мұра болып қалған дәстүрлерді сақтап қалумыз керек.

Ислам діні бойынша сәлемдесу сонау Адам атадан келе жатқан дәстүр болып саналады. Амандасу ол мұсылмандар арасында өзара бір-біріне сүйіспеншілік пен бауырмалдылықты артырады. Жолыққан кезде ер кісілер қол алып амандасу сүннет амалға жатады. Себебі, Алла елшісінің (с.а.с) сахабалары қол алысып амандасатын еді. Әнастан (р.а) «Алла елшісінің сахабалары қол алысатын ба еді?» - деп сұрағанда ол «ия» деп жауап берген. Амандасқан уақытта оң қолмен алысады, қолмен амандасқан кезде күнәлар төгіледі.

Қазақ халқының дәстүрі көбінесе шариғатқа қарап бір-бірін байланыстырып отырған. Оған дәлел ретінде жоғарыда келтірген сәлемдесу дәстүрін айтсақта болады. Мәселен, жасы кіші үлкенге бірінші сәлем береді. Имам Бухаридің кітабында, «жасы кіші жасы үлкенге сәлем береді» - делінген. Сондай-ақ, жалғыз кісі көпшілікке, аттылы адам жаяуға бірінші сәлем беру дәстүрі де шариғатпен байланысты. Бұған қатысты Имам Бухар мен Муслимнің кітаптарында Алла елшісі (с.а.с)«Көліктегі адам жаяу адамға, жүріп келе жатқан адам отырғанға, аз адам көп адамдарға сәлем береді» - деген хадис бар. Яғни, қандайда бір дәстүрдің түбіне үңіліп қарасақ шариғатпен байланысты екенін көруге болады.

Қазіргі қоғамда өзекті болып жатқан жайттардың бірі келіннің сәлем салуы. Кейбір кісілердің айтуына қарағанда, «иіліп сәлем салу құлшылық қылғанмен бірдей немесе ширк амал» - дегендей сөздер айтады. Ал шариғат негізінде келіннің сәлем салуын ширк немесе табынып жатыр дегендей пікір айтпаған.  Иіліп сәлемдесуге ешбір көрнекті ислам ғалымы «ширк» деп үкім шығармаған. Пайғамбардың (с.а.с.) «Иіліп сәлем бермеңдер, олай істеу – Алла Тағалаға серік қосуға жатады, яки тозақта азапталасыңдар» - деген тәрізді иіліп сәлем беруді ескертіп келген сахихты былай қойғанда, әлсіз де болса ешбір хадисі жоқ.  Иіліп сәлем беруге байланысты әт-Тирмизидің хадис жинағында Әнас ибн Мәліктен риуаят етілген мынадай бір ғана хадис бар. «Бір кісі Пайғамбарымызға (с.а.с.): Бізден бір кісі өзінің бауырымен яки досымен ұшырасқанда оған (сәлем берген кезде) иіле ме? – деді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) «жоқ» - деді. Ал оны құшақтап, (бетінен) сүйеді ме? – деп тағы да сұрақ қойды. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «жоқ» - деді. Ал қолын алып амандаса ма?  - деді. Пайғамбарымыз: «ия» - деп жауап берді[1].

Бұл хадис «иіліп сәлем салудың» ширк екендігін яки харамдығын білдірмейді. Олай дейтініміз, біріншіден бұл хадис сахих емес. Екіншіден, хадисті дәлел ретінде қабылдағанның өзінде хадистегі «иіле ме?» деген сауалға Пайғамбарымыздың «жоқ» деген жауабын үзілді-кесілді қатаң тыйым ретінде емес, «қажет емес» деген мағынада да түсінуге болады. Үшіншіден, хадистегі «иілудің» нақты мөлшері көрсетілмеген. Бәлкім, хадисте айтылған «иілу» намаздағы ерлердің рукуғ деңгейіндегі иілу болуы да мүмкін. Сондықтан рукуғ деңгейіне жетаейтін иілудің үкіміне мүлдем өзгеше қарауға да болады. Қазіргі таңда адамдар бір-бірімен амандасқанда, бастарымен қоса кеуделерін сәл иетіндігі мәлім. Ал мұны ешкім ширкке яки, харамға есептемеуде. Ал жалпы иілу харам болғанда, бұл да харам болар еді. Сөз түйіні, құрмет ниетімен сәлем салу исламда харам яки Алла Тағалаға серік қосуға жатпайды. Бұл қазақтың әдет-ғұрпы, діни міндет те емес. Қазақ келіндерінің ешбірі табыну мақсатында сәлем салмайтыны баршаға мәлім. Ендеше, ғасырлардан бері ислам дінін жетік білген ғұламалардың көз алдында жалғасын тауып келе жатқан бұл әдет ширкке балап, елдің шырқын бұзу-әсте дұрыс емес[2].

Қорыта айтқанда, қазақ халқы сәлемдесуге ерекше мән берген. Себебі, сәлемдесу бауырмалдылық пен ынтымақтастыққа алып келген. Сәлемдесу бір-біріне бауырмалдылықты арттырып, араздасқандар бір-бірін көргенде сәлемдесу арқылы татуласып отқандығы анық. Дана халқымыз амандасу әдебінде шариғатпен байланыстырып белгілі бір дәстүрге айналдырғаны анық. Үлкенмен, жасы кішімен, келіннің сәлем салуы болсын барлығы дінмен байланысты екендігі анық. Қазіргі уақытта былай амандасу керек немесе амандасу әдебін үйретіп жүрген қаншама жастардың бары анық. Амандасу әдебін олай жастарға үйретудің қажеті жоқ. Біздің басты мақсатымыз ата-бабадан қалған амандасу әдебін болашақ жастарға жеткізу ғана. Осылай ғана амандасудың әдебі мен дәстүрді сақтап қалатынымыз анық.

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің теолог маманы                                                                   Н.Әмзеев  


[1] Сунанут Тирмизи, 2728-ші номерлі хадис, 5-том, 75-бет.

[2] Дін мен Діл, Қайрат Жолдыбайұлы. 2011 – 288 – бет. 183-186 –бет.

0 пікір