Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы ретінде қасиетті Құран түсірілген ай. Рамазан айында ораза ұстау күллі әлемнің жаратушысы Алла Тағаланың адам баласына берген сансыз нығметі мен жақсылықтары үшін жасалатын шүкіршілігі.
Бес парыздың бірі болған оразаның пайдасы мол екені анық. Рамазан айында барлық мұсылманға ораза парыз болуының мәнісі – мұсылмандардың бойында ынтымақ сезімін тәрбиелеу, олардың ниет, талаптарын біріктіру, мансап және ұлтқа бөлінбестен бір уақытта бір құлшылықты орындауы. Бұл өз кезегінде мұсылмандар арасындағы өзара бірлік пен түсінушіліктің нығая түсуінің кепілі.
Оразаның мақсаты – адам баласын рухани тұрғыдан жетілдіру. Рухани тұрғыдан жетілдіру дегеніміз – адам баласының бойында кішіпейілділік, сабырлылық пен адалдық қасиеттерін тәрбиелеуі.
Мұсылман бар құлшылығын жаратушысының разылығы үшін орындап, жаны мен тәнін, бүкіл өмірі мен күнделікті тіршілігін реттейді. «Ораза – тозақ отынан қалқан», – деп Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) айтқандай, расында, адам ораза ұстау арқылы өзін кемшіліктерден тазартып, шынайы адал ниеті мен адамгершілік қасиеттерін де жандандыра түседі.
Оразаның мәнісі – сөз және ісінде жағымсыз және айыпты нәрселерден тыйылу. Ол – дене, әдеп және жан тазалығы. Мұндағы:
- Дене тазалығы – тәуліктің күндізгі мезгілінде тамақтанудан тыйылу;
- Әдеп тазалығы – дене мүшелерімен күнә істеуден сақтану;
- Жан тазалығы – жаман ой-ниеттен сақтану.
Өзіне осы үш мәселені қамтыған ораза шариғат талаптарына сай ұсталған ораза болып есептеледі.
Кейбір адамдардың пікірінше ораза денені әлсіретіп, еңбек өнімділігін төмендетеді. Ал шын мәнісінде, ораза жанның тазаруы мен рухтың кемелденуіне мүмкіндік туғызып, бойына рухани қуат дарытады.
Бүгінде ораза бар болғаны ескіліктің дәстүрі, ол қазіргі заманның талаптарына сәйкес келмейді, оған қоса ораза түрлі кеселдердің пайда болуына немесе олардың асқынуына алып келеді деген де пікір бар. Алайда, қазіргі күннің медицинасы бұл пікірдің орынсыз екенін дәлелдеуде.
Оразаның денсаулық, қоғам және тәрбие салалары үшін тигізер пайдасы мол. Себебі, ораза әр жылдағы қателіктерді жөндеп, әлеуметтік дерттердің бетін қайтару мақсатында жекелік және қоғамдық деңгейде ойлану, қайта сараптау, қорытындылау мен өзара сынға жол ашады. Дұрыс және қолайлы түрде дамуына қолайлы жағдай туғызады.
Ораза – тек рухани тәрбие емес, оның адам ағзасына да тигізер пайдасы көп. Отыз күн оразада адам бойындағы жіңішке қан тамырлары (каппилярлары) жыл бойы жиналған шлактардан (қалдықтардан) тазарады. Бұл қан айналымның қалпына келуіне ықпал етеді. Осының арқасында ми мен орталық нерв жүйесі қажетті мөлшерде кислородпен қамтамасыз етіледі. Нәтижеде адамның ойлау қабілеті арта түседі. Мысал ретінде бүкіл әлемге әйгілі боксші Мухаммад Алидің ораза ұстау арқылы орталық нерв жүйесінің бұзылуы науқасынан айығып кетуін келтірсе болады.
Қазіргі ақыл мен сананың дамыған кезеңінде адам бойындағы қуаттың 40-50% орта мөлшерде қабылданған асты қорыту үшін жұмсалатыны анықталған. Ал орта мөлшерден артық қабылданған асты қорыту үшін адам бойындағы қуаттың 60-70% жұмсалады.
Адам көп жағдайда «тойып жеу» тән құмарлығына еріп кетеді. Жыл сайын ұсталатын ораза осы тәрізді тән құмарлығына қарсы бірден-бір қалқан.
Ораза уақытындағы тәртіп пен қаталдық адам баласын өмір қиындықтарымен беттестіріп, оның бойында тән және жан талаптарын қадағалау қасиетін тәрбиелейді. Демек, адам баласы ораза арқылы өзін рухани тұрғыдан тәрбиелеп, адамгершілік негізде жетілдіре түседі.
Қоғам тұрақтылығы ораза уақытында нығая түседі. Себебі, Рамазан айында бүкіл мұсылмандар ауыз бекітеді, әрі олардың арасы бай мен кедей, басшы мен қызметші болып бөлінбейді. Сондықтан да қасиетті Рамазан айы – теңдік пен бірлік, рухани жаңару айы. Адамдар арасында сүйіспеншілік пен бауырластық, мейірімділік пен тұтастық сезімдерін пайда болатын уақыт.
Келіп жеткен берекесі мол Рамазан айы баршаңызға құтты болсын! Ұстаған оразалырыңыз, құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл, мұраттарыңыз асыл болсын!
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы Г.Бекжан
Рухани жаңару айы – Рамазан