Кез-келген әңгіменің басы сәлемдесуден басталады. Барлық нәрсенің басы қалай басталатындығына байланысты сәлемдесу де маңызды орын алады. Ескі уақыттан бері ата-бабамыз айтып келе жатқан «Сәлем – сөздің анасы» және осы сәлемдесуге байланысты көптеген мақалдар бар. Сәлемдесу туралы Құранда: «Сендерге сәлем беріліп, игі ниет білдіргенде, сендер одан да артық ниет білдіріп, одан жақсы сәлем беріңдер немесе жоқ дегенде дәл солай сәлем қайтарыңдар. Алла барлық нәрсені жіпке тізіп есепке алуда һәм бәрінің тиісті қарымын қайтарады»[1] ̶ делінген. Бұл Құран аяттарына қатысты «Әдепшілік белгісі, Иіліп сәлем бергені. Жақындықтың белгісі, Кешіктірмей келгені»[2] ̶ деген мақалдарды ауыл ақсақалдары жиі-жиі айтып отырады.
Ал осы сәлем сөзінің мағынасына келетін болсақ, Сәлем сөзі – араб елінде тыныштық, бейбітшілік, сенімділік деген мағынаны білдіреді. Сәлемдесу – бұл ишара, жақындық ниет, ілтипат білдіріп, жылы шырай танытуы. Адамшылық әдеп амандасудан басталады. Сондықтанда салт-дәстүрімізде сәлемдесіп, амандасуға көп көңіл бөлген.
Сәлемдесудің түрлеріне келер болсақ әр елде әртүрлі. Алысқа бармай-ақ өзіміздің Қазақтанды мысалға алайық. Қазақстанның қазіргі жастар арасында сәлемдесудің көптеген түрі (бет сүйісіп, құшақтасып, жұдырықпен т.б.) кездесетінін көріп жүрміз. Амандасудың бұлайша көбейуінің себебі жастардың көпшілігінің Батыс елдеріне еліктеуінен болып жатқаны көпшілігімізге белгілі. Ал біздің салт-дәстүрімізде амандасудың олай болмаған. Біздің салт-дәстүрімізде амандасқанда екі қолдап қол алысып, дауысын шығарып тұрып «Ассалаумағалейкум» деп айтқан. «Ассалаумағалейкум» сөзі «Алланың сізге сәлемі болсын» деген мағынаны білдіреді. Бұлай амандасқан адамға «Уағалейкумассалам» деп жауап береді. Бұл сөздің мағынасына келер болсақ, «Сізге де Алланың сәлемі болсын» деген мағына береді. Қазақ жұрты амандасып, қал-жағдайын сұрағанда «ауызын ашса жүрегі көрінетіндей» - деп айтатын болған. Бұл біздің қонақжайлылығымыз бен салт-дәстүріміздің қандай болғандығын көрсетеді.
Негізінде біздің асыл дініміз Исламда амандасқан кезде: «Ассалаумағалейкум уа рахматуллаһ» ̶ деп айтқан, ал оған: «Уағалейкумассалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ» ̶ деп жауап қайтарған. Ал сәлем сөзінің өзі Алланың 99 есімдерінің бірі: «Әс-Сәләм» ̶ бұл амандық беруші, есен сақтаушы деген мағынадағы сөздерге жақын. Құран Кәрімде бір рет кездесетін осы сөз Аллаға ғана қолданылады. Алланың сәлеммен сипатталуы, Оның бұл сипатқа барлық нәрседен де лайық болғандығынан. Сол себепті де Алланың құлдары арасында сәлемді жаю – Исламның ең ізгі амалдардың бірі.[3] Осы себепті де біздің елімізде жас буынға сәлемдесуді сабақ ретінде үйретіп отырған.
Сәлемдесу туралы Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің хадистерінде: «Сәлем Алланың жердегі есімдерінің бірі», «Бір біріңмен сәлемдесіп жүріңдер, сонда сендерге сауап жазылады», «Сәлем берген адам Аллаға құлшылық етіп, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетін орындағанның белгісі», «Адамдардың сәлемі ̶ сәлем беруде сараңдық танытқаны», «Кім бірінші сәлем берсе, Алланың нұры жауады»[4] ̶ деп айтып кеткен. Біздің дініміздің қайнар көзі болып табылатын Құран мен хадистерінде осыншама мәлімет берілгендігінен қаншалықты маңызды екендігін түсінуге болады.
Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Амалдардың қайсысы игі?» ̶ деп сұраған адамға «Тамақ беру және танып, танымағанға сәлем беру», Сәлемдесуге жетелейтін хадистердің бірі – мынау: «Сендер иман етпейінше, жаннатқа кірмейсіңдер, бір-біріңді сүймейінше, шын мағынада иман еткен бола алмайсыңдар. Істеген жағдайда бір-бірлеріңді сүйе алатын (бір-бірлеріңе деген сүйіспеншілікті арттыратын) амал айтайын ба? Араларыңда сәлемді жайыңдар» ̶ деген. Екі мұсылман жүздескенде, сөзге бастамастан бұрын сәлемдесуі тиіс. Расулалла (с.а.с.): «Сәлем, сөйлеспестен бұрын жасалады» ̶ деген. Бір адам көпшіліктен ажырап бара жатқан адам да, артта қалғандарға сәлем береді. Алланың Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Біреуің бір мәжіліске кіргенде сәлем берсін, отырған мәжілісінен кеткісі келгенде де сәлем берсін. Бұрын берген сәлемі кейін берген сәлемінен үстем емес»[5] ̶ деген екен.
Бұлардан бөлек салт-дәстүрімізде ер мен ердің, ер мен әйелдің, адамдардың көпшілікпен қалай амандасатындығы да бар. Ер мен ер амандасқанда төс қағыстырып, қал-жағдайын сұрасқан. Ал ер мен әйел қол алыспаған, тек қана «Сәлем бердік, Сәлеметсіз бе» деп амандасумен тыйылған. Ал келіндердің қайын жұртынан үлкендерді көріп, сәлем салуына келетін болсақ, бұл үлкендерге деген құрметпен сыйластықтың нышаны болып табылады. Және де жалғыз адам көпшілік жиналған жерге барғанда әр қайсысымен қол алыспай оң қолды жүрек тұсқа қойып, барлығына бірдей сәлем берген. Ал осы кім бірінші сәлемдесу керек дегенге Пайғамбарымыз (с.а.с.) қалдырып кеткен хадистерінде жазылған сәлем беру әдептерінде: «аттылы ̶ жаяуға, жүріп келе жатқан ̶ отырғанға, азшылық ̶ көпшілікке, жасы кішісі ̶ жасы үлкенге, ер адам ̶ әйел адамға бірінші болып сәлем беруі керек»[6] ̶ деп айтып кеткен екен.
Осы сәлемдесу туралы ислам дінімізден басқа аталарымыздан да қазіргі күнге дейін жеткен мақалдарымыз да азшылық емес. Мысалы, «Сабағына қарай сәлемі», «Бір күн дәм татқанға, қырық күн сәлем», «Адамына қарай сәлемі», «Сәлемнің де сәті бар», «Сәлемдесе білу де өнер», «Сөздің басы сәлемнен басталады», «Сәлем беру кішіліктің белгісі»[7] ̶ деген мақалдар әлі күнге дейін халық арасында таралып жүр.
Қорыта келгенде, әркім кіммен, қай жерде, қандай жағдайда жолығып тұрғанынан жаңылмай, салт-дәстүрімізден айнымай, барынша сыпайы, әдепті сәлемдесіп үйренгені абзал. Сәлем беру ̶ өткінші міндет емес, өмірлік міндет. Ендеше одан жаңылуға да, жалығуға да қақымыз жоқ.
Сарман Мақсат
Дінтанушы маман
[1] Ниса сүресі 4/86 аят
[2] https://bilim-all.kz/tag/proverb?tag=Сәлем
[3] http://mazhab.kz/kk/maqalalar/qulshylyq/bile-juriniz-4137/
[4] https://bilim-all.kz/article/2951-Salemdesu-adebi
[5] https://kazislam.kz/amandasu-s-lemdesu-alaj-zhasalady-k/
[6] https://bilim-all.kz/article/2951-Salemdesu-adebi
[7] https://bilim-all.kz/tag/proverb?tag=Сәлем
Сәлем – сөздің анасы